- Advertisement -

Қауіпсіздік шаралары күшейтілуде

31

- Advertisement -

Суға шомылу маусымы басталып кетті. Оқушылардың бәрі жазғы демалысқа шықты. Демалысты қызықты әрі есте қаларлықтай өткізу үшін олар міндетті түрде шомылуға барады. Алайда суға шомылу кезіндегі қарапайым қауіпсіздік ережелерін балалардың бірі білсе, бірі біле бермейді. Білсе де дұрыс сақтамайды. Балалар тұрмақ, үлкендердің өзі қауіпсіздік шараларына аса қатты мән бере бермейді. Соның салдарынан әртүрлі оқыс оқиғалар жиі кездесіп жатыр.

Жалпы облыс аумағында 3 өзен, 100-ден аса ірі су өткізгіш каналдар, 3 көл мен 5 ірі су қоймалары және 102 майда су айдындары бар. Биылғы шомылу маусымында 16 жаппай шомылу орындарына рұқсат берілді. Ал «Зербұлақ» жағажайы жөндеу жұмыстарына байланысты биыл да жұмыс істемейді.
Бүгінде облыс аумағында демалушылардың қауіпсіздігін қадағалау, жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша белсенді жұмыстар атқарылып жатыр. Барлық аудандар бойынша комиссия құрылды. Бірінші кезекте балалар лагерін қадағалаймыз. Онда су және өрт қауіпсіздіктеріне баса мән беріледі. Сондай-ақ демалыс орындары жіті бақылауда. Өйткені өткен жылы екі бірдей бала суға кетіп, қайтыс болған. Биыл да Талас ауданындағы «Жартас» су қоймасына батып кеткен 1 адамның денесі, Шу ауданы, Бірлік ауылы өзенінен шомылуға арналмаған жерде шомылу барысында суға батып кеткен тағы 1 адамның мәйіті табылды. Қайғылы жағдайға ересектердің балаларды қараусыз қалдыруы, өз күшін бағаламауы, жүзуді білмеуі, мас күйінде жабдықталмаған және тыйым салынған орындарда шомылуы себеп болып отыр.
Қазіргі кезде балалардың жазғы демалысына орай қауіпсіздік жұмыстары күшейді. Облыс әкімдігінің білім басқармасы мен бассейн иелері арасында 22 келісімшарт жасалып, 12 мыңнан астам бала шомылуды үйреніп жүр. Аймақтың шомылуға қауіпті орындарда судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында су айдындарының демалу және шомылуға қауіпті, жабдықталмаған учаскелерінде «Қауіпті аймақ», «Шомылуға тыйым салынған» және тағы да басқа тақырыпта 200-ден астам ескертпе белгілер және 45 ақпараттық стенділер орнатылды. Сондай-ақ су қоймасы мен өзен бойында соңғы 5 жыл аралығында суға бату қайғылы оқиғалары туралы қосымша ақпараттар ілінді. Бұдан бөлек, маусым айынан бастап жергілікті атқарушы органдар, облыстық төтенше жағдай және полиция департаменті қызметкерлерімен бірлесе, көпшілік жаппай демалатын және шомылуға қауіпті, рұқсат етілмеген орындарда рейдтер мен түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Рейд барысында шомылуға тыйым салынған 86 орын айқындалды.

Руслан Шариев,
Жамбыл облысы ТЖД Азаматтық қорғаныс

басқармасының бастығы, подполковник.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support