- Advertisement -

«Жасыл ел» еңбек жасағы жаңа маусымға дайын

24

- Advertisement -

Жыл сайын жаз айларында өңірдегі белсенді студенттердің дені еңбек маусымынан құр қалмай, қатарластарымен бірге тазалық жұмыстарына біркісідей жәрдемдесіп келеді. Бұл әрине, облыста 2005 жылдан бері тиімді іске асқан «Жасыл ел» бағдарламасының болашағы баянды екенін аңғартқандай. Сол үрдіс бойынша кеше «Мамыр» саябағында Тараз қаласы мен Байзақ, Жуалы, Жамбыл аудандарынан еңбекке тартылған жастар бас қосып, кезекті маусымның ашылу салтанатына қатысты.

Еңбек маусымының ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев құттықтау сөз сөйлеп, белсенді жастарға табыс тіледі.
– Ең әуелі еңбекқор жастарға атаулы күн құтты болсын дегім келеді. Баянды бағдарлама басталған уақыттан бері, яғни 17 жылдың шеңберінде өңірдегі 30 мыңға жуық студент маусымдық жұмысқа тартылған. Негізі облыста жастарды қолдау мақсатында қолға алынған «Әулиеата жастары» сынды бағдарламалардың да болашағы зор. «Әулиеата үміті» байқауы да сан-саладағы үздік жастарды еңбегіне сай марапаттауға мүмкіндік берді. Енді биылғы маусымға 2000-нан астам жасты тарту көзделіп отыр. Еңбекқор жастарға іске сәт!, – дейді Еркін Құлымбайұлы.

Жастарды жұмыспен қамтуға, азаматтық ұстанымын қалыптастырып, қала тазалығына бір кісідей үлес қосуға ықпал ететін бағдарламаның тәрбиелік мәні зор. Мысалы, салтанатты шарада спартакиада ойындарында үздік атанған қыздар мен кіші футболдан ерлер арасында дара шыққан топтар марапатталды. Еңбекке тартылғандардың өзара бәсекесінде жеңіске жеткен топтарға арнайы сыйлықтар табысталды. «Жасыл ел» жасағында маусым бойы жастардың жұмысқа ынтасын оятып, жігерлендіру мақсатында рухани-мәдени және спорттық іс-шаралар жиі ұйымдастырылады екен. Кейін жыл соңында еңбек маусымында көзге түскен топтар мен жастар тағы марапатталады. Бір сөзбен айтқанда, белсенді жастарға басқарма қолдау көрсетеді. Мәселен, жасақтың жыл сайынғы маусымына сұранып тұратын белсенді жастар топтың командирі бола алады. Кейін басқарманың тыныс-тіршілігімен де етене танысып, жұмысқа орналасып жатқан жастар да аз емес екен. Облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожаның айтуынша, былтырдан бастап жұмысқа тартылғандардың үлесіне талдау жүргізіліп, қатарға NEET санатындағы жастарды көптеп шақыру көзделген. Сол талдауларға сүйенсек, жасақ құрамына аудандардан 14 пен 20 жас аралығында жастар, ал қаладан 16 мен 24 жастағы студенттер көптеп тартылады екен. Сонымен қатар әр ауданнан 100 студенттен жиылса, қаладан шамамен 800 жас қатарға қосылмақ. Ең бастысы бұл тізімдегілердің 10 пайызы NEET санатындағы жастардан құралады.

– «Жасыл ел» еңбек жасағының тағы бір ұтымды тұсы, белсенді жастар еңбек ете жүріп өзін-өзі дамытады. Бүгінде алғашқы жұмысын осында бастаған Айбек Әжібаев, Асхат Олжабай сынды үздік жастардың шоғыры қалыптасты. Сол секілді алдыңғы буын топтар мемлекеттік қызметте, жастар ресурстық орталықтарында жемісті еңбек етіп жүр. Біз де қатардағы белсенді жастарға қолдау көрсетуге әрдайым дайынбыз. Бүгінде қалада 69 000 жас бар болса, NEET санатындағы жастар да жоқ емес. Сол үшін біз Құмшағал, Көлтоған сынды шеткі аудандардағы жұмыссыз жастарды тартуға мықтап кірістік. Әрине, 60 мың теңге еңбекақыға көптің келгісі жоқ. Соған қарамастан біз оларды тәрбиелік маңызы бар жұмыстарға тартып, барынша қолдау көрсетуге тырысып жатырмыз. Жоба жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылған соң, біз келер жылы еңбекке тартылған жастардың жалақысын 80 мың теңгеге өсіруді жоспарлап отырмыз. Студенттердің еңбекақысында өсім бар, себебі былтыр олар ай сайын 42 500 теңгеден алып отырды, – дейді Серікбол Қайратұлы.
Былтыр «Жасыл ел» еңбек жасағының «Үздік сарбазы» атанған Нұрлан Жиенбай да бүгінде көзге түсіп, жасақтың төрағасы атанып отыр.

– Менің еңбек маусымына араласып жүргеніме биыл төртінші жыл. Негізі біз биылғы маусымды 28 мамырда бастап кеттік. Осылайша каналдардың бойындағы қамыстарды, балалар алаңшасын, саябақтарды тазалауға кірістік. Биылдан бастап аласа ағаштарды талапқа сай кесу жұмыстарына да араласа бастадық. Штабтан жұмысқа қажетті құрал-саймандар, киім-кешек пен каналдарды тазалауға арнайы резеңке аяқ киімдерге дейін беріледі. Еңбекақымыз 60 мың теңге болса, қолға тиетіні 53 мың теңгенің көлемінде. Есесіне аптасына 6 күн 4 сағаттан жұмыс істейміз, – дейді жасақ төрағасы.
Байқағанымыздай, «Жасыл ел» еңбек жасағының құрамы биыл да «қала тазалығы, жан тазалығы» деген ұстанымға берік екенін аңғартты. Әрі маусымдық жұмыстарға NEET санатындағы жастарды тарту мәселесі оңтайлы шешім болып отыр. Осылайша жыл соңына дейін еңбектің наны тәтті болатынын түйсінген NEET жастар тұрақты жұмысқа орналасып, жұмыссыз жастардың үлесін азайтуға үлес қоса алады.

Сәндібек Піренов

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support