САРЫ ҚЫМЫЗ сапырып...
САРЫ ҚЫМЫЗ сапырып...
жуырда өзіміздің жекеменшік қымыз өндіру цехын аштық. Қымыз – ұлттық сусынымыз, жарияға жар салып көрсетер ұлттық брендіміз де ғой!
Осы орайда атап өтерлік бір жайт, бұл жерде енді қыста да қымыз үзілмейтін болады. Технолог Базаркүл Бектұрова мен қымыз ашытып, дайындайтын Айзада Таңсықованың көмегімен алдағы қысқа арналған 11 тонна қымыз қоры сақтауға қойылды. Дәмін татып та көрдік, айтары жоқ, қоңыр күздің сары саумалы араласқан, әбден баппен ысталған нағыз жылқышының қымызы. Сауылған сүт мұнда сонау тау бөктеріндегі «Қарабұлақ» қыстауына орналасқан жылқышылар қосынан жеткізіледі. Қымыз өнімін 3-6 ай бойы салқын жертөледе сақтауға мүмкіндігіміз бар. Осылай сақтаудың технологиясын өзімізде алғаш тәжірибеден өткізіп, байқап көрдік. Үш, тіпті алты айдан кейін де ашыған қымыз бүлінбей, сол қалпы сақталып тұра беретініне көзіміз жетті. Ең бастысы, қымыз құйылған ыдыстың (баклашка) аузы ауа кірмейтіндей етіліп мықтап жабылса болды. Ал, оның аузын ашып, тұтынушыға сататын кезде жаңа сауылған бие сүтін яғни саумалды араластырып, қайта пісеміз. Ең бастысы пісуі жетсе ғана ол нағыз қымыз болады. Мұнда орнатылған механикалық құрылғы бір мезгілде төрт күбідей қымыз пісе алады. «Қарабұлақта» сауынға үйретілген 250 құлынды бие бар. Бие саууда сауыншы Айнагүл мен қызы Жансая алдарына жан салмай тұр. Бұл істі жылқышы жігіттер де меңгеріп алған. Меңгергені сол, Уәлибек Нармұрат отбасымен алажаздай 45 тонна сүт сауып, өткерді. Қолының қаруы бар Күнтуған Қанатов та бие саууға жиі шығып жүр. Ал жылқы бағу Абдулла Борочуулына сеніп тапсырылған. Қора-жайымыз ине-жіптен жаңа өткендей әрі кең, ішіне бес жүз жылқы еркін сиып кетеді. Қыстау басына бес мың түк сабан мен жоңышқа жинап алдық. Төрт отбасы мүшелері табындағы жылқыны бағып, одан сүт өндіруге білек сыбана кірісулі. Олардың айлық жалақылары 70 мың теңге. Қазір күз айы, биелердің сүті де азайып қалған. Соған қарамастан 60 бие сауында тұр. Күнделікті 130-140 литр сүт сауылады. Бауырларым Қалибай, Мейрамбай және өзім болып осы тау бөктерінен келешекте демалыс орнын салмақ ниеттемыз. Ойға алған ісіміз орайымен орындалып жатса, бұл нысан ұлттық брендіміз – қымыз өндірудің өнеркәсіптік жолға қойылуымен байланысты өңірімізде алғаш ашылғалы отырған қымызбен емдеп-сауықтыру шипажайы да болмақ.
Сайрамбай Дөненбаев, кәсіпкер.
Жарлысу ауылы.