- Advertisement -

Арғынбай ағаның қолынан жолдама алған едім

133

- Advertisement -

Сарысу ауданындағы Байқадам орта мектебін 1973 жылы бітіргеніммен өзімнің бала кезімнен ұнататын мамандығым бойынша Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне 1979 жылы ғана түсудің сәті түсті. Бес жылдық студенттік өмір лезде өте шықты. Көптен армандаған көк диплом қолға тиген бетте Тараз қаласына тартып кеттім.

Кезінде өзім оқуға жолдама алған облыстық партия комитетіне келіп, осында сектор меңгерушісі болып қызмет ететін Арғынбай Бекбосыновқа дипломымды көрсетіп, жұмыс туралы сұрадым. Аға құттықтады да кітапшаны ашып, парақтай жөнелді. Содан соң барып тек қана Краснагор ауданында бос екі орын барын айтып, сонда баруға кеңес берді. Мен оған бірден келіспей, мені Мойынқұм ауданына жіберуді сұрандым. Үлкен кітапшаны қарап отырған аға ол ауданда орынның жоқ екенін айтқан бетте, мен сол аудандағы журналистердің мамандықтарын көруді сұрандым. Аға кітапшаға тесіле қарап «мыналардың біреуі ғана журналист қой, бесеуі басқа мамандық иелері, ал екеуінде тіпті мамандық та жоқ екен» деді.

– Сен осы ауданға барам десең мен аудан хатшысымен сөйлесіп, келіссе облыстық партия комитетінің жолдамасын қолыңа беремін, – деген Арғынбай аға Мойынқұмның алыстығы, қысы суық, жазы ыстық екенін де есіме салды. Бара қалған жағдайда кемінде үш жыл жұмыс істеуім керек екендігін де ескертті. Ал мен болсам мұның барлығын тыңдап, келісімімді бердім.

Арғынбай аға аудандық партия комитетінің хатшысы Исахан Кәметовке менің көзімше телефон шалып, ауданға жас маман жібергелі отырғанын айтты. Менің көршілес Сарысу ауданынан, Коммунистік партия мүшесі, отбасылы екендерімді де ұмыт қалдырмады. Ондағы журналистердің маман емес екендіктерін де есіне салды. Хатшы И.Кәметов келісім берді білем, Арғынбай аға бірден жолдаманы жаза бастады. Содан соң барып облыстық партия комитетінің хатшысына қол қойдырып келді де маған тапсырды. Журналист мамандығының қыр-сыры туралы қысқаша айтып, ақ жол тіледі. Бірден аудандық партия комитетіне баруды ескертті. Сол күні-ақ аудан орталығы Фурмановка селосына жетіп, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Айтбай Назарбековтың қабылдауында болып, жұмысқа кірістім. Міне, осылайша Арғынбай ағаның қолынан алған жолдама мені ешқандай кедергісіз жұмысқа тұрғызды. Көп ұзамай келесі жылы Арғынбай аға облыстық «Еңбек туы» газетінің бас редакторы болып тағайындалғанын баспасөз бетінен оқып, ағаға телефон соғып, қызметімен құттықтадым. Аға да менің жағдайымды сұрап, жақсы қызмет етуіме тілектестігін білдіріп жатты.

Мойынқұмда қызмет ете жүріп шалғай өңірдің ауыл шаруашылығы мен өндірісі туралы үздіксіз мақалалар жазып, өзекті деген мәселелерді көтеріп отырдым. Таразға келген сайын Арғынбай ағаға сәлем беруді ұмытпадым.
1990 жылы аудандық партия комитеті мені шалғайдағы малы көп, табиғаты қатал өңірдегі «Шу» совхозына партия комитетінің хатшысы етіп жіберді. Көп ұзамай Коммунистік партия тарады да, мен сол Ұланбел ауылындағы ауылдық Кеңестің төрағасы болып сайландым.

Бір күні жұмыста отырғанымда аудан әкімі Бағлан Қарашолақов түс қайта ауылға Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына үміткер Арғынбай Бекбосынов келетінін ескертіп, аға туралы маған қысқаша ғана мәліметтер берді. Мен де қарап қалмай ағаны бұрыннан танитынымды, тіпті ұстазым екенін де айтып салдым. Дереу кеңсені тазалатып, мамандарымды көше-көшеге жіберіп халықты құлақтандырдым. Түс қайта аға келісімен кездесуді өзім жүргіздім. Ағаны таныстырып, менің осы ауданға қызметке келуіме ағаның көп көмегі болғанын да айтып өттім. Жиналғандарды ағаны қолдап дауыс беруге шақырдым.

Аға да өз кезегінде көсіле сөйлеп, сайлаушыларды өзінің әдемі жан тебірентерлік сөздерімен баурап алды, бағдарламасымен таныстырды. Сайлаушылар Арғынбай ағаны қолдап сөйледі. Ол кезде бір орынға 3-4 үміткер таласып жататын. Мен осы ауылда сайлау комиссиясының төрағасы болатынмын. Сайлаудың қорытындысы бойынша Арғынбай аға сол жолы біздің ауылдан 92 пайыз дауыс алғаны әлі есімде.

Арғынбай аға облыстық газетті он жылға жуық басқарғанда газеттің беделін көтерді. Облыс көлеміндегі өзекті деген мәселелер газеттің әр санында жарық көріп жатты. Әсіресе журналист Рахметбек Өзбековтің қазақ мектептерінің мүшкіл жайы туралы «Азаматтық диалектикасы», белгілі ақын-журналист Жақсылық Сәтібековтің мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровқа араша түсіп, Фрунзе қаласындағы әйгілі соттан жазған «А.Асқаровтың ісі: сот жүріп жатыр» деген мақаласы, қазақтың кемеңгер ұлы Дінмұхамед Қонаевқа жала жабылғанда аталған таутұлғаға араша түскен мақалалары Коммунистік партияның қылышынан қан тамып тұрған кезінде-ақ жарияланып жатты. Ал мұның барлығы сол кездегі басылым басшысы Арғынбай ағаның көзсіз ерлігі деуге болады.
Арғынбай ағаның ел Тәуелсіздігін алмай тұрғанда, дәлірек айтқанда, 1990 жылдың 3 сәуірі күні облыстық газеттің атын «Ақ жол» деп атауы да ерлікке пара-пар еді. Айта берсек ағамыздың тек өзі басқарған басылым ғана емес өзі туып-өскен Байзақ ауданы, тіпті облыс көлемінде атқарған игілікті істері көптеп саналады.

Мен 1990 жылы журналистика саласынан ауысып кеткеніммен аудандық, облыстық газеттерден байланысымды үзгенім жоқ. «Ақ жол» газетіне 1992 жылы Алматы қаласында өткенДүниежүзі қазақтарының І құрылтайы, оған қатысқан Жамбыл облысының делегациясы туралы, ал 1994 жылы Мойынқұм, Шу аудандарының мәслихат депутаттары мен ардагерлерінің Астанаға барып ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Өмірбек Байгелдиев пен Мәжіліс спикері Орал Мұхамеджановтың қабылдауларында болғаны туралы мақалам жарияланды. Басқа да аудан көлеміндегі жылт еткен жаңалықтар, қол жеткен жетістіктер қолға қалам алдырып отырды. Арада 18 жыл өткенде Арғынбай аға басқарып кеткен облыстық «Ақ жол» газетіне менің де қолым жетті. Газеттің сол кездегі бас редакторының орынбасары Қуаныш Иембердиев пен бөлім бастығы, інім Амангелді Әбіл Мойынқұмға келіп, облыстық газетке қызметке шақырды. Ол кезде мен аудан орталығындағы Т.Рысқұлов атындағы орта мектептің директоры едім. Көп ұзамай басылым редакторы Мақұлбек Рысдәулеттің бұйрығымен газеттің Мойынқұм, Шу аудандарындағы меншікті тілшісі ретінде қабылданып, бүгінгі күні 100 жасқа толып отырған аға басылымға өз үлесімді қостым. Ал 2009 жылдан бастап 2022 жылға дейін Мойынқұм аудандық «Мойынқұм таңы» газетінде бас редактор қызметін абыроймен атқарып, облыстық басылыммен тығыз байланыста жұмыс істедім. Енді міне, зейнетке шыққаныммен кезінде қолыма жолдама беріп, жұмысыма жол сілтеген ағам, жазушы-журналист, қоғам қайраткері Арғынбай ағаның туған жеріне көшіп келгесін осы аудандағы «Ауыл жаңалығы» газеті бас редакторының орынбасары қызметі бұйырды.

Арғынбай аға 1937 жылы 17 маусымда Байзақ ауданының Қарасу ауылында дүниеге келген. Ағамыз тірі болғанда 85 жасқа толған мерейтойын тойлап отыратын едік. Ағамыздың облыстық басылымнан бөлек, аудан, облыс экономикасының артып, халықтың жағдайының жақсаруынада қосқан үлесі көп. Облыс көлемінде көптеген шәкірт тәрбиелеп, журналистика саласының қыр-сырын үйретті. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ортасына қарай Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесіне, кейіннен Парламентке депутат болып сайланды. Жоғарғы мінбеден талай мәрте елдің сөзін сөйлеп, күрмеуі қиын мәселелердің түйінін шешіп отырды. 1991 жылы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері» құрметті атағын алды. Ал талантты публицист ретінде Журналистер одағы халықаралық конференциясының және Қазақстан Журналистер одағы сыйлықтарының лауреаты атанды. 1998 жылы «Парасат» орденін кеудесіне тақты. Бірнеше кітап жазды, драматургия саласында да ізі қалды. Байзақ ауданының, Жамбыл облысының Құрметті азаматы атанды. Ағамыздың көп жылғы жемісті еңбектері әр жылдарда тиісті деңгейдегі марапаттармен аталып өтті.
Биыл облыстық «Aq jol» газетіне 100 жыл толып отырса, Арғынбай ағамыз 85 жасқа толар еді. «Адам өлген күні өлмейді, ұмыт болған күні өледі» деген сөз бар. Демек, Арғынбайдай арда азамат ешқашанда өлмейді. Байзақтықтар Ар-ағаңды әркез еске алып, әртүрлі деңгейдегі шаралар өткізіп келеді.

Сүндетулла ӘБІЛОВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі, Ақпарат
саласының үздігі, Мойынқұм
ауданының Құрметті азаматы.

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support