Қайраткер тұрған үйге ескерткіш-тақта орнатылды

22

Қоғам ерекше ойлы, пайдалы ісі бар биік тұлғалардың парасат-пайымымен алға басады, өркендейді. Мұндай ұлағат иелері барша жұртшылыққа үлгі. Осындай орны ерекше, таутұлға азаматтың бірі – ақын-драматург, ҚР еңбек сіңірген қызметкері, ТМД елдері Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, мемлекеттік «Парасат», «Құрмет» орденінің иегері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Арғынбай Бекбосын болатын. Жүрегі ел деп соққан біртуар азамат көзі тірі болғанда 17 маусым күні 85 жасқа толар еді.

Кеше облыс баспасөзінің қарашаңырағы «Аq jol» газетінің ұзақ жыл бас редакторы болған Арғынбай Бекбосынның Тараз қаласы, «Астана» шағынауданындағы өзі 11 жыл бойы тұрған №16 үйге ескерткіш-тақта орнатылды.

Аталған іс-шараны облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев ашып, Арғынбай Бекбосынұлының биік тұлғасы, асыл қасиеттері мен қайталанбас қаламгерлік шеберлігіне тоқталды. «Арғынбай Бекбосынұлы ағамыз қазақ журналистикасында үлгілі жұмыс атқарды. Өзінің жүйрік қалам, озық ойымен елімізге кеңінен танылды. Облыстың бас газетінің ұзақ жыл бас редакторы, еліміздің Жоғарғы Кеңесінің, кейіннен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болды. Ағамыз атқарып кеткен ізгі іс қазіргі ізбасар журналистер арқылы жалғасын таба берсін. Бүгінгі ескерткіш-тақта нағыз лайықты жерден ашылып отыр. Құтты болсын», – деді.

Мұнан соң сөйлеген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев Ар-ағаның қайраткерлік, қаламгерлік болмысына, Америка сапарларынан жазылған «Жетіқарақшысы жоқ аспан» атты кітабына кеңінен тоқталды. Еркінбек Бейсембайұлы өз сөзінде: «Қазақтың көрнекті ақын қызы Фариза Оңғарсынова бір сөзінде Ар-ағаға үлкен баға берген. Арғынбай Бекбосынның «Жетіқарақшысы жоқ аспан» атты кітабы қазақтың әр үйінің төрінде тұруға лайықты кітап» деп бағалағанын жеткізді.
«Aulieata-Media» ЖШС бас директоры Оралхан Дәуіт өз сөзінде А. Бекбосынұлының «Aq jol» газетін басқарып тұрған кезіндегі халқымыздың дана перзенті Дінмұхамед Қонаевқа, Алаш ардағы Асанбай Асқаровқа газет арқылы араша түскен өткір мінезіне тоқталды. «Сондықтан Арғынбай Бекбосын – аңыз адам. Ол кісінің батырлығына бас имейтін, өткірлігіне қызықпайтын бас редакторлар жоқ. 1990 жылдары облыстық газет атауының «Aq jol» болып өзгеруіне де Ар-аға өлшеусіз үлес қосты. Ескерткіш-тақта құтты болсын. Ал ағаның жаны жәннатта болып, мәңгілік мекені жайлы болсын», деді.

Мұнан соң қайраткердің туысы, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Аманкелді Карентаев сөйлеп, ақынның төрттаған өлеңдеріне, рубаяттарына тоқталды. «Жігіт болсаң жігерді міне шауып, қайғыны да қамшының ал астына» деп рубаят жолдарын жатқа оқып, толғанды.

Мұнан соң Арғынбай Бекбосынның жары Дариға Хасенқызы сөз сөйлеп, жиналған көпшілікке, әкімдікке, ескерткіш тақтаның орнатылуына атсалысқан азаматтарға, БАҚ өкілдеріне алғыс айтты. «Арғынбайдың бүгін туған күні. 85 жасқа толар еді. Әруағы риза болсын», деді.
Мұнан соң ескерткіш-тақтаны облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев, ардагер журналист Тұрсынхан Толқынбайұлы, қаламгердің туысы Болат Үйсімбаев салтанатты түрде ашты.
Шара барысында арнайы дастарқан жайылып Арғынбай Бекбосынның рухына құран бағышталды.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.