- Advertisement -

Қарашаңырақ

68

- Advertisement -

Қасиетті де қастерлі қарашаңырақ! Оңашада бұл сөздің біз үшін нендей қасиеті бар, не себепті қастерлі ұғым саналады деген ой келеді. Әсілі біз қазақтың қара домалақ баласына бұл сөздің құны жоғары екенін жақсы білеміз. Сөйтсек, қарашаңырақ ұғымы халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан салт-дәстүрінің, әдет-ғұрпы мен тәлім-тәриенің бесігі, яғни бастауы болған екен.

Айтулы мерекелерден бөлек, алыстан ат терлетіп ағайын келсе, ең әуелі қарашаңыраққа бас сұғып, үлкендердің батасын алып, саулық сұрасқан. Күні бүгінге дейін қазақ отбасыларда үлкендер бөлек шығарда қарашаңырақтан еншісін алып аттанса, кішілер сол үлкен үйге тірек болып қалып отырады. Ата-бабаларымыздың қарашаңырақты кие тұтуының себебі де осыдан шықса керек. Қазір ел арасында жүріп аңдасам, осы біз қазақтың қарашаңырағы деген ұғымды ұмыт қалдырған жоқпыз ба деген ой қылаң береді. Бір сәт ойланып көрейікші, балаларымыз бен немерелеріміз демалыста туған жердің топырағында аунап-қунап қайтса, мұның өзі біз үшін бір ғанибет емес пе? Оларға «Міне, сендердің түп тамырларың осы жерде», – деп ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан кісілік пен кішіліктің, пайым-парасаттың ошағы осы қарашаңырақ деп нұсқап жіберсек, тіні тартылып бара жатқан тәрбиенің көші оңалып кетер ме еді, кім білсін?! Бүгінде ержеткен балаларымыз бен немерелеріміз ата жұрты – қарашаңырағы туралы білер ме екен? Әй, қайдам! Ал сұраса ше?! Мұндайда адамның алпыс екі тамыры арқылы жүрегіне жол табатын туған елге, әке-шешесі өсіп-өнген қарашаңырағына деген бір сезімнің оянатынына шүбә жоқ.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары тозыңқыраған ауыл әлі баяғыша бұйығып жатқандай. Өз ауылың, өз үйің, ата-қонысың бәрібір де ыстық көрінеді. Жол түсіп ауылға бара қалсаң кез келген көз көргеннің құшақ жайып қарсы алары сөзсіз. Сол үшін де қарашаңырақты құлатпай, қара құлып салып қаңыратпаған дұрыс екен-ау. Өзім өскен қарашаңырақта әжем Ақжарқынның, әке-шешем Сәбденбек пен Айымкүл және Ұлбосынның қолдарының табы, табандарының ізі қалды. Бауырлар, ағайын-туыстан бөлек көрші-қолаңмен аралас-құралас өткен күндер біз үшін ыстық әрі қымбат. Бүгінде әке-шешемізден қалған қарашаңырақтың түтінін түзу шығарып бауырым Жексенбек, баламыз Нұрбек пен келініміз Таңшолпан отыр. Аңсарың ауып ауылға барғанда біртуған бауырларыңмен шүйіркелесіп өткен-кеткенді әңгімелеп отырғанға не жетсін? Қандай ғанибет сәт десеңші. Жолым түсіп ауылға барғанда ауылдың байырғы қалпы ойға орала беретіні тектен тек емес-ау. Қарашаңырақ осынысымен де қасиетті де қастерлі!

Досымбек Сәбденбекұлы,
еңбек ардагері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support