Қызметті халықтың сенімі үшін атқарамыз

6

23 маусымда Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік қызметшілері кәсіби мерекелерін атап өтеді. Мемлекеттік қызметшілердің әрқайсысының адал және тиімді жұмысы мемлекетіміздің қалыптасуына және дамуына әсер етеді. Мемлекеттік қызметші өз еліндегі тікелей міндеттерін орындаудан басқа, отбасында, қоршаған ортаға, адамдармен ортақ тіл табысуға және жан-жағына үлгі болуға тиіс. Осы орайда біз облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жас мамандарының ой-пікірлерін тыңдап көрген едік.

Ғазиз Ташметов, жолаушылар көлігі және әкімшілік бөлімінің бас маманы:

– Мен мемлекеттік қызметте 4 жылға жуық еңбек етіп келемін. Алғаш 2018 жылы жолаушылар көлігі бөлімінде бір жыл жетекші маман, кейін бүгінгі күнге дейін бас маман болып қызмет етудемін.
Мемлекеттік қызмет – ең әуелі үлкен жауапкершілік. Біліктілікті арттырумен қатар, үнемі шыңдалуды талап етеді. Адам жеке тұлға ретінде өзін-өзі тұрақты жетілдіріп, алға ұмтылып отыруы қажет. Бұл ретте, қай салада еңбек етсек те, кейін соңымызда өзіміз ұялмайтындай, үлгі боларлық іс қалдырғанымыз жөн. Қазақта жиі айтылатын «наныңды адал тауып жеу» қағидасы осыған саяды.
Мен мемлекеттік қызметке келмей тұрып, мемлекеттік органдардың қызметін жиі сынайтынмын. Конструктивті сын бар жерде ілгерілеу, даму бар екенін жоққа шығармаймын. Бірақ өзім мемлекеттік қызметке келіп, өзім сынап жүрген салаларда теориялық емес, практикалық мәселемен айналысу біраз мәселеге жаңаша қырынан қарау мүмкіндігін сыйлады. Пайдалы ойды, саналы сынды лайықты іспен ұштай білу – іскерліктің бір сипаты.
Мемлекеттік қызметте жүріп өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, білімді және еңбекқор азаматтармен көп таныстым. «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деп Әлихан Бөкейхан айтқандай, ел мүддесінің үдесінен шығуды алдымызға миссия ретінде қоя алсақ, әркім өзі қызмет етіп жүрген салада үздік, білікті маман болса, елдің де келешегі кемел болмақ.
Мемлекеттік қызмет баға жетпес тәжірибеден бөлек, өзімнің көптеген жеке қасиеттерімді дамытуға, ал ең бастысы, мені күнделікті жақсылыққа ұмтылдыратын әріптестер арасында достар мен тәлімгерлер табуға көмектесті.

Олжас Орынбеков, автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

– Мамандық таңдау – әрбір адамның өміріндегі маңызды шешімдердің бірі екені сөзсіз. Өйткені бұл таңдау өмір бойы қандай іспен айналысатыныңызды айқындап, болашағыңызға бағдар береді. Әрине, мамандық таңдауда әр адам өзінің қызығушылығына, қабілетіне, бейімділігіне, қалауына сүйену керек.
Менің бала күнімдегі арманым – мемлекеттік қызметші болу еді. Мемлекеттік қызмет – бұл барлық мемлекеттік басқаруды ұйымдастырудағы жетекші рөлді атқаратын мемлекет жүйесінің ең маңызды тетіктерінің бірі. Кез келген қоғам мемлекеттік басқарусыз, яғни мемлекеттік қызметшілерсіз әрекет етуі мүмкін емес. Билікке деген сенім қазіргі қоғамның талаптарына сай мемлекеттік қызметшіден басталады.
Өз елімнің гүлдену жолында қызмет ету, мен үшін үлкен мақтаныш және абырой деп білемін. Мемлекеттік қызмет қашанда мінсіз болуы тиіс. Себебі елдің ертеңі бізге байланысты. Бір сөзбен айтқанда, билік пен қарапайым халық арасын жалғайтын алтын көпірге айналуы тиісті. Бүгінде мемлекеттік саладағы мамандардың білім-біліктілігінен бұрын, адамгершілік асыл қасиет пен ананың сүтімен келетін тәлім-тәрбиені де талап ететіндігі анық. Менің ойымша, мемлекеттік қызметші тек білімді ғана емес, жоғары моральдық жауапкершілік пен өз ісіне деген әділдік, адалдық, адамгершілік қасиеттері қағидаларын қатаң ұстанғанда ғана елдің ертеңі нұрлы болады.
Мемлекеттік қызмет деген менің түсінігімде – Отанға қызмет ету. Жас әкімшілік мемлекеттік қызметкер бола отырып, елімнің дамуына өзімнің тамшыдай болсын септігімнің тиіп жүргеніне қуанамын. Қуанышым өзге адамдарды түсіну, жұмысқа деген махаббат, мол жауапкершілікті сезіне отырып жұмыс істеу сынды қарапайым қағидаларға сүйенген. Аталмыш қағидалардың барлығын өз қызметімнен тауып та жүрген жанмын.
Өзімнің және әріптестерімнің мемлекетіміздің өркендеуіне қызмет етіп жүргендігі қуантады. Мемлекеттік қызметші болғаным үшін мақтанамын. Бұл – менің таңдауым, бұл – менің жолым!

Comments are closed.