- Advertisement -

Ар-ожданына адал азамат

38

- Advertisement -

Дүниеде әр адамның арман-мақсаты бөлек болса, оның бірінен бірін ерекшелеп тұратын мінез-құлқы, таным-түсінігі де әртүрлі болып келеді екен. Мәселен, кейбір адамдардың сөзіне беріктігі мен тірлігіне тиянақтылығынан бөлек, ар-ожданына дақ түсірмеуге тырысатынын байқап таңдай қағасың. Көзі тірісінде елдің ықыласына бөленген соғыс ардагері Нұраш Құлметов те сондай ақжарқын ағалардың қатарынан еді…

Нұраш аға туралы ойтолғауым түсініктірек болу үшін әңгімені арыдан, 1988 жылы Талас ауданындағы сауда мекемесіне басшылық еткен тұстан бастағанды жөн көрдім. Сәуір айының соңғы күндерінің бірінде Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласындағы облыстық сауда мекемесінде 1-тоқсанның қорытындысы және 2-тоқсанға қойылатын жоспар туралы мәжіліс өткен-ді. Кейін, ақыры қалаға келген соң, Нұраш ағаның денсаулығын сұрап қайтуды дұрыс көріп, жолай үйіне соқтым. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін төргі бөлмеге өтіп, шүйіркелесе бастағанымыз сол еді, Нұраш ағамыз сөз арасында соғыста алған ауыр жарақаты әлі күнге сыр беріп жатқанын айтып қалды. Сол сәт соғыс салған жараның ізі ағамыздың бозарған өңінен білініп-ақ тұрды. Жаны жайсаң ағамыздың «Ақыры келген екенсің, мен саған өзімнің жастық шағымнан бастап бүгінге дейінгі жүрген жолым жайында айтып берейін» деп лезде әңгімені басқа арнаға бұрғаны да әлі күнге естен кетпейді. Қарап отырсам, сол кездесуден кейін де талай жыл өтіпті. Арыстай азаматымыздың туғанына да 100 жылға жуықтапты. Мерейлі датаға орай сол бір жылы жүздесудегі әңгімені қағазға түсіруді азаматтық парызым һәм інілік міндетім деп түйдім.
Әсілі екінің біріне көсіліп әңгіме айта бермейтін Нұраш аға ауылдан келген соң ба, әйтеуір мені жақын тартып, сөзін бастап кетті: «Мен 1922 жылы 17 шілдеде Шу ауданына қарасты «Кер-бұлақ» колхозы Жаңа қоғам ауылдық кеңесінде дүниеге келдім. Құжат бойынша әкемнің аты Құлмет, ал шын аты Құлмаханбет, шешемнің аты Жамал. Әке-шешеден әпкем Гүлсара екеуміз ерте қалдық. Осылайша солақай саясаттың салдары біздің жастық шағымызға да әсер етті. Кеңес өкіметі жаңадан құрылып жатқан тұстан-ақ бай-құлақ деген атпен дәулетті адамдардың малын кәмпескілеу басталды. Сол бір оқиғаға менің әкем де тап болыпты. Әкеміз дүние салғанда мен небары 3-4 жаста екенмін. Сонда шешеміз қайғыдан қан жұтса да, еңсесін тіктеп біздің жанымызды аман сақтап қалуды ойлапты, жарықтық. Ана жүрегі біздің келешегімізге сеніп, өлместің қамымен Шу қаласында теміржол бойында тіршілік жасапты. Мен 10 жасқа толғанда шешем Жамал да мәңгілік сапарға аттанып, содан әпкем екеуміз тұл жетім болдық. Санаулы күннен кейін-ақ интернатқа бардық.

«Дүние бір айналдырса, шыр айналдырады» деген сөз рас екен-ау. Біз барған мекемеде бала көп болған соң жоғары жақтан ұлдарды Фрунзе қаласына апаратыны туралы хабар келді. Содан не керек, әпкем Гүлсара Шу қаласында қалып, сол жерден жолымыз екіге жарылды. Фрунзе қаласындағы интернат бізді киім-кешек, ас-ауқатпен жарылқады. Көп ұзамай мектептің бірінші сыныбына қабылдандым. Сол мектепте 7 жыл оқып, тиісті құжаттарымды алғаш рет Фрунзе қаласында алдым. 1939 жылы Ташкент қаласынан келген техникум өкілі оқуға түсетін балаларды жиып, политехникумға қабылдады. Политехникумды 1941 жылы ұн өңдеу мамандығы бойынша тәмамдап, технолог атандым. Сол жылдың 12 сәуірінде мені Орталық Азия әскери округінің мектебіне қабылдады. Араға жыл салып, 6 тамызда оны аяқтадым. 1942 жылы 10 тамызда Сталинград майданындағы 262 кавалер полкінде жауынгер пулеметші міндетін атқаруға кірістім. Кейін Горький қаласындағы радио-телеграф училищесінде курсант болдым. Беларусь майданындағы 277 минполкта радиотелеграфист әскери қызметін де атқардым. 1945 жылдың 2 мамырында майдан даласында ауыр жарақат алып, №03739 Эва госпиталінде ем алдым. 1946 жылы 1 желтоқсанда әскерден босап ауылға қайттым. Қайтар кезде ескерткіш ретінде Подстам қаласынан қара чемодан сатып алғаным есте. Қалай ұмытасың, менің алғаш рет сатып алған үлкен байлығым да сол қара чемодан еді», – деп ағамыз ауыр күрсінді.
Шай қайнатым уақыттан соң, менің әңгімесін ұйып тыңдап отырғанымды байқаған Нұраш аға оқиғасын жалғады.

– Соғыстың жеңіспен аяқталғанын Подстам қаласындағы госпитальда естідім. Сол кезде жауынгерлердің қуанышын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мен майдан даласында 3 мәрте жараланыппын. Соңғы рет 1945 жылы 2 мамырда жараланғанымда госпитальда 1 жыл 4 ай емделдім. Соғыстағы жауынгерлік еңбегім үшін «Қызыл Жұлдыз», 2-дәрежелі «Ұлы Отан Соғысы» ордендері және 7 медаль бар. Бірде «Госпитальде жатқанда түс көрдім. Түсімде әкемнің інісі Рашид аға маған «сен ауылға қайт» деп бұйырып жатыр екен. Соғысқа кетер кезде Рашид аға мені Ташкент қаласына іздеп барып, кетерінде Жамбыл қаласындағы мекенжайын жазып берген еді. 1947 жылдың қаңтарында Жамбыл қаласына келіп ағаның мекенжайын тауып бардым. Мені ағаның жұбайы Бибіш шешей қарсы алды. Рашид ағаның 1944 жылы майдан даласында қаза тапқанын да сол кісіден естідім. Бірнеше күн тынығып, аздап демалғаннан кейін мамандығым бойынша жұмыс іздеуге кірістім. Кейін қаладағы анықтама бойынша «Восток загот зерно» мекемесіне мамандар қажет екенін білдім. Содан 1947 жылы 15 мамырда инспектор-ревизор қызметіне қабылдандым. Менің міндетім облыстағы астық қабылдау қоймаларынан тауар қабылдап, оны сақтау ережелерінің қатаң орындалуын қамтамасыз ету болды.

Осы қызметті 1949 жылы 20 маусымға дейін абыроймен атқардым. Маусым айында қалалық әскери қорғаныс мекемесі мені ішкі істер басқармасына жолдады. Ішкі істер саласында 28 жыл 9 ай жұмыс істедім. Сол аралықта Шу, Меркі, Сарысу, Байзақ және Талас аудандарында аға жедел уәкіл қызметін атқардым. Кейін Аса милиция бөлімін басқардым. 1966-1978 жылдары Тараз қаласы бойынша БХСС лауазымын атқардым».

Нұраш аға 1978 жылы 5 маусымда отставкаға шыққаннан кейін «Жамбыл Химстрой» тресінің «Су заводстрой» мекемесінің бөлімінде аға инспектор қызметін атқарып, зейнетке шыққан екен. Өмір жолында партия қатарында қоғамдық жұмыстарға да белсене араласқан. Соның көмегі тисе керек, Байзақ және Сарысу аудандық партия конференциясына делегат болған. Сонымен қатар әр жылдары ауылдық округте депутат болып сайланған.

Сол жолы Нұраш Құлметов отбасы туралы да әсерлі әңгіменің тиегін ағытып еді.
«Мен соғыстан қайтқан жылы, нақтырақ айтқанда 1948 жылдың 1 қыркүйегінде Ақбөпе жеңгеңе үйлендім. Өмірге 4 қыз және ұл бала келді. Үлкен қызым Бақыткүл 1967 жылы оныншы класты бітірген жылы жол апатынан қайтыс болды. Менің түйгенім және анық көзім жеткені мамандығы жоқ болса да балалар үйінде тәрбиелену деген бекер екен. Сондықтан қыздарым мен баламның жоғары білім алып, жақсы маман атануына бар күшімді жұмсадым.
Менің жастық шағым ауыр жағдайда өткенін жаңа айттым ғой. Елден бала кезімде кеткен соң ауылдағы ағайын-туыстарды да білмеймін. Мен көрген ашаршылық пен соғысты енді ешбір қазақ баласына бермесін деп тілеймін. Аман, сен әкеден жалғызсың. Сенің ел ортасында бала-шағаңмен аман-есен жүруіңді тілеймін» деп батасын берген еді ақсақал.

Нұраш Құлмаханбетұлы 1988 жылы 15 шілдеде ауыр науқастан 66 жасында дүниеден озды. Ал ағаның жұбайы Ақбөпе Жұмалықызы 2012 жылы 17 шілдеде 82 жасқа қараған шағында бақилық болды.
Қазақта «Орнында бар оңалар» деген ұлы сөз бар. Аға көзі тірісінде әпкесі Гүлсараны тауып, өмірінің соңына дейін жақсы араласты. Нұраш ағаның қыздары Қымбат пен Клара зейнетке шығып, немере бағып отырған жайы бар. Ағаның кіші қызы Ләззат АҚШ-та тұрады. Ағаның ұлы Марат Нұрашұлы 1998 жылдан бері «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясында қаржыгер қызметін атқарып жүр. Мараттың баласы Спандиярхан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жас мамандардан резерв құру туралы қаулысына байланысты тест тапсырып, 2019 жылы Президент кадрлық резервіне алынды. 2020 жылдың басында Президент Әкімшілігі Қазақстан даму банкіне жіберді. Қазір департамент басшысы. Бір білетінім, ағаның маған айтқан жылы әңгімелері жүрегімде мәңгі сақталады. Нұраш ағаның жатқан жері жайлы болсын. Майдангер ағамыздың ерлігін туған-туыстары, көзін көрген інілері ешқашан ұмытпайды.

Амангелді Керімбаев,
зейнеткер.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support