- Advertisement -

Имандылық әркімнің жүрегінде

126

- Advertisement -

Халық арасында аңызға тең таңғажайып әңгімелер, естілмеген тың мәліметтер, қызықты хикаялар, әпсаналар аз емес. Ел аралап жүргенімде, келелі отырыстарда, басқосуларда мағыналы сөздерге, мәнді хикаяттарға құлақ түріп жүретін әдетім бар. Оларды қолым қалт еткенде қағазға түсіріп қоямын. Таяуда бір отырыста мынадай терең ойлы әңгімені естіген болатынмын. Сол бір көңілге тоқылып қалған хикая-аңызды өздеріңізбен бөліскенді жөн санадым.

…Ертеректе, топалаң соғыс жүріп жатқан жылдары екі жас келіншек күйеулерін әскерге шығарып салып тұрып, әлі де ыстық-суығы басыла қоймаған қимас жарларының ыстық құшағына тығылып: «Қанша уақыт болмасын, қанша жылдар өтпесін сендерді күтеміз. Ешкімге сендерді айырбастамаймыз!» деп ант береді. Екі-үш жылдан кейін «қүйеулеріңіз соғыста опат болды» деген «қара қағаз» келеді. Сөйтіп екі келіншек те жастай жесір қалады. «Тірі адам тіршілігін жасайды» дегендей, екеуі де жылап-сықтап, басқа салған тағдырға көніп, күнделікті тіршілігін жалғастыра береді. Уақыт бір орында тұрмайды. Аттап айлар, жылжып жылдар өтеді. Екі жесір бір күні кездесіп, сырларымен бөлісіп, біріне бірі мұңдарын шағады. Пысықтауы: «Қашанғы жүре береміз? Теңімізді тауып күйеуге шығайық, бала тауып, ана мейірімін сезінейік. Бақытымызды қолдан жіберіп алмайық, айым», – дейді. Сонда екіншісі: «Жоқ. Мен үйленуден мүлдем бас тартамын. Күйеуіме берген антыма берік болып, сөзімде тұрамын. Құран, намаз оқып, иман жолына түсемін», – деп замандасының ұсынысынан шошығандай болып, ат-тонын ала қашады. Содан бастап бес мезгіл намазын оқып, тиісті оразасын ұстап, таза имандылық жолына түседі.
Көп уақыт өтпей алғашқы келіншек күйеуге шығады, бала-шағалы болып, оларды өсіріп, жеткізіп жүріп зейнет жасына жетеді. Уақыт талабына сай ораза ұстап, намаз оқымақ болып шешім қабылдайды. Имандылық жағынан мол тәжірибесі бар құрбысына, замандас әйелге барып, намаз оқуды үйретуін өтінеді. Сонда әлгі құрбысы: «Кешір, мен сені намазға үйрете алмаймын. Сен өз сөзіңде, берген антыңа тұра алмайтын жансың. Намаз оқы, ораза ұста бәрібір сен жұмаққа енді еш бара алмайсың. Құдай сені кешірмейді. О дүниеде сенің орның тек тозақ», – деп шығарып салады.

Көп жылдар өте екеуі де о дүниелік болады. Жаратқан Иеміздің алдына барғанда алғашқы әйелді жұмаққа, ал өмір бойы имандылық жолымен жүрген әйелді тозаққа жібереді. «Неге бұлай?» дегенде Алла Тағала: «Мына бірінші әйелдің иманы әрдайым жүрегінде болды. Ешкімге қиянат, жамандық жасамай, жаны да, ары да, пейілі де таза болды. Қолдан келген көмегін ешкімнен аямады, жақсылық жасаудан тартынбады. Жар сүйіп, адамның ұрпағын жалғастырды, бала өсірді. Жасы келгенде имандылық жолына түспек болып құрбысына барып, намаз оқуды үйретуді өтінді. Бірақ құрбысы оған теріс қарап, білгенін үйретуден бас тартты. Оның онысы жөн болмады. Ол ұнамсыз мінез көрсетіп, теріс пиғыл танытты. Құрбысының бетін имандылықтан қақты, көңілін қалдырды, күнәға батты. Сөйтіп, ол кешірілмес кесірлік, қателік жасады», – депті.
Ой таразысынан өткізсек, шынында да әркімнің иманы, ары өз жүрегінде болуы керек. Ісі мен сөзінде алшақтық көп, уәдесінде тұрмайтын, сөзінде пәтуа жоқ адам қандай адам?
Теріс ниетпен жасалған, адамгершіліктен ауытқыған қылық-істер жүрекке ене алмайды. Жүрекке ене алмаған соң ол істер жүректен пендешілік қасиеттерді аластай алмайды. Сол себепті де өз жүрегінің иесі Алла Тағалаға жүгінбей-ақ пендешіліктерімен күресіп, өз нәпсісін тәрбиелемек болған жандар бар күш-жігері мен уақытын босқа сарып еткен болады.
Осынау рухани кірбің адамның жүрегіне кіріп, сіңісті болып кеткені соншалықты небір данышпандар мен дарындылар ақыл-ойларымен, ғажайып туындыларымен небір биіктерді шарлауға қабілетті бола тұра осынау пендешіліктердің кесірінен өмірлерін күрсінумен, өксумен, өкінішпен өткізген.

Бұл дүниедегі адам баласы аяғынан қазыққа байланған құс тәрізді. Оның да қара жер – қасіреті, оған қағылған қазығы – надандығы және көкке жібермей аяқтан тартқан пенделік қасиеттер деп аталатын тұзағы бар.

Marcandangel.com сайты жуырда өмірдің мәнін түсіндіретін мақала жариялады. Мақала бұдан кейін көптеген басылымдарға көшіріліп, қайта басылды. Көпшіліктің көкейінен шыққан жазбада автор өзінің 86-ға аяқ басқан атасы айтып берген өмірлік мәні бар ойды жазады. Мазмұны 40 жылдан кейін өкінбейтіндей іс жасау керек дегенге саяды. Әрине, бұл мақаланы біз де аударып беруді жөн көрдік. Ендеше ойыңызды бөліп, мұқият зер салыңыз:
«86 жастағы атам бүгін таңғы серуен кезінде әжемнің қабіріне гүл апарып қойды. Бұл оның 10 жылдан бері қалыптасып кеткен әдеті. Бүгін әжемді мен де көргім келіп атаммен бірге бардым. Оның басына гүлді қойған соң атам маған қарады да: «Әр таңда әжеңе гүлді өзі тірі болған кезде әкелгім келеді. Ол тірі болса қуанып қалар еді», – деді.
Оның бұл сөзі маған қатты әсер етті. Ойым көпті шарлады, әрбір нәрсені ойластыра келе 40 жылдан кейін жасым 80-ге келгенде бұлай өкінбеу үшін не істеуім керектігін ойландым. Осыдан соң өмірімнің әрбір сәті көз алдымда тұрды.
Үйге оралған соң ойыма келгеннің бәрін де жаза бастадым. Аяқтаған соң тізімді әйеліме оқып бердім. Ол басынан соңына дейін түгелдей оқып шықты да маған қарап былай деді: «Мұның бәріне де келіспеуге шарам жоқ. Меніңше, әркім де қартайғанда бұларды істемегеніне өкінбей қоймайды».
Мүмкін, сіз де мына нәрселерді істемегеніңізге өкінгіңіз келмейтін шығар:
Қажетті адамдарға өте аз уақыт бөлгеніңізге. Ерте ме, кеш пе, әйтеуір жақындарыңыздың жанында болғыңыз келеді. Сондықтан да бүгіннен бастап жақын адамдарыңызды құрметтей біліңіз. Естеріңізде болсын, өмір бойы бірге боламын деген адамдарыңыз ертең-ақ сіздің өміріңізден жоғалуы мүмкін. Сіз үшін маңызды саналатын адамдарға келгенде уақытыңызды аямаңыз.
Жақын адамдарыңызды жиі қуантып тұрмағаныңызға. Жақын адамыңыздың шын қуанып, күлгені қандай жақсы. Сол қуанышына дәл сіздің себеп болғаныңыз одан да жақсы.

Айтқыңыз келгенді айтпағаныңызға. Айтыңыз. Өз сезіміңіз бен ойларыңызды жасырмаңыз. Әсіресе бұл сөздер сіз үшін маңызды болса үндемей қалмаңыз. Берік болыңыз. Айтылуы міндетті болғанды жасыруға болмайды. Біреу үшін уайымдайтын болсаңыз, оған мұны айтыңыз. Біз көбінде жетім қалдырған, сыртқа шықпаған сөздерімізбен жүректі жаралаймыз.
Өзіңізді өзгелермен салыстыра бергеніңізге. Өміріңіздегі сәттіліктерді өзгенің сәттіліктерімен салыстыра беруге болмайды. Біз әрқайсымыз өз жолымызды өз бағытымызбен жүріп өтуіміз керек. Елден ерекше болу ұят емес. Бүгін сіздің әлдекімнен мықты бола түсуіңіз керек болса, сол әлдекім – кешегі сізсіз. Сіз өзіңіздің өзіңізден мықты екеніңізді дәлелдеңіз.

Интуицияңызға көп уақыт бойы мән бермей жүргеніңізге. Кейде сіздің ақылыңыз жүрегіңіз әсілінен-ақ жауабын тауып қойған дүниеге жауап беру үшін көп уақыт жұмсайды. Демалыңыз. Жағдайға төрелік етпеңіз, жағдайдың куәгері болыңыз. Өз интуицияңызға құлақ түріңіз.
Мақсатқа жету үшін күреспегеніңізге. Өз қаржылық жағдайыңыздың мүшкіл екенін айтып, өкінудің орнына жаңа табыс көздерін жасау керек. Сіз өмірдің қиындығымен күресесіз немесе күреспей, тек өкінумен өтесіз. Көп жағдайда қазіргі жағдайыңыз бен кім болғыңыз келетіннің ортасында сіздің іс-әрекетіңіз ғана жатыр.

Арманыңызға қол жеткізудің орнына өзгелердің айтқанына көнгеніңізге. Сіздің кім болғыңыз келгеніңіз бен жағдаятқа байланысты кім болып қалыптасқаныңыздың ара-парқы бар ма? Өзгелер үшін өмір сүріп, өзгелердің пікірімен жүруді қою керек. Тек өзіңізге адал болыңыз.
Жоғалтқан уақытыңыз туралы естеліктер. Әр атқан таң сайын күніңізді кімге немесе неге арнайтыныңызды ойлануға зор себеп бар. Махаббат, ақша, құрмет, зор денсаулық, үміт, мүмкіндік пен басқа да осындай дүниелерден өзге уақыт атты ешқашан қайтара алмайтын дүние бар.
Себепсіз сылтауларды көбейткеніңізге. Қандай да бір жетістікке ұмтылсаңыз оған жетудің айла-тәсілін табасыз. Егер таппасаңыз, сылтау іздей бастайсыз.

Дайын болатын уақытыңызды күте бергеніңіз үшін. Өмір кейде қиын болып көрінеді. Бірақ оны күрделендіретін біздің өзіміз. Өзіңіз үшін анықтап алатын бір ғана нәрсе – әрмен қарай не істейтініңіз ғана. Иә, бұл өте қарапайым. Белгілі бір істі бастау үшін оған дейінгі мәселелердің барлығын шешіп жатудың қажеті жоқ. Қолыңыздан келгеннің бәрін жасаңыз. Ал жақсы айла-тәсіл тапқан соң жетістікке міндетті түрде жетесіз.

Тырыспағаныңыз үшін. Өмірде сіз не тікұшақ ұшқышысыз, не жолаушысыз. Жетістікке жету үшін жұмыс жасауыңыз керек. Тек жеңілін ғана атқармай, қажетті істің барлығын да бітіріңіз. Әрине, бұл жолда сізге өте қиын болады. Оған күш-жігеріңіз бен уақытыңызды сарқып кірісуіңіз керек. Күрделі сұрақтарға жауап табу керек болады. Құрбандыққа да баруыңыз керек. Өзіңіздің барыңызды да, нарыңызды да атқарып жатқан іске жұмсайсыз. Таусылып, торығатын да сәттер болады. Бірақ маған сеніңіз, мақсатыңызға жеткен соң бұл істің барлығын да бекер істемегеніңізді білетін боласыз.
Күрмеуі бар мәселелерден жеңілгеніңізге. Сіз өмірде соқтығысқан мәселелердің барлығын да өзгерте алмайсыз. Бірақ өзгертуге келетіндерін өзгерту үшін де бірінші соқтығысу керек қой. Алдыңыздан шыққан проблемалар тоқтауды білдірмейді, олар – басқарушы принциптер. Қалағаныңыз үшін жұмыс істеңіз. Иә, бұл өте қарапайым. Сіздің қуатыңыз қолыңыздан келетін іспен аяқтала салмайды. Қуат сіздің қолыңыздан келмейтін істерді меңгеруден, бағындырудан пайда болады.

Тәуекелге жеткілікті түрде бармағаныңызға. «Иә, істеп көрейік» деген ұран «Қалай болар екен?» деген принципке қарағанда жақсы емес пе? Қолыңыздан келіп тұрғанда бәрін де жасап көріңіз. Тәуекел етуге қорықпаңыз. Қазір есіме түсетін ең керемет сәттер мен мүмкіндіктер маған тәуекел жасаған соң ғана келген. Бірдеңені жоғалтудан қорықпау керек.
Қолыңыз жететін дүниеге ұмтылмай, барымен базар болғаныңызға. Есіңізде болсын, адамның жеке деңгейінің өсуі мен қандай да бір өзгерістер қиындыққа соқтыруы мүмкін, бірақ дамымай, бір деңгейде қалып қою одан да қиын жағдайға апарып соқтырады.
Жеке қалауларыңыз бен бақытыңызды елемегеніңізге. Сіз бір рет қана өмір сүресіз. Ешқандай әзілдің қажеті жоқ. Солай. Міне, сол үшін өзіңізді бақытты ететін әрекеттер жасаңыз, қуаныш сыйлайтын адамдармен бірге болыңыз.

Шешім қабылдауда сабырсыздыққа жол бергеніңіз үшін. Сабырлылық сәттілік келетін уақытты күту емес. Сабырлылық – өзіңіз сенетін дүниеге жету үшін жұмыс жасау үстінде өз-өзіңізді бақылап, бағдарлай білу.

Бастаған істі ерте тастағаныңызға. Сәтсіздікке қанша рет тап болғаныңызды ұмытыңыз. Бастысы – сіздің қалай көтеріліп, қалай әрмен қарай жүргеніңіз. Жетістікке жету үшін ең ауыр, ең қиын жолды бағындыру керек те болатын шығар. Жақсылыққа жету үшін уақыт керек. Әрқашан сабырлы әрі көңілді бола біліңіз. Сіздің қайбір ісіңіз де тек жетістікке апарады. Тек күте білу керек.
Әлдекімге жем болғаныңызға. Ешкімге де сізді егеленіп, басқаруына жол бермеңіз. Қуаныш пен мазаңызды алатын адамнан алыс жүріңіз. Сізді пайдаланатын, құрметтемейтін адаммен бірге өмір сүретіндей сіздің өміріңіз ұзақ емес.

Қолыңыздан келіп тұрғанда көмектеспегеніңізге. Егер сізде ақша көп болса, оны өзгелермен бөлісіңіз. Егер ақшаңыз көп болмаса жүрегіңізді сыйлаңыз. Бастысы – бөлісе алар дүниеңізбен бөлісу керек. Тарихта ешкім де қайырымдылықпен айналысқан соң кедейленіп қалған жоқ.
Қолдау білдірген туысқандарыңыз бен достарыңызды елемегеніңізге. Өмірлік жолыңызды неден бастағаныңызды ұмытпаңыз. Және қайда барарыңызды да ұмытпаңыз. Сізбен бірге жолға шыққандарды да ұмытпауыңыз керек.
Қолда бардың қадірін білмегеніңізге. Біз көп жағдайда бақыттың өзімізде болғанын біле бермейміз, тек оның жоқ болғанында ғана байқаймыз. Әрине, қалағаныңыздың барлығына да қол жеткізе бермейсіз. Бірақ есіңізде болсын: сіздің қолыңызда барға өзгелер тіпті қол жеткізе алмай кетуі де мүмкін.
Денсаулығыңызды күтпегеніңізге. Сіздің денеңіз сіздің өмір сүретін негізгі мекеніңіз. Егер деніңіз сау болса – оны сақтауыңыз керек.
Жылдап бақыт іздеп, оның өз ішіңізде екенін білмегеніңізге. Бақыт айналаңыздағы дүниелермен есептелмейді, ол негізі өз ішіңізде, өз санаңызда. Адамдар сырт көздің пікіріне тәуелді. Ал бақыт негізінде сырттан емес, өз ой-ауаныңыздан туады.

Жоспарыңыздың көп болғаны соншалық, айналадағы әсемдікті көрмей өткеніңізге. Өміріңіз керемет болса, оның кереметтігін байқап, көріңіз. Бақыт – барын бағалай алмайтындарды жағалай өтіп кетеді. Қазіргі жағдайдағы өміріңізге мән беріңіз.
Мүмкіндікті дер кезінде көріп-білмегеніңізге. Кейде өмір сізге қалағаныңызды бермеуі мүмкін. Себебі, сіздің қалағаныңыз мүлдем басқа дүние болуы мүмкін. Ұмтылған мақсатыңыз оған қарай асықпаған кезіңізде байқалады.
Өзіңізге ойша шекара құрып қойғаныңызға. Көп жағдайда біздің ойымыз өзімізге қиындық тудырып жатады. Өзіңізге шекара жасақтаудың еш себебі жоқ.
Негативтің сананы жаулап алуына мүмкіндік бергеніңізге. Есіңізде болсын, нағыз күш бізге сылтау айтып, жеңілуге шақ қалғанда өз өмірімізді бағалап, алға қарай қадам басқан сәтте келеді.
Қателікті ешқашан мойындамай, одан сабақ алмағаныңызға. Егер қателікті елемей қойып, оны мойындамаудың орнына сабақ ала білетін болсаңыз, жетістікке жетесіз.
Күрмеуі қиын мәселені шешіп, жауапкершілікті алмағаныңызға. Кей жағдайда адам баласы белгілі бір істі атқаруда бір орында еш дамымай қалып қояды. Бұл оның шешім қабылдап, әрмен қарай жүрудің орнына сол шешімді қабылдағысы келмей тұрғанының белгісі. Белгілі бір мәселені шешуде, есіңізде болсын, өзіңізге жауапкершілік алып, оның дұрыс-бұрыстығымен келісу керек.
Өзгелердің мойындауын күткеніңізге. Сіз елмен бірдей-ақ ақылдысыз, қажетті деңгейде қуатыңыз да бар. Ал мұны өзгелердің аузынан естудің еш қажеті жоқ.
Басқа адамдарға ұнауға тырыстыңыз. Жасаған жақсылығыңызды әрбір адам мойындай бермейді. Сол үшін кім үшін жақсылық жасауыңыз керектігін және кім үшін уайымдаудың қажеті жоқтығын анықтауыңыз керек.

Қажеті жоқ нәрсеге уақыт жоғалтқаныңызға. Өмір қамшының сабындай ғана. Сол қысқа өмірде дауласып, бәстесудің еш қажеті жоқ. Жақсылық туралы ойлаңыз, сіз үшін маңызды адамдарды бағалаңыз, қандай да бір проблеманы қасқайып тұрып шешіңіз.
Реніштеріңіз үшін бақытты бағаламағаныңыз үшін. Оларды ұмытыңыз. Өкпелеу – бұл бақытыңызды жоғалту ғана. Қандай да бір өкпе-ренішке жол беру басыңызды бөгде адамдарға сыйлағанмен бірдей.
Әртүрлі мәселелерге құр уайымдай бергеніңізге. Тоқтамаңыз. Уайымның санаңызды жаулап алуына мүмкіндік бермеңіз. Мәселені шешу керек болса ол туралы уайымдаудың еш қажеті жоқ. Сіз оны уайымдағаныңызбен ештеңені де өзгерте алмайсыз.

Қажетсіз іспен айналысуға өзіңізді міндеттеп қойғаныңызға. Ешқашан да ештеңеге өзіңізді міндеттемеңіз. Қолыңыздан келгеннің бәрін жасаңыз, қолыңыздан келмегенін немесе істегіңіз келмегенді істеймін деп әуре болмаңыз. Кейде бәрі де сіз жоспарлағандай болмайды. Бірақ сіз өз қолыңыздан келгеннің бәрін жасадыңыз, қалғаны маңызды емес.
Алданып қалғаныңызға. Көпшілік адам қажетсіз зат үшін ақша жоғалтады. Тіпті кейде өзі танымайтын адамның алдында ұятқа қалмау үшін керегі жоқ затты сатып алып жатады. Мұндай адам болмаңыз.
Мүмкіндік болғанда саяхаттамағаныңызға. Бір жыл сайын кем дегенде мүлдем болмаған жерлеріңізге барып тұруға тырысыңыз.
Өмірге күліп қарамағаныңызға. Күлгеніңізде өмір тамаша болып көрінеді. Көңілсіз сәттерде де өз-өзіңізді жақсы көңіл-күйде сақтап қалу көшбасшылық пен күштілігіңіздің белгісі.
Өзгерістердің жақсылығын сезінбей, қырсыға бергеніңіз үшін. Бүгінгі сіз бір жыл бұрынғы тіпті бір апта бұрынғы сіз емессіз. Сіз әрқашан да өсесіз. Тәжірибені тоқтату мүмкін емес. Бұл – өмір.
Көп сөйлеп, аз іс тындырғаныңызға. Көп нәрсе айтып, көп нәрсе істеген соң, айтқаныңыз бен істегеніңіз бірдей екеніне көз жеткізіңіз. Қандай жағдай болмасын, сіздің ісіңіз айтқаныңызға қарағанда жемісті болады. Сондықтан да үндеместен еңбек етіңіз. Сіздің сәттілігіңіз сіздің ісіңізден көрінетін болсын.
Егер сіз осы айтылған мәселелермен күресіп жүрсеңіз жалғыз емес екеніңізді біліңіз. Адамдардың көпшілігі осы айтылған мәселелерді атқармай, кейін өкініп жүрмес үшін бар күш-жігерін сарқып, күресуде.

Дұрыс бағытқа қадам жасау ешқашан да кеш емес. Кім болғыңыз келсе де, сол межеге жету ешқашан да кеш емес. Өзгергіңіз келсе, сіз қанша жаста болсаңыз да өзгере аласыз. Қазір сіздің болашағыңызды жасап алуға және оны өкінішсіз етуге мүмкіндігіңіз бар.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бірде Абайға сәлем беруге Шыңғыстаудағы оның ауылына арнайы бұрылады. Оның келгенін жеткізген хабаршыға «Келсін» дейді де есікке тақап қалған Мәшһүр Жүсіпке: «Атақты ақылман Мәшһүр Жүсіп болсаң менің мына сұрақтарыма жауап берші: «Құдай қайда? Жұмақ қайда, тозақ қайда?», – дейді.

Мәшһүр Жүсіп мүдірместен: «Құдай әркімнің жүрегінде. Жұмақ әркімнің отбасында. Әйелің жақсы болса – жұмақ. Ал әйелің жаман болса – тозақ» деп жауап береді. «Жарадың, Мәшһүр Жүсіп! Ойың терең екен, тапқырлығыңа тәнті болдым. Төрге шық, құрметті қонағым бол», – деп қонағын төрге оздырған екен.
Сол айтылғандай Алла Тағала әркімге сана берсін, қанағат берсін, дүниеқоңыздыққа бой ұрғызып, тойымсыздық, ашкөздік дертіне ұшыратпасын, әрдайым жаны мен ары таза болса ғой, шіркін!
Данышпан Абай: «Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәрте, болмаса жұмасына бір, ең болмаса, айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өміріңді қалай өткіздің екен, не білімге, не ақыретке, не дүниеге жарамды, күніңді өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің», – дейді.
Әрине, әркім де есті кісілер қатарында болғанды қалайды (бұл күндері өзін «естімін» деп даурығып, төсін қағып жүргендер арамызда аз емес-ау!). Бірақ, барлығына да уақыт төреші. Басым көпшілік, өскен, тіршілік еткен ортаң сені ертең мақтай ма, даттай ма, оны уақыт көрсетеді. Ертең әйтеуір өкінбей жүрсең болғаны. Артыңнан жаман сөз, теріс пікір ілеспесе болғаны…

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының
докторы, профессор,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support