- Advertisement -

«Әкемнің «Жәмке» деген мейірімді сөзі жетпей тұрады»

70

- Advertisement -

Ақын-драматург, облыстық «Aq jol» газетін көп жылдар бойы басқарған қаламгер Арғынбай Бекбосынның туғанына биыл 85 жыл. Атпал азаматтың қаламгерлігі һәм қайраткерлігі туралы бұқаралық ақпарат құралдарының бетінде аз жазылып жүрген жоқ. Ал Ар-ағаның отбасының ұйытқысы ретіндегі қырын аша алдық па? Осы орайда біз 17 маусым қаламгердің туған күніне орай Арғынбай Бекбосынның қызы, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының докторанты Жәмилә Бекбосыновамен сыр-сұхбат құрған едік.

– Жәмилә Арғынбайқызы, біз Ар-ағаңның қажет жерде қаталдығы болғанын білеміз. Ал, ол кісі отбасында қандай еді? Балаға қалай қарады? Мысалы, дәл өзіңізге қалай қарады? Еркелетті ме, әлде қатал болды ма?

– Әке отбасында анаға қарағанда қаталдау болуы керек. Сонда да, әкемді шамадан тыс талапшыл, қатал болды деп айта алмаймын. Әкем табиғатынан өте салмақты адам еді. Қызметте болғандықтан, балаларына көп уақыт бөле алған жоқ шығар. Бірақ бос уақытын отбасымен бірге өткізуге тырысатын. Жаяу серуендегенді жақсы көретін. Өзі ғана кете бермей, қасына біздіде ертіп алатын. Ағам мен сіңлім төртеуміз Тараздың, Алматының талай ғимараттары туралы көкенің естелік-әңгімелерін тыңдағанды ұнататынбыз. Кейде кешкі ас үстінде өзінің балалық шағы туралы әсерлі әңгімелерімен бөлісетін, сол кештер әлі есімде. Балаларын күнде еркелетіп отырмаса да, әрқайсымыз әкеміздің шексіз махаббатын сезініп өстік. Әке махаббатының сиқыры да осында жатқан болар. Ана секілді жылы сөз, нәзік мейірім емес, асқар тау әке мықты сүйеніш, қамқорлыққа толы кең құшағымен ерекшеленетін тәрізді. Әкем үшін әрқайсымыздың орнымыз бөлек болатын. Нақты өзімді «Жәмке» деп еркелетуші еді, түрім мен мінезім апама тартқаннан болар маған деген көңілі ерекше еді.

– Түрім мен мінезім анама тартқандықтан, мені ерекше еркелетті деп отырсыз. Сонда Ар-ағамыздың анаңызға деген махаббаты ерекше болды ғой. Дариға анамызға мерекелерде сыйлықтар беруші ма еді? Құрметі қалай болды?

– Анам мен әкемнің арасында үлкен құрмет пен сүйіспеншілік болды. Әкем анамнан он бес жас үлкен болғандықтан, анам әкемнің қас-қабағына қарап, көңілінен шығуға тырысты. Ол заманның адамдарын білесіз сезімдерін сөзбен емес көзбен, іспен ғана көрсететін. Әкем де солай еді. Іссапарлардан анама гүл де әкелген кездері болған. Мейрамдарда анаммен қоса, қыздары біздерді де (сіңлім екеумізді) құттықтайтын. Ол үрдісінен жаңылмайтын. Анамды еркелетіп, кез келген уақытта сырласып, санасып отыратын. Ері бүкпесіз сырын айтып санасып тұрса, әйелдің бақыты осы болар деп ойлаймын.

– Әкеңіз үлкен қызметтерде болды, Парламентте депутат болды. Ар-аға қонаққа баруға уақыт таба алушы ма еді?

– Қазақта «Шақырған жерден қалма» деген бар ғой. Әкем осы қағиданы ұстанған секілді. Жауапты қызметіне қарамастан, уақыт тауып, шақырған жерлерден қалмауға тырысатын. Енді бір себептермен бара алмай қалған кездері де болған шығар. Көбінесе баратын. Шақырған кісілердің көңілін қалдырып, өкпелеткен кезі жоқ деп айта аламын.

– Ар-аға шығармаларын қай уақытта жазды? Бірнеше кітаптары жарық көрді. Әлде түнде жазушы ма еді?

– Әкем қызметін шығармашылықпен ұштастыра білді. Жұмыстан кейін, демалыс күндері үйдегі кабинетінде отырып, талай дүниелерді сапалы жазды. Бірнеше кітабы жарық көрді. Жалпы ақындық-жазушылық, өзіңіз де білесіз, қаламның шабыты келген тұста күн, не түн таңдамайды. Ондай да кездері болды. «Фәнилік драма» дәл осылай өмірге келді. Олардың бірінші сыншысы да, тыңдарманы да анам болды. Ал кейіннен зейнетке шыққан тұста шығармашылықпен кеңінен айналысуға мүмкіндік туды. Сондықтан да болар, кейінгі он жылдағы еңбектері де аз болған жоқ. Шығармашылығының жаңа белесі – орыс тіліндегі повестері де осы кезеңде жазылды. Өмірінің соңғы жылдарында да шығармашылығын дамытып, өте өнімді еңбек етті деп толық айта аламын.

– Ағайын-туыспен қарым-қатынасы қалай еді? Жиі араласып тұрды ма?

– Әкем өте бауырмал еді. Алыс-жақын туыстарының бәрін бірдей жақсы көретін, ешқайсысын өгейсітпейтін. Өзінің бірге туған бауырлары болмаған соң (ағасы Әшім Ұлы Отан соғысында қаза тапты, әпкесі жас кезінде қайтыс болды, іні-қарындасы нәресте кезінде шетінеп кетті) ауылдас, аталас, елдес, рулас ағайындарын жақын тартатын. Қолынан келгенше көмек қолын созуға дайын болатын. Кезінде Шу өңірінен қоныс аударған атақты батыр атамыз Балуан Шолақтан қалған ұрпақты іздеп, Ақмола облысына барғаны бар. Ақмоладан тапқан Балуан Шолақтың ұрпақтарын Жамбылдағы ағайын-туыспен таныстыруға атсалысқан да әкем еді. Облыстың сол кездегі әкімі Бөрібай Биқожаұлының келісімімен, даңқты атамыздың мерейтойына орай сонау Көкшетау өңіріне облыстан делегацияны бастап барып, сонда үлкен баяндама жасаған. Кеңес Одағының Батыры Ағәділ Сухамбаевтың да алдындағы інілік парызында абыроймен өтей білді. Сухамбаевтың есімі өскелең ұрпақ есінен шықпауы үшін талай еңбек етті. Тараз қаласының төрінен ескерткіш орнатылуына үлес қосты. Батырдың ерлігі туралы сыр шертетін «Нюрнбергтен бұрын» атты спектаклі бірнеше жылдар бойы облыстық драма театрда да, М.Әуезов атындағы академиялық театрда да сахналанып келді. Ағайын, туысқа деген қамқорлық, шапағат осындай-ақ болатын шығар.

– Қаламгерлермен, журналистермен, өнер өкілдерімен қарым- қатынасы қалай еді?

– Әріптестік қатынаста болды деуге болады. Өзімен замандас қаламгерлердің, журналистердің жеңістеріне қуана білді. «Шұғыла», «Ақ жол» газеттерінің бас редакторы болып жүріп, жас журналистердің өзіндік стилінің қалыптасуына септігін де тигізді. Түйіндеп айтқанда, әріптестік қарым-қатынасқа да адал болды. Баттал Жаңабаев ағаны құрметтеп, үзеңгілес інісі, замандасы Әлдихан Қалдыбаевпен де сыйласып жұмыс істеді.

– Әкеге деген сағынышыңыз басылмады ма?
– Әрине, басылған жоқ, басылмайтын да шығар. Осы бес жыл ішінде әкемді еске алмаған күн болған жоқ. Қуанған сәтте де, мұңайған кезде де әкем есіме түседі. Көкемнің «Жәмке» деген мейірімге толы сөзі жетпей тұрады.
– Арғынбай ағаға қандай құрметтер көрсетілуі керек деп ойлайсыз?
– Біраз тірліктер атқарылып келеді. Туған жері – Байзақ ауданының мұражайында әкеме арнап бұрыш ашылды. Еске алу іс-шаралары өткізіліп тұрады. Ағайын-туыстары да біраз іске бастамашы болып отыр. Туып-өскен ауылындағы, өзі кезінде салынуына атсалысқан мектепке әкемнің атын беруді, Таразда тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатуды қолға алып отыр. Ол кісілерге Алла разы болсын! Ендігі кезекте, мемлекеттік қызметін аяқтап, зейнетке шығып, елге, жерге асыққан осы Тараз шаһарында әкеме көше аты берілсе. Кезінде болашақ журналистер тәрбиелеуге атсалысқан М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіндегі аудиторияның біріне әкемнің атын берсе деген ой-тілек, ұсыныстар бар.
– Ар-ағаның үш ерекше қасиетін айтып бере аласыз ба?
– Өз басым әкемнің шыншылдығын, ержүректігін, парасаттылығы мен еңбекқорлығын ерекше бағалайтынмын. Ал ұлтжандылық қасиетін біздің де бойымызға сіңдіре білді.
– Арғынбай Бекбосынның қызы болып ғұмыр кешу ауыр ма, жеңіл ме, бақыт па?
– Адами қасиеті де, болмысы да ұштасқан адамның қызы болу Алла Тағаланың берген сыйы, үлкен бақыты деп білемін. Мен үшін әкем ең үлкен қаһарман, батыр тұлға болып қала бермек.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Есет ДОСАЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support