- Advertisement -

Өңір журналистерінің өзекті мәселелері талқыланды

74

- Advertisement -

Биыл туғанына тоқсан жыл толып отырған қадірлі қаламгер, қазақ баспасөзінің қайраткері Шерхан Мұртазаның журналистер туралы «Журналистің арқалағаны алтын, жегені жантақ» дегені бар. Жарғақ құлағы жастыққа тимей халықтың арман-тілегін арқалап, сенімге селкеу түсірмей келе жатқан журналистер қауымының еңбегі қашанда ерен. Десек те, мемлекеттің саясатын жалпақ жұртқа жеткізіп, өңір шежіресін қалыптастырып, үнемі бұқара мәселесінің бел ортасынан табылатын «төртінші билік» өкілдерінің әлі күнге өз мәселесі де бастан асып жатыр. Осы ретте облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев жамбылдық журналистермен арнайы жүздесіп, талайдан бері қордаланып келе жатқан мәселелердің түйінін тарқатты.

Өз сөзінде Еркін Құлымбайұлы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығы мен Арғынбай Бекбосынның 85 жылдығы секілді биылғы айтулы даталарға кеңінен тоқталып өтті. Одан кейін сөз алған «Aulieata-media» ЖШС-ның директоры Оралхан Дәуіт алдымен сол Шерхан Мұртазаның есімі беріліп отырған, өңірдің ақпарат айдынындағы облыстық үш газет, атап айтқанда жарық көріп келе жатқанына биыл жүз жыл толған «Aq jol», ғасырлық тарихы бар «Знамя труда», жастардың үні «Ар-Ай» газеттері орналасқан Баспасөз үйінің ескіргенін және толыққанды жөндеу жұмыстарына мұқтаждығын жеткізді. Жақында ғана көне ғимараттың сыртына әрлеу, сырлау жұмыстары жүргізілгенімен, шатырынан су сорғалайтын нысанның іші де әбден тозғанын айтты. Сондай-ақ «Aulieata-media» ЖШС-ның директоры саладағы кадр мәселесін көтерді. Айтуынша, қазіргі газеттегі мамандардың дені М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 2005-2006 жылдардағы түлектері. Одан бері газетте жұмыс жасауға ниет білдіріп келгендердің қатары некен-саяқ. Сондықтан әкімдік пен аталған оқу ордасы және «Aulieata-Media» серіктестігі арасында үшжақты келісім жасалса, маман тапшылығы мәселесі оң шешімін табатынын атап өтті. «М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде жыл сайын 30 шақты студент журналист мамандығын алып шығады. Бірақ олардың көбі газет жұмысының ауырлығынан бізге келе бермейді. Үшжақты меморандум жасалса және соның аясында облыс әкімдігі журналистикада оқитын студенттердің 2-курстан бастап уақытша қаржысын шешіп берсе, сапалы маман тәрбиелеу ісі жолға қойылар еді. Бұл мәселеге қазір назар аудармасақ, алдағы 3-4 жылда маман тапшылығына тап боларымыз анық», деді Оралхан Дәуіт.

Еркін Құлымбайұлы «Баспасөз үйінің» жағдайымен жақсы таныс екенін айтып, кадр мәселесіне қатысты да жоғары оқу орнымен жұмыс жасалатынын, ұсыныс жіті зерделенетінін жеткізді.
«Ғұмыр-Дария» газетінің директор-бас редакторы Жаңабай Миллионов Шерхан Мұртазаның 90 жылдығы мен «Aq jol» газетінің 100 жылдық мерейтойының өңір өмірінде жеке-жеке маңызы бар екеніне тоқталды. «Меніңше екі тойды бірге өткізуге болмайды. Себебі өңірдегі кез келген журналист шығармашылығы «Aq jol»-мен тікелей байланысты. Сондықтан «Aq jol»-дың тойы, ол облыс журналистерінің тойы. Оған айрықша мәртебе беру керек деп ойлаймын», деді ол. Облыс әкімінің орынбасары екі мерейтой екі бөлек өтетінін, бірақ бір-біріне ұласатынын жеткізді.
Ал тәулігіне 14 сағат хабар тарататын «Jambyl» телерадиоарнасының директоры Мейіржан Әлібекұлы өңірдің ақпарат арнасын жергілікті әкімдіктің меншігіне беру мәселесі үш жыл бойы шешімін таппай келе жатқанын алға тартты. Оған қоса қымбатшылық қысқан бүгінгідей уақытта салада үйсіз жүрген көпбалалы, жалғызбасты аналардың жағдайын айтты. Басқа өңірлерде журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында мамандарға баспана берілетінін, ал біздің аймақта бұл мәселе әлі күнге назардан тыс екенін жеткізді. Елге танымал журналистермен өңіраралық тәжірибе алмасу мәселесін де қаузады. Осы орайда облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Садубаев жергілікті телеарнаны әкімдіктің меншігіне алу мәселесі министрлік тарапынан қолдау тауып отырғанын атап өтті. Жазушы, журналист Көсемәлі Сәттібайұлы талайдан бері айтылып келе жатқан, бірақ әлі күнге оң шешімін таппай отырған қаламақы мәселесін көтерді. Сонымен қатар ол «Aq jol» газетінің ең алғашқы редакциясы орналасқан «Ленина 22» мекенжайына ұжымда еңбек еткен Кемел Тоқаев сынды елімізге белгілі тұлғалардың, қадірлі қаламгерлердің рухына арнап мерейтой аясында арнайы тақтайша орнатылса деген ұсынысымен бөлісті. «Салық тәртібі» газетінің бас редакторы Ғалым Қасабай аудандық газеттердегі қордаланған мәселелерді көтеріп, 80-90 жылдық тарихы бар аудан басылымдарының қамқорлыққа мұқтаж екенін айтты.

Басқосу барысында республикалық телеарналар мен басылымдардың облыстағы меншікті тілшілері де сөз сөйлеп, жоғарыда аталған мәселелерге қатысты ойларын ортаға салды. Облыс әкімінің орынбасары аталған барлық ұсыныстар ескерілетінін, саладағы басқа да мәселелер бойынша әрдайым әріптестік байланыста жұмыс істеуге дайын екенін айтып, жиынды қорытындылады.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support