Сала мамандарының еңбегі ескерусіз қалмайды

4

Медицина саласы қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын «Баласағұн» орталық концерт залында ұйымдастырылып, оған аймақ басшысымен қатар медицина қызметкерлері қатысты.

Аталған салаға соңғы жылдары жақсы көңіл бөлінуде. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан игі бастамалар аясында қолға алынған бағдарламалар мен жобалар сахна төріндегі LED экраннан жұртшылық назарына ұсынылды. Осыдан кейін сала қызметкерлерін облыс әкімі Нұржан Нұржігітов құттықтады.

– Бұл мереке – адам жанын жүрегімен сезінетін денсаулық сақтау саласы мамандарының ерен еңбегі бағаланатын күн. Сіздердің еңбектеріңіздің өлшемі – өмірмен қайта табысқан адамдардың тағдырымен байланысты. Дәрігер – адам жанының арашашысы, жер бетіндегі сан алуан кәсіптің ішіндегі ең қастерлі мамандықтың иесі. Бұл үлкен мәртебе, әрі зор жауапкершілік. Халық денсаулығын жақсарту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бұл ретте салауатты қоғам қалыптастырып, дені сау ұрпақ өсіруде дәрігерлердің алар орны ерекше.
Мемлекет басшысы отандық медицина алдына үлкен әрі жауапты міндеттер қойып отыр. Аз уақыттың ішінде әлемді шарпыған қауіпті індет адамзат баласын әбігерге түсірді. Осынау қиын-қыстау кезеңде біздің мемлекетіміз барлық қолдау шараларын дер кезінде қабылдады. Дәрігерлеріміз бен сала мамандары қауіпті індетпен күресте алдыңғы қатарда болып, аянбай еңбек етті. Қордай ауданындағы биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты базасында алғаш рет қазақстандық Covid-ке қарсы вакцина әзірленді. Осындай жанкешті еңбектеріңіз үшін Сіздерге тағы да алғыс білдіргім келеді, – деген аймақ басшысы денсаулық сақтау саласының тиімділігін арттыру үшін заманауи технологиялар мен практиканы ұштастыру арқылы медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жетілдіру және қызметкерлердің еңбек жағдайларын жақсартуда жасалып жатқан жұмыстардың барысына да тоқталып өтті.
Мұнан соң үздік деп танылған медицина қызметкерлері аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовтің қолынан «Еңбек ардагері» медалін, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» және «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілерін алды. Сонымен қатар бірқатар медицина саласының өкілдері Жамбыл облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен, облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапатталды. Бұдан кейін бір топ сала мамандарына облыстық мәслихат хатшысы Махметғали Сарыбеков облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасын тапсырды.
Салтанатты жиын соңы облыстық Кенен Әзірбаев атындағы филармонияның концерттік бағдарламасына ұласты.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.