- Advertisement -

Оңды іске бастайтын – Отаншыл жастар!

59

- Advertisement -

«Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мен дамыту: міндеттері мен болашағы» атты облыстық жастар форумы өңір жастарының асқақ рух, қайыспас қайратын паш еткен, олардың атамекенге деген махаббатын, Отанын қорғауға деген құштарлығын дәлелдеген жиын болды.

Форум форматы жастардың әскери қарым-қабілетін зерделеу мен оларды патриоттық рухта тәрбиелеуге бағытталды. М.Үркімбаев атындағы «Жастар сарайының» кіреберісінде жасақталған арнайы көрмеде облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің назарына оқушылардың «Жас Ұлан» ұйымы құрамында атқарған жұмыстары, өнертапқыш өрендердің құрастырып шығарған әскери техникалары, бозбалалар мен бойжеткендердің алғашқы әскери дайындығы ұсынылды.

Келесі кезекте сарайдың мәжіліс залында өңір басшысымен қатар, жүздеген жас форумның ашылу салтанатында шырқалған мемлекеттік Гимнді тік тұрып орындап, рәміздерге құрмет көрсетті.
Шараға қатысушылар әуелі ҚР Қарулы Күштерінің 30 жылдығына орай әзірленген бейнебаянды тамашалап, одан кейін облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің жастарға қарата айтылған сөзіне құлақ түрді.

– Еліміздің ертеңі нұрлы, болашағы жарқын болуы үшін бүгінгі буын – жас ұрпақтың білімді, тәрбиелі әрі жаңашыл тұлға ретінде қалыптасуы шарт. Жас ұрпаққа сапалы біліммен бірге патриоттық тәрбие беру қай кезде де өзектілігін жоғалтқан емес. Мемлекет тарапынан патриоттықты дамыту бағытында келелі шаралар атқарылып, ауқымды бағдарламалар жүзеге асуда, – деген Нұржан Молдиярұлы өңірде бұл бағытта атқарылып жатқан нақты істерге тоқталды.

Қазірде облыстағы жастар саны 258 мың адамды құрайды. Оның әскер қатарына шақырылғаны 3 897 болса, Отан алдындағы борышын өтеуге кеткені 129. Ал 287 жас әскерге жарамсыз деп танылған.
Әлбетте, ұйымдастырылып жатқан түрлі шаралар мен қолға алынған бағдарлама, бастамаларға қарамастан, жастар арасындағы құқықбұзушылықтар азаймай тұр. Облыс әкімі оның салдарымен емес, себебімен күресу – басты талап екенін айтты.
Жыл басынан бергі бес айда жастардың қатысуымен 370 құқықбұзушылық орын алған. 210 жасөспірім және 139 қолайсыз отбасы есепке алыныпты.

– Елін, жерін сүймеген адам кез келген сатқындық пен опасыздыққа бара алады. Санасы саяз, мәдениеті төмен, ұлттық мінезі қалыптаспаған жас – кез келген топтың жемтігіне айналуы мүмкін. Бұған дәлел – жыл басындағы Қаңтар оқиғасы. Түбегейлі жаңаруға бет алған қоғамда мұндай келеңсіздіктер қайталанбауы қажет. Патриотизмді қалыптастыру – бұл мемлекеттік міндет, қоғамның әлеуметтік қажеттілігі, – деген облыс әкімі жастарды «Елім маған не берді деп емес, мен еліме не беремін» деген ұстаныммен алға ұмтылуға, өз елінің патриоты болуға шақырды.
Сондай-ақ тәрбие – тал бесіктен екенін ескеріп, балалардың білімі мен тәрбиесін мектеп пен қоғамға ысырып қоймай, ата-аналар жауапкершілігін күшейту керектігіне назар аудартты.
Форумда сонымен қатар, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы Мереке Кучекбаев, облыс бойынша Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Ғалымжан Тасжанов, «Тараз қалалық Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дүкенбай Ермеков, «Оңтүстік» өңірлік әскердің жас сарбазы Абай Әбішев сөз сөйлеп, тақырып аясында ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.
Форумның екінші бөлігі секциялық топтарда жалғасты.

Маржан Рақай

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support