«АЛТЫН САҚА» – ЕРТЕГІЛЕР Елі
«АЛТЫН САҚА» – ЕРТЕГІЛЕР Елі
Тоғыз жолдың тоғысқан торабы – Луговой кенті тұрғындарының саны бүгінде он екі мыңға жуықтап қалды. Теміржолшылар әулеттерінің демографиялық өсімі де жаман емес. Осы күнге дейін кезекте тұрған 314 бүлдіршіннің 180-і жуықта ашылған «Алтын сақа» балабақшасында тәрбиеленуде. Елбасы тапсыруымен «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған бұл нысан шынында да ата-аналар, әсіресе, бүлдіршіндер үшін айрықша тарту болды. Мердігерлік мекеме төсек-орнымыз бен жиһаздарымызға дейін орын-орнына қойып берді. Отын-су, коммуналдық шығынымыз бен қызметшілеріміздің айлық жалақысы үшін республикалық бюджеттен 23 миллион 808 мың теңге қаражат және бөлінді. Балалар игілігі үшін бәрі де жасалуда. Әзірге ғимарат көмірмен жылытылады. Ал келер жылы көгілдір отынға да қол жеткізетін боламыз. Бүгінде осынау бір ғана мекеменің өзінде жетпіс адам жұмыс істейді. Олардың 24-і – тәрбиешілер. Бұл жұмысқа Әсел Сұлтанбекова, Жанар Тұрғанбаева сияқты жас мамандар да тартылып отыр. Бүлдіршіндер қазірдің өзінде жаңа қоныстарына еттері үйреніп, Алма Құрақбаева, Индира Жарылқасынова, Канзира Иярова және Зүлфия Мамықова сынды тәжірибесі мол тәлімгерлердің аялы алақанының жылуын сезіне де бастағандай. Ал мейірбике Рано Жолдасова сәбилердің сүйікті емгеріне айналып үлгерді. Өйткені, ол әр балаға айрықша аналық мейіріммен қарайды. Мұнда тәрбиеленушілерге үш мезгіл ыстық ас беріледі. Аға аспаз Наталья Петровна Карабейникова даярлаған балалар тағамының дәмі расында да тіл үйіреді. Бәрін айт та бірін айт, заманауи талапқа сай балабақша кешенін «Ремэнерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салып берді. Сметалық құны 498 миллион теңгені құрайтын мұндай бүлдіршіндер ұясы аудан былай тұрсын, облыста ілуде біреу ғана. «Бұл, расында да, балаларға үлкен тарту болды» дейді ауыл тұрғындары.
Алтынкүл Әділова, балабақша меңгерушісі. Луговой кенті.