Даңқына куә кең дала, Шындықтың шыңы –Шераға!

Даңқына куә кең дала, Шындықтың шыңы –Шераға!
Саналы ғұмырында мінберден халықтың сөзін сөйлеп, мұңын жеткізген, қара бастың емес, «...Қара қазан, сары бала, қамы үшін қылыш сермедік...» дейтін Махамбеттерше ұлттың, ұрпақтың жайын айтып, кем дүниеден кең дүниеге рухы самғаған Шераға үшін енді өзінің елі сөз тізгіндейтін сәт туып отыр. Себебі Шераға мұралары бүгінгі буынға асыл аманат. Сондықтан ендігі таңда ұлы тұлғаны ұлықтап, ұрпаққа ізгі іспен насихаттаудың маңызы орасан зор. Қаранар қайраткердің тоқсан жылдығына орай еңселі ескерткішін салу мәселесі қоғамның қызу талқысына түсуде. Бұл іс үлкен жауапкершілікті талап ететіндіктен арнайы комиссия құрылып, ескерткіш эскиздерінің байқауы ұйымдастырылды. Қазіргі таңда жиырмаға жуық үміткердің ішінен үш ескерткіштің жобасы іріктеліпті. – Біздің басты мақсатымыз – Шерағаны ұрпаққа ұлағатты жолмен насихаттау. Және ол кісінің биылғы тоқсан жылдығын өзінің кіндік қаны тамған Әулиеатаның төрінде тағылымды әрі айрықша атап өту. Сондықтан да Шераға ескерткішіне байқау ұйымдастырдық. Шерағаның көзін көрген, сол кісі туралы шығарма жазған, сұхбат алған, ол кісінің шығармашылығымен етене таныс зиялы қауым өкілдерінен арнайы комиссия құрылды. Қазір бізге келіп түскен барлық ескерткіш үлгілерінің ішінен үш макет іріктелді. Енді олар халықтың талқысына түсетін болады. Ескерткіштің қай жерде орналасатыны да біз үшін, ел үшін маңызды. Қазір барлық ұсыныстар талқылануда. Қалай дегенмен қайраткердің ескерткіші шетте, көрінбейтін жерде, тасада тұрып қалмауы тиіс. Әрдайым өскелең ұрпаққа үлгі болып жарқырап тұруы керек. Ұрпақтың алдында ұялмай көрсетуіміз қажет. Шераға тек біздің өңірдің ғана емес, күллі қазақ халқының мақтанышы. Сондықтан ел аумағындағы, басқа өңірлердегі зиялы қауымның да пікірлері ескерілуде, – дейді «Көне-Тараз» қоғамдық қорының президенті, комиссия төрағасы Мұратбек Әзімов. Басқосу барысында облыс орталығындағы бірқатар орындар талқыланды. Комиссия мүшелері саябақтардан бастап, оқу орындарының аумағын толығымен саралап шықты. Халықаралық Тараз инновациялық институты ғимаратының алды, Шерағаның атындағы Баспасөз үйінің жаны және Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығы, Тұрар Рысқұловтың ескерткішінің маңы, «Мамыр саябағы» ең көп талқыға түскендердің қатарында болды. – Шерағаның ірілігін, қандай қайраткер болғанын дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Себебі, ол кісінің кім үшін шырылдап шындық айтқанын халық жақсы біледі. Ел тағдыры талқыға түскен сын сағаттарда елдің, жердің, тілдің жайын айта білді. Бабаларымыз 300 жыл қорғап кеткен сайын даланы шетелдіктерге сатқызбай қойғанының өзі ерлік емес пе? Қазір енді Шераға ескерткішінің орнын «Астана» шағын ауданындағы монументтің орнына қойсақ деген ұсыныс айтылып жатыр. Мен бұл ұсынысқа қарсымын. Себебі ол ескеркіштің де өзіндік орны, маңызы бар. Оны салған сәулетшінің авторлық құқын бұзуға болмайды. Мен ол кісінің ескерткіші осы өзінің атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының алдында болса деймін. Себебі осы жерде халық, әсіресе жастар, қала қонақтары көп жүреді. Достық үйіне келетін өзге ұлт өкілдері де Шерағаны көріп, ол кісінің шығармашылығымен танысатын болады. Өзінің атындағы руханият орталығы қай жағынан алып қарасаңыздар да ескеркішіне сұранып тұр, –дейді жазушы, комиссия мүшесі Көсемәлі Сәттібайұлы. Басқосу барысында комиссия мүшелері тарапынан айтылған барлық ұсыныстар қызу талқыға түсті. Ал сала мамандары аталған орындардың сәулеттік талаптарын, заңдылықтарын зерделеді.
Нұржан ҚадІрәлі