1922-2022: Шежірелі жылдар
1922-2022: Шежірелі жылдар
Қобызшы Ықылас Дүкенұлының туғанына 150 жыл толды. Сарысу ауданында өткен мерейтой шаралары туралы газет «Қобыз күйдің атасы» бетін берді. Онда мүшайра ұйымдастырылып, оған қатысқан ақындар Дулат Шалқарбаев – бірінші, Базар Қилыбаев – екінші, Ералы Әбілезов – үшінші, Шырын Мамасерікова мен Асқаржан Сәрсеков екеуі – төртінші, Қуандық Шолақов бесінші жүлдені алғаны жазылған. 15 желтоқсан. №142 (14.666). Еліміздің ең басты мерекесі – Республика күніне арналған мерекелік санында «Қалмастан жаңа заман – жаңа ағыстан, Өрле енді қасиетті Қазақстан!» айқарма бетінде сан алуан тартымды жарияланымдар берілді. (1994 жыл) 5 ақпан. №6. (16.676). Тұрар Рысқұловтың туғанына 100 жыл толуына орай тарих ғылымының кандидаты Әбдіқадыр Жүргеновтің «Біздің Тұрар» мақаласын бірнеше санында жариялауды бастады. 14 мамыр. №24 (14.694). Облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы Арғынбай Бекбосынов Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. Облыс әкімінің шешімімен бұған дейін көп жыл бас редактордың орынбасары болып істеп келе жатқан Әлдихан Қалдыбаев бас редактор болып тағайындалды. 23 қараша. №73 (14.743). «Ақ жол» газеті редакциясында дөңгелек үстел ұйымдастырылып, оған халыққа қызмет көрсететін салалардың басшылары мен журналистер қатысты. Негізінен соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне көрсетілер жеңілдіктер әңгіме арқауы болды. 14 желтоқсан. №79 (14.749). «Халық жазушыларының хаттары» деген жалпы тақырыппен берілген бет. Әбу Сәрсенбаевтың Ратай Сұлтанбеков туралы «Жиырма жасар комбат», Әзілхан Нұршайықовтың «Асқан мерген Ыбырайым Сүлейменов» мақалалары қызықты оқылады. Осы санында облысқа арнайы сапармен келген халық қалаулылары Шерхан Мұртаза мен Уәлихан Қалижанның мәдениет қызметкерлерімен кездесуде айтқан ой-пікірлері «Мәдениетін өгейсіткен ел – қанаты қайырылған құс» деген тақырыппен берілген. (1995 жыл) 7 қаңтар. №2 (14.756). Газеттің осы санында жарық көрген Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты Арғынбай Бекбосынов пен газет журналисі Қуаныш Иембердиевтің сұхбаты «Менің құбылнамам қай мәселеге де ел мүддесінен келу» деген тақырыппен берілген. 2 ақпан. №11 (14.765). Облыстық қазақ драма театры Арғынбай Бекбосынның «Нюрнбергтен бұрын» екі бөлімді тарихи драмасы бойынша жаңа спектакльді сахналады. Режиссері – Асқар Дүйсебаев. Бас кейіпкері Ақәділ батыр рөлінде – Жүніс Әлімбеков. Қойылымға өз бағасын бере отырып, театр рецензиясының авторы Мақұлбек Рысдәулет спектакльдің Алматыдағы Әуезов театрында, Шымкент, Торғай, Қарағанды, Семей облыстық театрларында сахнаға шығарылғалы жатқанын, бүгінгі премьераға Ақәділдің жерлестерінің демеушілік жасап әрі ұйымшылдықпен келгенін де хабарлаған. 29 наурыз. №26 (14.780). Облыс әкімі Ө.Байгелдиевтің 28 наурыздағы қаулысымен Арғынбай Бекбосынов облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы, ал Әлдихан Қалдыбаев оның бірінші орынбасары болып тағайындалды. 8 қараша. №96 (14.850). «Ақ жол» ұйымдастырған дөңгелек үстелден есеп «Театр – рухани деңгейіміздің көрінісі» деген тақырыппен берілді. 22 қараша. №100 (14.854). «Туған өлке түлектері» айдарымен «Аралап қазақ халқын көп сөйледім» деген тақырыпта мақала жарық көрді. Онда ақын Өзібек Ақжолұлының жаңадан табылған жазба мұралары туралы сөз болады. 20 желтоқсан. №108 (14.862). Бұл санындағы назар аударарлық жаңалық қала саябағындағы Қайрат Рысқұлбековке ескерткіш орнатылар жерге белгі қойылғаны, рәсімге қала әкімі Б.Жылқышиев қатысқан. Сондай-ақ Талас ауданындағы Ойық ауылына таяу жерге Рысқұл Жылқайдарұлының қабіріне қоршау орнатылып, белгітас қойылғаны да жазылды. (1996 жыл) 18 қаңтар. №7 (14.872). 1995 жылдың 23 желтоқсанында өткен сайлауда Қазақстан Республикасы Парламентіне депутат болып сайлануына байланысты облыс әкімінің шешімімен Арғынбай Бекбосын облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы міндетінен босатылды. Редактордың міндетін атқару бірінші орынбасары болып істеп келе жатқан Әлдихан Қалдыбаевқа жүктелді. 27 қаңтар. №11 (14.876). Тараз қаласының 2000 жылдық мерейтойына әзірлікке байланысты жарияланымдар беру қолға алынды. Осы санынан бастап тарих ғылымының докторы Көкіш Рысбайұлының «Көне қала шежіресі» мақаласы бірнеше санында жариялаңды. 4 сәуір. №38 (14.903). Облыс әкімі А.Тшановтың шешімімен Әлдихан Қалдыбаев «Ақ жол» газетінің бас редакторы болып тағайындалды. 5 маусым. №59 (14.924). Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың 100 жылдығына, Мойынқұм ауданының құрылғанына 30 жыл толуына арналған той Тұлпарсазда өтті. Газет осы жөнінде бір беттік репортаж берді. Авторлары – Әлдихан Қалдыбаев пен Тұрсынхан Толқынбайұлы. 21 тамыз. №81 (14.946). Жамбыл Жабаевтың туғанына 150 жыл толды. Газеттің арнайы саны осы оқиғаға арналды. 28 қыркүйек. №92 (14.957). Газеттің бас редакторы Әлдихан Қалдыбаевтың «Атланта... Жоқ, Америка сапары» жолжазбасы жариялана бастады. 20 қараша. №107 (14.962). «Ақ жол» газеті ақылы мақалалар жариялауға кірісті. Экономика ғылымының докторы, профессор Мұратбек Қасеновтың «Профессордың соңғы хаты» деректі әңгімесі жарияланды.
Дайындаған Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ.