Денсаулық

Шыр айналған қалақша

Шыр айналған қалақша

Малды сумен, малшыны жарықпен жарылқап отыр

14Үшарал ауылынан Ойық ауылына қарай таспадай тілінген қара жолмен жүріп келеміз. Алажаздай жауын тамбаған дала шаңға бөгіп талықсып жатыр. Бозаң тартқан боз қыраттың баурайын жағалай малшылар жайлап отыр. Көшек батыр ауылының тұсына келгенде анадайдан желмен айналып тұрған қондырғыны көзіміз шалды. Қазір жер-жерде жел мен күн сәулесінен электр қуатын өндіретін стансалар көптеп салынып жатыр ғой. «Е, осы жаңалық Таластың түкпіріне де жеткен екен ғой» деп ойладық. Содан «жүргенге жөргем ілінеді» деп әлгі шыр айналған қалақшаға бұрылдық.

Келсек, құрылғымыз зауыттың өніміне ұқсамайды. Кәдуілгі қара темірден айқыш-ұйқыш құрастырып орнатқан. Күн түс әлеті болатын. Малын суатқа құлатқан малшы да келіп жетті. Астауға лақ-лақ етіп құйылып жатқан мөп-мөлдір суық суға отар қой лап қойды. 

Енді малшыдан жөн сұрадық. Үшарал ауылының тұрғыны, шаруа қожалығының жетекшісі Нұрғали Жолдасбеков екен. – Айдалада отырамыз. 300-ден аса қой-ешкі, 30-ға жуық сиыр, бірнеше жылқым бар. Шөлі қанбаған мал қайтып оңалады. Содан ауылда темірден түйін түйетін Марат Әбдірайымов деген ағамызға ұсыныс білдіріп мына «жел құдықты» орнаттық. Мұның негізгі қаңқасы «Москвич» пен «Жигулидің» керексіз бөлшектерінен тұрады. Әуітке су толғанда «өшіре» қоямыз. Желді күндері қатты айналғандықтан кейде әуітті әп-сәтте-ақ толтырады. Мұның тағы бір рахаты қуаты 12 вольттық жарық береді. Қора-қопсыны, ең бастысы үйіме электр қуаты келіп қуанып отырмыз, – дейді шопан жігіт Нұрғали ағынан жарылып. Электр желісін тартуға мүмкіндік болмайтын алыс мал жайылымдары мен қыстауларда малшы қауымы үшін электр жарығы бір арман. Сондықтан темірден түйін түйетін Марат деген азаматтың «өнертапқыштығына» сүйсініп қалдық. Нұрғали да разы. Шіркін, осы бастама өзгелерге де жұғысты болып, малшы ауылы самаладай жарыққа қарық болып отырса, қане – деп ойладық жапандағы жалғыз үйдің маңынан аттанып бара жатып.

Әділбек Баққараұлы, «Ақ жол». Талас ауданы.