- Advertisement -

Бабын тапқанға балық та табыс көзі

54

- Advertisement -

Байзақ ауданында балық шаруашылығын дамытуға ден қойған қожалықтар қатары артып келеді. Облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен «Family Park» форель балық шаруашылығында семинар-кеңес өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров, аталған басқарма басшысы Мұратхан Шүкеев, аудан әкімі Бақыт Қазанбасов, балық шаруашылығы су айдынын пайдаланушылар және балық шаруашылығымен шұғылдануға ниетті қожалықтар қатысты.
Жиынды облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров ашып, балық өсірушілерді еркін пікір алмасуға шақырды.
– Облысымыздың табиғаты балық шаруашылығын дамытуға қолайлы өңірлердің бірі болып табылады. Қазіргі таңда балық шаруашылығы саласында түрлі сұрақтың туындап отырғаны белгілі. Көкейдегі сұрақтардың жауабын бүгінгі семинар-кеңесте көтеріп, барынша тарқатуға тырысамыз. Бұл өз кезегінде облыстың экономикасын көтеруге және табиғат байлығын қорғау мен тиімді пайдалана отырып, азық-түлік ретінде тұрғындар сұранысын қамтамасыз ету үшін тиімді болмақ, – деді Н.Календеров.
Бұдан кейін табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Айбар Әділбақов сөз алып, балық шаруашылығындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.
Оның айтуынша, өткен жылы облыста 105,9 тонна тауарлы балық өндіру жоспарланып, бұл көрсеткіш жыл қорытындысымен 383 тоннаға жеткен. Оның 160 тоннасын тұқы тұқымдастар, 223 тоннасын форель балығы құраған. Ал биыл облысымыздың су айдындарынан 464,3 тонна тауарлы балық аулау жоспарлануда.
Баяндамашы сонымен қатар акваөсіруге (балық өсіру) көрсетілетін мемлекеттік қолдауларға да тоқталып өтті. Мәселен, «Акваөсіру өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығына сәйкес 5 бағыт бойынша субсидия түрі бекітілген. Атап айтсақ, бірінші бағыт бойынша, бекіре, албырт, тұқы, жайын, цихлид, лат, араван тұқымдас балықтар мен олардың будандарын өсіру кезінде пайдаланылатын азықтарды сатып алу шығыстарының 30 пайызын өтеу (субсидиялау), екінші бағыты, балық отырғызу материалдарын сатып алу шығыстарының – 50, үшінші бағыт, балық өсіру-биологиялық негіздемені сатып алу шығыстарының – 50, төртінші – дәрілік препараттарды сатып алу шығыстарының – 50, бесінші – балық басын толықтыратын аналық балық үйірін сатып алу және оларды күтіп-ұстау шығыстарының 50 пайызын өтеу арқылы акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімінің өзіндік құнын төмендетуге арналатын болатындығы айтылды.
Семинар-кеңес барысында қатысушылар өз ой-пікірлерімен бөлісіп, ұсыныстарын ортаға салды. Жиынды қорытындылаған Нұржан Календеров шаруашылықтарға заң шеңберінде қолдан келген көмекті аямайтынын жеткізіп, шараға қатысушыларға алғысын білдірді.

Гүлнұр ДІЛДАБЕКОВА,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз өңірлік университетінің
3-курс студенті.

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support