- Advertisement -

1922-2022: Шежірелі жылдар

45

- Advertisement -

«ЕҢБЕК ТУЫ»

(1988 жыл)

3 қаңтар. №2 (13.382).

Таралымы өсіп 38.000 данаға жеткен газет осы санында бір бағанаға ғана берілетін «Журналист толғанысы» айдарын ашты. Онда ең өткір мәселелер жайлы ой түйінделіп отырды. Кейінгі сандарында, сондай-ақ бүлдіршіндерге арналған «Жауқазын» бұрышының да тұсауы кесілді.

6 ақпан. №28 (13.408). Газеттің байырғы авторы, көркем әңгімелері де жарияланып жүрген дәрігер Сейітқасым Тәжбеновтің «Дәрігер болам десеңіз» мақаласы «Хатқа түйілген сыр» айдарымен жарияланды.

1 сәуір. №64 (13.444). Газет өзінің меншікті тілшісі Болат Шаймановтың Жаңатас қаласының шешімін күткен өткір проблемаларына арналған мақалалар циклін бере бастады.

15 сәуір. №74 (13.454). Қоғам қайраткері, журналист Жандар Кәрібаевтың «Хо ағайдың үйінде» (Въетнам әсерлері) жол жазбасы жарияланды.

11 мамыр. №92 (13.472). Өнеркәсіп пен құрылыс тақырыбына көп жазып жүрген газет тілшісі Әбілдә Сәрсенбиевтің «Үй салайын деп едік» мақаласы шаруашылық әдіспен және жеке үй салуға кедергі көптігін сынға алған.

30 маусым. №126 (13.506). Газет тілшісі, ақын Эра Орманованың «Қателік пе, қатыгездік пе?» деген мораль тақырыбына жазылған мақаласы шығып, оқырмандар арасында пікір туғызды.

25 тамыз. №164 (13.544). Сарысу ауданынан тұрақты жазып тұратын Бергентай Нұрмахановтың «Қулы мен Мұңлы» шағын дастаны шықты. «Әңгіме оқи отырыңыз» айдары ашылып, жазушы Мархабат Байғұтовтың «Шел» әңгімесі жарияланды.

21 қыркүйек. №182 (13.562). «Асыл мұра» айдарымен Бауыржан Момышұлының «Қаһарлы жылдар іздері» (сөйлеген сөздер, хаттар) жариялана бастады.

30 қыркүйек. №188 (13.568). Облыстық «Жігер» фестивалінде бірінші бәйге алған Көсемәлі Сәттібаевтың «Ұлыстың ұлы күні» әңгімесін газет сәт сапар тілеген сөзбен, автордың суретімен жариялады.  «Еңбек туы» мен Алматы облыстық «Жетісу» газеті журналистерінің үндесуі – «Шикізат неге көңілден шықпайды?» деген тақырыппен екі газетте де жарияланды.

(1989 жыл)

1 қаңтар. №1 (13.631). Жаңа жылдан бастап таралымы өсіп 39 мыңға жеткен газеттің бұл санында отставкадағы полковник Айтжан Қалтаевтың облыстық балалар ауруханасының дәрігері Мұхтар Тұматаевтың публицистикалық диалогы «Сергек сенім болса» деген тақырыппен жарияланды. Жаңа жылдық қызықты жарияланымдармен бірге Қуаныш Иембердиевтің «Қар үстіндегі қызғалдақ» новелласы да берілді.

12 қаңтар. №9 (13.634). Республикалық «Егемен Қазақстан» газеті жамбылдықтардың бастамасымен қолға алынған облыстық «Еңбек туы», «Жетісу», «Оңтүстік Қазақстан» газеттері журналистерінің үндесуіне жоғары баға берді, жариялаған мақалаларында мұны өзге өңірлердегі газеттер де тәжірибеге енгізуі тиіс деген пікір айтты. Бұл «Соңғы поштадан» айдарымен газетте жарияланды.

9 мамыр. №90 (13.720). Шетелге шығармашылық сапармен барып қайтқан газет редакторы Арғынбай Бекбосыновтың «Венгрлік вариант» жолжазбалары жариялана бастады.

5 тамыз. №150 (13.780). Қазақстандағы нашар дамыған 30 ауданның санатындағы Сарысу ауданының проблемаларына арналған бір беттік мақала жарияланды. Авторы – Қуаныш Иембердиев.

28 қыркүйек. №188 (13.818). Талас ауданындағы Үшарал ауылында Ұлбике ақын күндері өтті. «Ақын қайта қауышты халқыменен» мақала осы туралы.

14 қазан. №200 (13.830). Облыстық ақындар айтысы. Айтмұхамет Исақов бірінші орын алды. Кенен Әзірбаев атындағы жүлде Аяз Бетбаевқа берілсе, Үміт Битенова Ұлбике атындағы жүлдеге ие болды. «Еңбек туы» газетінің арнайы жүлдесін Серік Қалиев алды.

10 қараша. №218 (13.848). «Еңбек туының» жаңа айдары – «Көп бала көгергенімізге жақсы». Топтамада сауда қызметкері Абдолла Бақбергеновтың «Бала, бала, бала» деп» деген мақаласы бар.

«АҚ ЖОЛ»
(1990 жыл)

3 сәуір. №62 (13.942). Осы санынан бастап газет «Ақ жол» атауымен шыға бастады. Бірінші бетіне «Сапарың оң болсын дейік» деген редакциялық мақала жарияланып, онда басылымның тарихы, жаңа атауға ие болуы туралы айтылды. Ал «Ақ жолға» – ақ тілек» топтамасында «Социалистік Қазақстанның» бас редакторы Шерхан Мұртазаевтың, Қазақстан Журналистер одағы Басқармасының төрағасы, «Қазақстан коммунисі» журналының бас редакторы Камал Смайыловтың, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Талдықорған облыстық газеттерінің бас редакторлары Б.Мусин, Ә.Әлиев, Н.Уалиев, Н.Оразбеков, Т.Әбдуәлиевтердің құттықтаулары берілген.

11 сәуір. №68 (13.948). «Хат жолдарынан. Ой-пікір, күмән-күдік» айдарымен еңбек ардагері, қарт педагог Әкім Садықбековтың «Қонаевтың не кінәсі бар?» мақаласы жарық көрді. Сол кез үшін батыл жарияланым жұртшылық арасында үлкен пікір туғызды.

9 мамыр. №86 (13.966). Газеттің ардагері Сырайыл Керімбаев Кремльде Жеңістің 45 жылдығына арналған салтанатты жиналысқа қатысып, Одақтың басшылары алдында сөз сөйледі. Жеңіс парадына қатысты. Газет осы хабарды бірінші бетіне ардагер журналистің үлкен суретімен қоса жариялады. Газет тілшісі Қыстаубай Байтуов Алматыда, Д.А.Қонаевта болып, облыстық оны газетте жарияланған мақалалармен хабардар етті, әңгімелесті. Осы санындағы «Қонаевта болғанда» мақаласы осы туралы.

30 маусым. №124 (14.004). Республикада шілденің 1-інен «Тіл туралы» Заң күшіне енуіне орай газет «Қазақ тілі – Қазақ КСР-інің мемлекеттік тілі» бетін берді. Ондағы жарияланымдардың ішінде Қуаныш Иембердиевтің «Болашақ алдындағы борыш» репортажы «НОДФОС» өндірістік бірлестігінде қазақ тілін оқып үйренушілер үйірмесінен жазылған. «Жайлау» мәдениет және демалыс орнында «Тілім менің» мерекесінен де хабар жарияланған.

Дайындаған
Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support