Саясат

БІЗДІҢ КҮШІМІЗ – БІРЛІКТЕ

БІЗДІҢ КҮШІМІЗ – БІРЛІКТЕ

«Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мега-жобасы Сарысу ауданында жалғасты. Мега-жоба аясында Ә.Бүркітбайұлы ауылындағы М.Әуезов атындағы орта мектебінде өткен жиынды Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының басшысы Лариса Лысова ашып, сөз сөйледі.

– Елбасының сарабдал саясатының арқасында дүниеге келген ассамблеяның негізгі міндеті – ұлт пен ұлыс арасындағы бірлікті қамтамасыз ету. Бұрын осы ауылда тың игеру жылдары отыз жеті ұлттың өкілі өмір сүріпті. Ал қазір бес ұлттың өкілі бір үйдің баласындай ғұмыр кешуде. Осы ауылдан бес шақырым жердегі Арыстанды ауылында күрді ұлтының өкілдері тұрады. Ол ауылда да мәдени іс-шара өткізілуде. Бұл – татулықтың көрінісі. Отызыншы жылдардағы қолдан ұйымдастырылған ашаршылықтан жергілікті тұрғындар аз зардап шеккен жоқ. Сөйте тұра қырқыншы, елуінші жылдары жер аударылғандар мен еріксіз күштеп көшірілгендерді туған бауырларындай қарсы алып, көмектерін аямады. Қазақ халқының төзімділігі, қонақжайлылығы талай ұлт пен ұлыс өкілдерінің Қазақстанды туған Отанындай жақсы көруіне сеп болғанын жасырмаймыз, – деді Л. Лысова. Жиында сондай-ақ, шешен-ингуш бірлестігінің өкілі Рамзан Магомедов сөз алып, осыдан 70 жыл бұрын күштеп көшіріліп келген қандастарының қазақ халқына деген сый-құрметін ерекше атап көрсетті. Облыстағы дүнген бірлестігінің вице-президенті И. Юсуповтың өзі де, отбасы да мемлекеттік тілде сөйлейді екен. Қазақ халқының салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын жақсы білемін, – деді ол ризашылығын жасырмай. «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мега-жобасының басты мақсаты – облысты мекендеп жатқан 80-нен астам ұлт өкілдері арасында бірліктің сақталуына мұрындық болу, мәдени байланысты нығайту. Соның айқын айғағындай ассамблея басшылығының ұйытқы болуымен әр түрлі ұлттың өкілдерінің өнер ұжымдары концерттік бағдарламаларын ұсынды. Жиын соңында шешен, ингуш, корей ұлты өкілдерінен құрылған ансамбльдер тек өз тілдерінде ғана емес, қазақ тілінде ән шырқап, оған жұртшылық бірге қосылды. Бағдарлама барысында ауыл жастарының қатысуымен түрлі ойындар мен спорттық сайыстар өткізілді. Хатшылық басшысы Л. Лысова ассамблея атынан көпбалалы отбасыларға сыйлықтар үлестірді. Арыстанды ауылындағы шара да жоғары деңгейде өтті. Негізінен күрді бауырлар тұратын ауылдағы мектепте оқу мемлекеттік тілде жүргізіледі екен. Бағдарлама аясында мектепке оқу құрал-жабдықтары табыс етілді. Ауылдағы орта мектепте жастар арасында түрлі ұлттық ойындар ұйымдастырылып, қазақ және ұйғыр ұлтының өкілдерінен құрылған өнер ұжымдары концерт қойды.

Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».

Сарысу ауданы.