Бауыржан ақынның ауылында...
Бауыржан ақынның ауылында...
Жуалыға жол түссе, мүмкіндігінше Бауыржан ақынның ауылына соғып кетуді жөн санаймын. Бүгінде ақын атындағы көшеге асфальт төселуде. Жол жөндеп жатқан мердігер мекеме жұмысшылары таң атқаннан, күн батқанға дейін тынымсыз еңбек етуде. Жұмыстың 85 пайызы аяқталыпты. – Биылғы 20 мамырдан бастап облыстық мәндегі Б.Момышұлы-Қызтоған ауылы аралығындағы жолдың Қошқарата ауылы аркасынан Қызтоған ауылының шығаберісіне дейінгі 60-66 километр аралығына күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Республикалық бюджеттен 92, облыстық бюджеттен 74,024 миллион, барлығы 166, 024 миллион теңге бөлінген жұмысты «Тараз-Көлік-Жолы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жолшылары атқаруда. Жұмысқа жұмылдырылып жатқан техникасы жетеді. Алты километр жолдың 0,6-1 километр бөлігі мен екі көпірдің маңы ғана қалды. Қошқарата ауылындағы облыстық мәндегі жол теңгеріміндегі Б.Үсенов көшесінің 1,3 километрі жөнделіп, асфальт төселеді. Сонымен қатар биыл ақын атындағы көшенің ауылдық округке қарасты бөлігін де жөндеу жоспарланып, жұмысқа аудандық бюджеттен қаржы қарастырылып, мердігер мекеме анықталу үстінде. Сәтін салса, ақын атындағы көше толық жөнделеді. Осы көшеге жыл сайын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп келді. Бұл өңірге жауын-шашынның мол түсетіндігінен жол бойындағы бітелген шұңқырлар қайта ойылып, көлік қозғалысына қиындық туғызатын. Енді, міне, жол реттеліп, асфальт төселіп жатқанына ауылдықтар қуануда, – дейді Қошқарата ауылдық округінің әкімі Жәнібек Мырзалиев. Ауылда жөнделіп жатқан жол ғана емес, газ желісі де тартылып жатыр. Қысы қатал өңірдегі үш ауылдың тұрғындары көгілдір отынның рахатын көретін күн алыс емес. Қошқарата және Ақтасты ауылдарына тартылып жатқан газ желісін «РемСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысшылары атқаруда. Бұл жұмысқа облыстық қазынадан Қошқарата ауылына биылға 50, келер жылға 60 миллион теңге, Ақтасты ауылына 19,885 миллион теңге қарастырылыпты. Қызтоғандағы ауылішілік газ тарту жұмыстарын мердігер мекеме-«SAT-konfrahn» жауапкершілігі серіктестігінің жұмысшылары атқаруда. Облыстық бюджеттен 28,881 миллион теңге қаралып, ауылдағы газ желісі өтетін жер толық қазылып, үйлерге газ тарту жұмыстары басталған. Ал Ақтастыда 50, Қошқаратада енді қолға алынып жатыр екен, дегенмен 10 пайыз жер қазылған. Туған өңірі Жуалысына, кіндік қаны тамып, жастық шағы өткен Қошқаратасына талай жыр арнаған қайран Бауыржан арамызда аман-сау жүргенде туған ауылындағы қолға алынып жатқан мынадай ауқымды тірлікті өлең тілімен «сөйлетер» еді-ау. Ақын жерлестерінің атымен орталық көшені атап, оны жыл сайын шама-шарықтарынша реттеп, жөндеп келген қошқараталықтар енді қазына қаржысынан бөлінген қомақты қаржыға атқарылған тақтайдай тегіс асфальтта көлікпен ары-бері зулайды.
Амангелді ӘБІЛ,
Жуалы ауданы.