- Advertisement -

Кененнің Қызылтаудағы ғасыртойы

230

- Advertisement -

Немесе қазақ телевизиясы арқылы танылған «Ойжайлау» ансамбліне 40 жыл

Ғұмыр құбылысы, замана тынысы мен табиғат тылсымын жүрегімен сезіну әр адам үшін әрқалай. Оны өнер адамының сезінуі тіпті бөлек. Олар үшін қамыс пен қурай сабағының желге тербетілген құлаққа жағымды ызыңы, шеңгелдің қураған қауашағының қоңыраулы үні де сызылған әсем әуен болып естіледі. Өнер қайраткері, новатор-педагог, Әуесбай ағамызға бұл әсем әуен жетіп артылатындай тумысынан дарыған.

Әуенге әуес Әукең

Әуесбай ағамызбен мәдениет саласының ғұмырдариясын қатар кешіп, заманның ортақ көшінде еңбегіміз жанды. Әрі бір өңірдің түлегі ретінде сарқып ішкен өнер суатымыз да ортақ. Әуес ағамыз Өскеменде өнер меңгеріп, сондағы пединституттың музыкалық факультетін түгесіпті. Ізінен ерген біз 1975 жылы Жамбылдағы мәдени-ағарту училищесін бітірдік. Біз еңбекке ертеден араласқан, маңдай тері сіңбей, меселі қайтпайтын соғыстан кейін туған еті тірі, жаны сірі буынбыз. Көп жетістігіміз – маңдайды тасқа тигізген талай ұмтылыс пен үміт үздірмей алға жетелеген шексіз құлшыныстың жемісі.

Қызмет бабымыздың алғашқы жылдарында мен Луговой аудандық автоклуб меңгерушісі, мәдениет үйінің директоры боп еңбектендім. 80 жылдары Луговойдың мәдениет бөлімінің басшысы Рысхан Орекеев болды. Әуес ағамыз 1982 жылы жаңадан құрылған Красногор ауданының мәдениет бөліміне басшылыққа келді. Екі ауданның сала тізгінін ұстаған ағалар үзеңгілес жолдас-жора ретінде жақын араласты. Біз де ізгі ниеттегі тілектес әріптес інісі ретінде дәмдес-тұздас боп, өнердің ізгі әңгімесін өрбітетін ек. Ауданның сала басшылығына келгенде Әуесбай Бақбергенұлы орда бұзар отызындағы жас жігіт еді. Соған қарамастан ол өзін іскер басшы, шебер ұйымдастырушы, кәсіби деңгейі жоғары білікті маман ретінде таныта білді. Жаңадан ашылған ауданда әдетте кадр тапшылығы өз алдына, қызметкерлердің әлеуметтік мәселесі кесе көлденеңдеп шығатыны белгілі. Жалақының мардымсыздығы, баспананың түйткілі, кадр біліктілігінің төмендігі – Әуес ағамыздың қызметке келе сала білек сыбана шешуге кіріскен мәселесі осы болды. Қажымас қайраты мен талапшыл жігерінің және ең алдымен сол кездегі аудан басшылары Әлмұхан Исақов пен Саттар Жанәбіловтей қайраткер азаматтардың қолдауының арқасында көптеген күрмеудің түйіні шешіліп сала берді.
«Ұстазсыз шәкірт тұл» дегенді жиі айтамыз. Азаматтың тұлға боп қалыптасып, қоғамда мерейі тасып, мәртебесінің биіктеуінде ұлағатты ұстаздың орны ерен. Шәкіртке ұстаз атану үшін қалайда дәріс тыңдап, сабағына қатысу да шарт емес. Ағалық ақылына қандырып, кәсіби бағдар беріп, жөн сілтеген азамат та ұстаз атануға құқылы. Еңбекпен кешкен өмір өткелінде біз ендеше Садыхан Әубәкіровтей өнер иесінің тәліміне көп жарыдық. Түрлі өнер ұжымындағы бай тәжірибені Әукең кезінде Садыхан аға мен Жақсылық аға Сәтібеков құрған «Алатау» ән-би ансамблінде молынан алды. Аты аңызға айналған «Алатау» құрамында баян тартқан ол кейін келе бірнеше өнер ұжымын өзі де құрып, даңқы аспандауына атсалысты. Соның бірі – Кенен Әзірбаевтың 100 жылдық торқалы тойына орай құрылған, 1984 жылы қазақ телевизиясы арқылы атағы республикаға аспандаған «Ойжайлау» фольклорлық жастар ансамблі еді.

Қызылтау деп атадық есіміңді…

Бұрынғы Красногор ауданы Кенен Әзірбаев атамыздай әйгілі жыр сүлейі туып-өскен мекен. Халықтың арасында қай дарын да өз топырағына тартады деген ұғым бар. Шындығы сол, Кенекеңнің әнін тыңдаған адамның көз алдына әйгілі Сұлутөр биігінің көкорай шалғын көкмайса көркем келбеті, Отар даласын желіп өткен желмая самалы, Қордайдың бұйрат жоталарының адуын аптабынан кейін ақнұр саумалап қоя беретін айлы түні, Ұзынсу, Кіндіктастың асау ағыстары елестеп қоя береді. Красногор алғаш рет өз алдына отау құрып, аудан боп құрылған 1935 жылы Кенекең:
Аудан боп құрылдың колхозды елім,
Орталығың Сұлутөр асқар белім.
Қызылтау деп атадық есіміңді,
Құт болғайсың мекені туған елдің, – деп әнімен шашу шашқан екен. Мақаламыздың тақырыбындағы Қызылтау атауын Кенен атамыздың жырына сәйкес қойғанымыздың мәнісі осы. Әттеген-айы сол, Кеңес заманында жаппай жүрген оңтайландыру шарасы салдарынан Красногор ауданы жабылып қалып, 1974 жылы қайта ашылады. Бір ашылып, бір жабылған ауданның қуанышына орай Кенен ақын лебізді тілегін келесі жолы өлеңмен былайша өрнектеген екен:
Балалар өз төбесін тауым десін,
Тауына ырыс келсін, жауын келсін.
Ойыңда егін өсіп, қырда малың,
Красногор даңқың қайта дәуірлесін.

Ел мерейін асырған ғасыртой

Кенекең «Даңқы қайта дәуірлесін» деп жырлаған ауданда 1984 жылы атамыздың 100 жылдық торқалы тойы республика көлемінде дүркіреп өтті. Ауданның ғана емес, жалпы облыстың, тұтастай алғанда ел мерейін асырған дүбірлі тойды ұйымдастыруға аудан, облыс, республика басшылары да тегіс атсалысты. Солардың арасында елдік тойды қамдау ісіне араласу Красногордың мәдениетіне жауапты Әуесбай Бақбергенұлының да бағына бұйырған екен. Аудандық сала басшысы жан-жақтан – Алматыдан балетмейстер шақырып, облыс орталығы Жамбылдан мықты өнерпаздар тартып, Красногор мәдениетінің шырайы кірді. Мәдениет саласының басшысы Әукең Алматыда таныстары көп Мұхтар Рахманқұлов досын араға салып, тойдың сахналық көрінісінің сценарийін әзірлеу үшін әйгілі «Тамашаның» режиссері Лұқпан Есеновті шақырды. Ауданда 100 жылдыққа орай атқарылған мәдени шаруаның бірпарасы туралы 1984 жылы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Әлмұхан Исақов облыстық «Еңбек туы» газетінің №184 санында жазған екен:
«…1983 жылы музей (Кенен Әзірбаев атындағы әдеби-мемориалдық музей) қайта жөнделді. Этнографиялық экспонаттардың және Кенекеңнің өмірі мен творчествосына байланысты басқа да ұйымдардың көптігіне орай колхоздың күшімен музей жанынан кино мен көрме залы бар үй салынады. Сол жылы облыстық партия комитеті мен облыстық атқару комитеті Кенен Әзірбаевтың туғанына 100 жыл толуына байланысты қаулы қабылдаған еді. Міне, сол уақыттан бастап осы бағытта сан салалы қызу жұмыстар жүзеге асты. Ақын, композитор әрі орындаушының творчествосын насихаттауға зор көңіл бөлінді. Аудандық мәдениет үйінің жанындағы «Ойжайлау» фольклорлық жастар ансамблі репертуарының бір бөлігі түгелдей Кенен туындыларынан тұрады, олар көптеген колхоз-совхоздарға сапар шекті. Сондай-ақ республикалық теледидардан өнер көрсетті. Мұнымен бірге ауданымызда Кенен әндерін орындаушылар конкурсын ұйымдастыру өнегелі дәстүрге айналды.

…Кенекеңнің туғанына 100 жыл толуы құрметі қарсаңында аудан еңбекшілерінің серпілісі ерекше болды. Кенен селосын көріктендіруде де көп жұмыстар атқарылды. Музей паркінің айналасында автотранспорт тұратын бірнеше алаңдар салынды, орталық көшелерге асфальт төселді, олардың бойына ағаш қоршаулар тұрғызылып, су құбырлары қалпына келтірілді, селоның электр жүйесі қайта жөнделді, барлық көшелерге түгелдей жарық орнатылды. Осыдан он жыл бұрын салынған мәдениет үйі бастан-аяқ күрделі жөндеуден өткізіліп, көрнекі құралдар жаңартылды.
К.Әзірбаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған ұлан асыр той ауылдан 4 шақырым жердегі тау бөктерінде өткізіледі. Міне, осы жерге дейінгі тас жол салынды, тойдың барлық шарасы өтетін бұл орынға бір мың адамға арналған орындық, электр жарығы, уақытша қоғамдық тамақтандыру жүйелері орнатылып, радиоторабымен қамтамасыз етілді. Бұл аталған жұмыстардың барлығы айтар ауызға ғана оңай».

«Ойжайлау, шөбің шүйгін, суың дәрі…»

«Ойжайлау» Кенекеңнің сонау 1914 жылы шығарған әйгілі әні екені мәлім. Әннің шығу тарихы туралы Кенен атамыздың қызы Төрткен апайдың берген мәліметі бар: «Қордай сілемінде Ойжайлау, Жайсаң, Қызылқайнар деген жайлаулар бар. Сол жайлауда Кенен атаның қызыққа толы жастық шағы өткен. Қыз-келіншекпен айтысқан шақтары екен. «Ойжайлау» әні елге, жерге деген махаббаттан туған («Сексен жыл әуелете ән салған Кенен атамның әр туындысының өзіндік тарихы бар – қызы Төрткен», ҚазАқпарат, 21.10.2015). Кенен атамыздың 1884 жылы туғанын ескерсек, «Ойжайлау» әнін сазгер тұп-тура орда бұзар отызында шығарғанын аңдаймыз. Ансамбльдің атауы да халықтың ықыласына бөленген осы әннің құрметіне қойылғанын аңғару қиын емес. Әуесбай ағамыздың ансамбльдің аты «Ойжайлау» қойылуына байланысты өз айтары бар: «Ойжайлау» әні бойда жігер тасып, шаттық кернеген жастық шақтың әнұраны іспеттес. Әннің сөзіне үңілген жан соны байқайды:
Ақ шәйнек, сары самаурын тұрса қайнап,
Отырса қыз, бозбала күліп-ойнап,
Киінген қызғалдақтай қыз, келіншек,
Сапырса сары қымыз құлан ойнақ –
Қуарған қара ағаштай қақиғанша,
Жас шақты өткізелік гүлдей жайнап,
Ойжайлау-ай.
Біздің «Ойжайлау» ансамблі де әннің сөзінде айтылғандай кілең шығармашыл ауыл жастарынан құралды. Ұлттық киімдері гүлдей жайнап, өздеріне сондай жарасымды еді. «Серуендеп, тамаша еткен жастық шақта» деген әннің сөзі ойға оралғанда ауыл-ауданға, Алматыға әнсапарға шыққан ансамбльдің жас ұжымы көз алдыма келетін. Осы қисынды ойлап, дереу аупарткомның үшінші хатшысы Саттар Жанәбіловке ансамбль атын «Ойжайлау» қояйық деп ұсыныс жасадым. Саттар аға бұл ойды бірінші хатшы Әлмұхан ағамызға айтып еді, ол кісі бірден құптады. Содан Кенен атамыздың жүзжылдығы қарсаңында құрылған ансамбліміздің атауы да тез-ақ табыла кетті», – дейді Әуесбай Бақбергенұлы.
Жамбыл атамыз «Ән мен жырдың кені екен» атаған абыздың 1984 жылғы ғасыртойының ауқымы аса кең болғанын аудан басшысы Әлмұқан Исақовтың «Еңбек туында» жарияланған мол деректен аңғару қиын емес. Қазақтың қайраткер азаматы Әлмұхан аға күндіз-түні шаршауды білмей, Красногордағы Кенен тойының өтуіне аса зор үлес қосты. Ауданда сол уақытта атқарылған мәдени-көпшілік шаруаның ауыр жүгін сала басшысы Әуесбай Бақбергенұлы да белі қайыспай көтерді. Әсіресе, ауыз толтырып айтар жұмыстың үлкені – мақалада айтылған «Ойжайлау» фольклорлық жастар ансамблінің құрылуы ауданның рухани өміріндегі айтулы оқиға болды.

«Ойжайлау» қазақ телевизиясында

1984 жылы республикалық «Лениншіл жас» газетінде (қазіргі «Жас Алаш» авт.) Красногор аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Әлмұхан Исақов өз мақаласында «Ойжайлау» ансамблі туралы былай жазған екен: «Екі жыл бұрын талапты, талантты жастарды жиып, фольклорлық ансамбль құрдық. Оның репертуарының дені Кенен әндерінен тұрады. Атын «Ойжайлау» қойдық. Ансамбль ауданымыздың барлық дерлік елді мекендерінде болып, концерт беріп тұрады. Қазақ телевизиясы арқылы оның өнерін республика жұртшылығы да тамашалап жүр» («Елінің желі жұпар, қоңыр салқын», «Лениншіл жас», 24 маусым 1984 ж.)

38 жыл бұрын Әлмұхан ағамыз мақалада жазған мәліметтерді өрбітіп айтар болсақ, 1982 жылдың 9 қарашасында Красногорға қызметке келе салып Әукең фольклорлық өнер ұжымын құру мақсатында облысымыздың әр қиырынан талантты жастарды тартуға бел шеше кірісті. Жамбыл қаласынан үзеңгілес досы, майталман музыкант, композитор Мұхтар Рахманқұловты Красногорға шақырды. Бүгінде Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері, елімізге танымал өнер иесі Мұхтар Рахманқұлов облыстық «Aq jol» газетінің 2021 жылдың 22 сәуіріндегі санында Красногорда өткен шығармашыл күндер туралы еске алады:

«1982 жылы сол кездегі Красногор ауданы мәдениет бөлімінің басшылығына кадр керек болды. Жаңадан құрылған ауданда маман тапшы кезі. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Әлмұқан Исақ ағамызға ел азаматы Саттар Жанәбілов бұл қызметке лайық деп орда бұзар шағындағы дүр жігіт Әуесбайды ұсынды. Саттар аға – аудандық партия комитетінің үшінші хатшысы. Партия қатарында жоқ, әрі педучилищеде қатардағы оқытушы болып жүрген азаматты бір ауданның мәдениет саласының басшысы етіп тағайындап жіберу – ол кезде ерлікпен пара-пар іс. Жас басшы ағалар сенімінің үдесінен шыға білді. 1984 жылы ауданда мәдениет саласын басқарып тұрғанда халық мақтанышы, ақын, әнші-сазгер Кенен Әзірбаевтың 100 жылдығы дүрілдеп-дүркіреп өтті. Мерейтойға орай Әуесбай досым «Ойжайлау» фольклорлық ансамблін құрып, өзі соның құрамында өнер көрсетіп, баян аспабында шырқады. Ұжым республикаға танымал болып, орталық Қазақ телевизиясында 45 минуттық концерттік бағдарламасын да берді. «Ойжайлау» ансамблін екеуміз бірігіп, Красногорда бір ай жатып, бірге дайындағанымызды қазір сағынышпен еске аламын. Республикамыздың мәдени өміріндегі айтулы іс-шараға арнайы келген сол кездегі мәдениет министрі Жексембек Еркімбеков, Өзбекәлі Жәнібеков, Ақселеу Сейдімбек, Әбіш Кекілбаев, Жәнібек Кәрменов сынды көрнекті руханият өкілдері жоғары бағасын беріп еді».

Әлмұхан, Мұхтар ағалардың мақаласында атап көрсетілгендей, «Ойжайлау» ансамблі қазақ телевизиясында жеке концерт берді. Айтпағымыз, аудандық өнер ұжымының республикалық жалғыз телевизияда жеке концерттік бағдарлама беруі ол кезде де аса сирек құбылыс еді, телеарнасы көп қазіргідей заманда да оңай шаруа емес. Сондықтан да теледидарға шыққан айшықты мезет сол кездегі Красногор ауданының ғана емес, тұтас Жамбыл облысының өнер саласы үшін де тарихи оқиға болды десек артық кетпейміз.
Мақалада айтылған алаштың елтұтқа азаматтары Ақселеу Сейдімбек пен Жәнібек Кәрменов Красногорға кеп, қазақ телевизиясы үшін ән-сұхбат хабарының бір санын Кенен әндеріне арнағаны да белгілі. «Жәнібек ән салады, Ақселеу тамсанады». Ақын Жарасқан Әбдіраштың айтқан достық әзілі қазақтың қос алыбы Ақселеу Сейдімбек пен Жәнібек Кәрменов екеуі қазақ теледидарында осы ән-сұхбатты жүргізіп, эфирге шыққан кезінде айтылғаны белгілі. Ұлттық музыканың, халықтың жыр қазынасын насихаттаған бұл хабар қазақ телевизиясының алтын қорына жазылған. Красногорда түсірілген ән-сұхбат бағдарламасы бүгінде «Қазақстан» телеарнасының бейнеқорында сақтаулы.

Ансамбльдің алғашқы құрамында кімдер болды?

Әуес ағамыздың өз естелігіне сүйенсек, «Ойжайлау» ансамблінің алғашқы құрамында 15 адам болған екен. Аудан басшысы Әлмұхан Исақовтың тапсырмасы бойынша өнер ұжымының музыканттарын 1982 жылдың аяғынан бастап жинай бастадым. 1983 жылдан бастап, тұрақты жиналып, репетиция жасауды дағдыға айналдырдық. Ансамбльдің 90 пайыздайы Кенен ауылының талантты жастары болатын. Олардың арасында қазіргі танымал әнші, әйгілі «Музарт» тобының экс-солисі Мақсат Базарбаевтың әкесі Советбай Базарбаев домбырада ойнады. Дарынды өнерпаз, мәдениет саласының озаты Серікжан Әбітбеков ансамбль құрамында шаңқобызшы және домбырашы болды. Қазақтың жас талантты қыз-жігіті Кенен ауылындағы мәдениет үйінде жиналып, ансамбльдің репетициясын жасайтынбыз. Ол кезде аудан орталығы Отар болса да мәдениет үйі Кенен ауылында еді. Аудан орталығы Отар мен Кенен ауылының арасы 6-7 шақырымдай еді. Аудан орталығынан Кенен ауылына жиі қатынап, концертке дайындалатын кездер қазір өткен күннің тәтті елесіндей сағынышқа айналды», – деп еске алады Әукең. Бұл тұрғыда ансамбльдің алғашқы құрамы туралы Советбай аға Базарбаевтың да дерегі құнды:
«Әуесбай Бақбергенұлы басшымыз, әрі ансамбль құрамында баянда ойнады. Алғашқыда Кенен ауылында құрылсақ та аудан атынан шыққан ансамбль репертуары «Ата толғауы», «Ерке сылқым», «Балбырауын», «Қосалқа», «Айжан қыз», «Кеңес» күйлерімен толықты. Ұжымымызда әнші де, биші де болды. Көбіне Кенен әндерін сүйемелдедік. Баянда ойнайтын Сабырхан Рыспеков, Лаура есімді қобызшы келіншек, примашы Дүйсеғали Елубаев, домбырашылар Жұмабек Нұрахметов, Нұрқұл Малтабаров, Күләш Майлыбаева, әншіміз Сарқыт Әбдібаева, бишілердің көркемдік жетекшісі Ақмамық Қожықова, домбырашы Серікжан Әбітбеков және тағы басқа музыканттардың «Ойжайлаудың» даңқын шығаруда сіңірген еңбегі мол.

«Ойжайлау» ансамбліне
40 жыл

Өткеніңді білмей, бүгініңді танымай, болашағыңды болжай алмайсың. Өмірдің түрлі өткелінде халық руханияты мұрасының небір асылдары дәріптеліп жатқаны дәтке қуат. Красногордағы жүзжылдықтан кейін араға жылдар салып, жүз он, жүз жиырма, жүз отыз жылдығы да республика деңгейінде сән-салтанатымен аталып өтті. Алайда басқасы басқа, дәл осы жүз жылдық мерейтойдың тарихтағы орны айрықша. Өйткені бұл ғасыртой Кенен атамыздың өзі Қызылтау атаған туып-өскен өңірі Красногорда тұңғыш рет республика көлемінде өткен болатын. Жыр сүлейі «даңқың қайта дәуірлесін» деп жырлаған аудан 1988 жылы жабылып, Қордай ауданының құрамына енді. Кейінгі мерейтойлар осы Қордай ауданының құрамында да өтіп келгені белгілі.

Красногор жабылса да жоқ ауданның жұрнағындай болған «Ойжайлау» ансамблі әлі күнге Кенен атамыздың мәңгілік рухты жырлары сияқты халқымен бірге жасасып келеді. Ансамбльдің кейінгі даму, қалыптасу жылдарына Серікжан Әбітбеков, Күмісай Сәрсенбаева сияқты өнер майталмандарының сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Биыл Кенен атамыздың әндерін күллі елге насихаттаған әйгілі ансамбльге 40 жыл толады екен. Қамал алар қырықтағы ансамбль музыканттарының содан бері бірнеше буыны ауысты, өмір керуенінен ерте көшіп кеткендері де бар. «Ойжайлау» бүгінде өсіп-өнген, тамырын тереңге жайған өзіндік тарихы бар іргелі өнер ұжымына айналып, жақсы аты шартарапты шарлап жүр.

2019 жылы облыстық мәдениет басқармасының басшысы кезімде «Көне Тараз күмбірі» І облыстық фольклорлық ансамбльдер конкурсы өзімнің тікелей ұйымдастыруыммен өтіп еді. Сол жолы Жамбыл облысының барлық ауданының өнер ұжымдары өз репертуарларын көрерменге кеңінен таныстырып, қазылар алқасының талқысына салуға зор мүмкіндік алды. Жұлдызы жарқырап, жүлдеге іліккендер арасында Қордайдан келген «Ойжайлау» халықтық фольклорлық ансамблінің дипломант атанғаны есте. Бұдан 40 жыл бұрын Әлмұхан Исақов, Саттар Жанәбілевтей ел азаматтары бастама көтеріп, Әуесбай аға жиып-құраған ұжымның бүгінгі өнер өресіндегі шығар бел-асуы бұдан да биік болғай деп тілегенбіз сонда. Ансамбльдің бүгінгі көркемдік жетекшісі Ұлдан Шалабаева қарындасым Кенен атамыздың ғасыртойында қазақ телевизиясы арқылы ел ауқымында дүркіреген даңқты «Ойжайлауды» шығармашылықтың ұшпағына тағы шығарары шүбәсіз. Биыл жыл аяғында құрылғанына қырық жыл толатын өнер ұжымының мерейтойы аудан, облыс көлемінде елеусіз-ескерусіз қалмайды деп ойлаймын. Аудан басшысы Мәден Мұсаевтай елдің қайраткер азаматы бұл сауапты шаруаны да қаперге алатынына сенемін.

Дүйсенәлі БЫҚЫБАЕВ,
ҚР Мәдениет қайраткері,
«Құрмет» ордені иегері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support