«Тұлғаны ұлықтау деген – міндетті түрде көшеге есімін беру емес»
«Тұлғаны ұлықтау деген – міндетті түрде көшеге есімін беру емес»
– Біздегі мекемелердің кейбірінің аты жоқ, сосын атауы бар мекемелерді қайта атау жұмыстары былтырдан бері жүргізілген. Ол үшін Үкіметтің арнайы қаулысы шыққан. Мұндай жұмыстарды жүргізгенде біз міндетті түрде жалпы әдістемелік нұсқаулыққа, еліміздің тіл туралы заңының 25-те 5-бабын басшылыққа аламыз. Иә, осы жұмыстар барысында Д.Қонаевтың есімін Сарысуда бұған дейін С.Сейфуллин атымен аталып келген мектепке, Шуда Т. Рысқұловтың атындағы мектепті Ш.Мұртазаға беру туралы жағдайлар кездесті. Оны ауыстырудың себебі әлеуметтік желілерде де түсіндірілді. Біріншіден, С.Сейфуллин атында Сарысуда екі мектеп бар. Екеуі де екі елді мекенде болғанымен, бір білім бөліміне қарайды. Олардың құжаттарындағы мөрлері де бірдей болып тұрады. Бұлар кезінде екі аудан біріктірілгенде қосылып кеткен білім ошақтары. Десек те біз өз тарапымыздан жаңа есім беріп отырған жоқпыз. Әуелі мектепте, одан кейін ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ауыл тұрғындары да қолдау білдірді. Шу қаласы мен Төле би ауылында да осындай жағдай орын алды. Мәселен, Абай атындағы мектеп бар. Аудан халқы әлі күнге дейін ауызекі тілде «қаладағы Абай мектебі» және «ауылдағы Абай мектебі» деп атайды. Ол әлі ауыстырылған жоқ. Себебі әлі де түсіндіру жұмыстары жүргізілуі керек. Екі мектеп те Абайдың есімін бергісі жоқ. Бірақ талап бойынша ауысуы қажет. Осындай жағдай Т.Рысқұлов ауданының мектептерінде де бар. Құжаттарда келеңсіздіктер тудыратын болғандықтан оларды да ауыстыруды ұйғарып отырмыз. Бірақ ол әлі толығымен зерделенеді, түсіндіру жұмыстары жүреді, талқыланады. Түсіндіру жұмыстарының өзі кемінде жарты жыл жүргізіледі. Заң бойынша ұжым ұсыныс береді. Біз ауыстырыңыздар деп талап қоя алмаймыз. Өздігімізден ешқандай атауды өзгертпейміз. Бізге көптеген ұсыныстар келіп түседі. Көше, елді мекен атауы болса міндетті түрде ұсыныс сол тұрғындар арасында, қоғамдық кеңестерде, мәслихаттарында талқыланады, одан кейін барып ономастикалық комиссияға келеді. Ұсыныстың заңға сәйкестігін, томпақтығын ономастикалық комиссия зерделейді. Өлкетанушылар, тарихшылар, қоғам қайраткерлері, тиісті басқармалардың өкілдерінің талқылауынан өткеннен кейін барып оң немесе теріс нәтижесі шығарылады. Ал Тараз қаласындағы ұсыныстарды республикалық ономастикалық комиссия қарайды. – Өзіңіз білетіндей, биыл қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, белгілі жазушы, өңіріміздің ғана емес, Алаштың мақтанышы Шерхан Мұртазаның тоқсан жылдығына орай Тараздан көше беру ұсынысы жан-жақты талқыланып жатыр. Сала маманы ретінде бұл мәселеге қандай алып-қосарыңыз бар? – Әрине, Шерағамыздың мерейтойы – халықтың тойы. Бірақ ұлықтау деген міндетті түрде көшеге атау беру емес қой. Оның түрлі жолдары бар. Мысалы, Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай биыл 4 мектепке аты берілді. Оған қоса Талас ауданы, Қаратау қаласындағы аты жоқ №1 лицейге Шерағаның аты берілсе деген ұсыныс бізге түсіп жатыр. Баспасөз беттерінде, әлеуметтік желілерде де осы мәселе қызу талқыға түсуде. Сонымен қатар әр аудан қайраткердің есімін ұлықтауға белсенділік танытуда. Тараз қаласының орталығында атаусыз немесе жаңа көше жоқ. Ал тұлғаның бәрі – тұлға. Тарихта олардың үлкен-кішісі жоқ. Сондықтан қала орталығындағы басқа тұлғаның атындағы көшені алып тастай алмайсыз. Шеткеріректегі көшені берейін десеңіз «неге шеттен беріледі?» дейді. Онда тұрған ештеңесі жоқ. Ол жақта да халық тұрып жатыр ғой. Сондықтан оның барлығы зерделенеді. Десек те міндетті түрде көше берілсін деген қатып қалған қағида жоқ. Жоғарыда атап өткенімдей, ұлықтаудың басқа да түрлері бар. Мысалы, Шерхан Мұртазаның есімі облыс орталығындағы Баспасөз үйіне берілді. Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы бар. Тараздағы екі үлкен ғимарат Шерағаның атында. Үлкен, жаңадан бой көтерген №30 мектепке де Шерағаның аты берілді. Шераға есімін көшеге беру мәселесі алдымен қоғамдық талқылауға түседі. Қолдау тапқан жағдайда облыс орталығынан көше қарастырылуы әбден мүмкін. Жалпы бұрындары саябақ, көшелерге кісі есімі бірден беріле беретін. Себебі ол кезде ономастикалық комиссия болған жоқ. Бірінші ономастикалық комиссия 2013 жылы құрылды. Ереже сол кезде бекітілген. Ал өткен жылдан бастап министрліктен әдістемелік нұсқаулық бекітіліп келді. Ол жерде де кісі есімін беру туралы арнайы тармақ бар. Оған қоса әр аудан тарапынан Шерағаның атына бір-бір көше және нысандардың атауын берсек деген ұсыныстар түсіп жатыр. Ал кісі есімі берілу үшін талап бойынша ол тарихи тұлғалардың тізімінде болуы қажет. Ол тізім де өзгеріп отырады. Осыдан 3-4 жыл бұрын тарихи тұлғалар тізімінде 150 кісі болса, 2019 жылы 355 болды, қазір 555-ке жетіп отыр. Бұл Президент Әкімшілігімен келісілген, республикалық ономастикалық комиссия мақұлдаған тізім. әдістемелік нұсқаулық бойынша жылда қарашаның 1-не дейін аймақтар ұсыныс береміз. Сол бойынша тұлғалар кезең-кезеңімен енгізіліп отырады. Біз тек түскен ұсыныстың дұрыс-бұрысын қараймыз. Ел пікірі ескеріледі. Содан кейін ғана өзгертуге қатысты шешім қабылданады. – Былтыр тарихтың темірқазығына айналған Тараз шаһарының шығыс қақпасы жағында Керей мен Жәнібек бабаларымыз тұрса, енді батыс қақпасындағы жол ел тарихындағы соңғы ханымыз – Кенесары бабаның есімімен аталады деген жақсы хабар естіп едік. Бұл ұсыныс қашан жүзеге асады? – Қазір сол облыс орталығындағы Кенесары көшесін ауыстырып жатырмыз. Қаладағы Кенесары атындағы кішкене тұйық көшеде 4-5-ақ үй бар екен. Сол көшеге бұрын Кенесары бабамыздың есімі беріліп кеткен. Халық тарапынан «сондай үлкен тұлғаға кең көше табылмады ма?» деген мәселе көтерілді. Ақыры Кенесары бабамыздың атына лайық көше іздедік. Зерделесек, қаланың батыс қақпасынан бастап автобекет маңындағы көпірге дейінгі аралықтағы көшенің атауы жоқ екен. Соған Кенесарының атын беру туралы ұсыныс былтыр түсті. Жан-жақты зерделенді. Қоғамдық тыңдау өтті, Тараз қалалық мәслихатында қаралды. Бірауыздан ұсыныс қолдау тапты. Біз заңға сәйкестігін қарап, республикаға жібердік, ол жақта да көшенің ұзындығы, ауыстыру себептері сұралады. Қазір ол Әділет министрлігінің қарауында. Әлі қаулы шыққан жоқ. Жұмыс процедуралары жүріп жатыр. Соның нәтижесін күтіп отырмыз. Кісі есімі берілер кезде көшенің абаттандырылғаны, қай жерде орналасқаны, барлығына мән беріледі. Содан кейін барып халықтың ашық талқылауына түседі. – Еліміз тәуелсіздік алғанына отыз жылдан асса да әлі күнге идеологиялық құндылығы ескірген немесе дерексіз тұлғалардың есімімен аталатын көшелер бар. Олардың мәселесі қалай шешілуде? – Атап өткенімдей, тұлғалар тізімінде ел тарихында өзіндік орны айрықша тұлғаларымыз, Алаш арыстары, батырларымыз, әдебиетіміздің классиктері, қоғам қайраткерлері бар. Биылға тағы барлық аудандардан ұсыныстар жинақтадық. Бүгінгі күнге облыс бойынша 130-дан аса кісі есімін жинап отырмыз. Оны енді ономастикалық комиссия салмақтайды. Одардың бәріне бірдей көше жетпейді. Бізде мониторинг, электронды базамыз бар. Идеологиялық тұрғыда ескірген атауларды да зерделеп отырмыз. Топономикалық жүгі жоқ көшелер де көп. «Асфальтный», «Вишневый», «Огородный» деген көшелер де кезігеді. Ұлттық сипатты алға тарту үшін осындай көшелердің атауын да қайта қараймыз. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері облыста 3 мыңнан аса елді мекен, нысан, көшелердің тарихи атаулары қайтарылды. Екіншіден, дәстүрлі атаулар, үшіншіден, тарихи тұлғалардың есімдері берілді. Олардың барлығы аз жұмыс емес. Басқа өңірлермен салыстырғанда бұл жоғары көрсеткіш. Сондықтан көшелердің ескі атаулары жылда жаңарып келеді. Бізде кейде тұйық көшелер де ұзарып, өсіп жатады. Ондай жағдайда оларға да жеке-жеке атау беруге болады. Біз қаланың 81 көшесін тағы да республикалық ономастикалық комиссияның қарауына және өзгеруіне ұсыныс ретінде жіберіп қойдық. Олардың көбісі қалаға кейінгі жылдары қосылған Құмшағал, Шөлдала алқаптарындағы қайталанатын көшелер. Атап айтқанда, 81-дің 20-сы қайталанатын көшелер. Қалғандарының топонимикалық жүгі, мағынасы жоқ. Сондай-ақ әлеуметтік желіде қазір 565 көшенің атауын ауыстырайын деп жатыр деген ақпарат тарап жүр. Ол шындыққа жанаспайды. Облыста 5300-ден аса көше бар. Солардың 64 пайызы кісі есімі екен. Не ұлттық сипатқа жатпайтын, тіптен белгісіз кісілер де бар. Сондықтан тарихшылар мен өлкетанушылардың көмегіне сүйеніп отырмыз. Сондай 560-тан аса көшеге мониторинг жүргіздік. Бірақ олар бүгін ауысады деген сөз емес. Біздің алдымызда олардың бәрін бірдей ауыстыру деген міндет тұрған жоқ. Былтыр «Менің көшемнің тарихы» деген акция бастадық. Шара аясында ауыл ақсақалдары жастарға көшеге есімі берілген кісіні таныстырды. Нәтижесі жаман болған жоқ. Жалпы өмірлік қажеттіліктер, медициналық жәрдем, төтенше жағдай қызметі, пошта қызметі үшін мекенжайы, көшенің атауы болуы қажет. Ал сол атауының тарихы жастарға үнемі айтылып жүрсе, ол өскелең ұрпаққа үлкен тағылым. – Облыс орталығында атауынан ат үркетін кәсіби нысандар аз емес. Жаңадан ашылып жатқан сондай нысандардың оғаш атауынан күнделікті көз сүрінеді. Олардың иелерімен қаншалықты жұмыс жасайсыздар? – Рас, қаладағы кәсіпкерлік нысандарында шетелдік атаулар көп. Мемлекет басшысы елорданы жаңғырту бойынша кәсіпкерлермен өткен жиындардың бірінде Отанымыз біреу болғандықтан бұл іске жанашырлықпен қарауды тапсырған болатын. Бізде кәсіпкерлер әділет, салық орындарына барып тіркеледі. Олардың атауы ономастикалық мәселеге жатпайды. Мысалы, «Taraz Mall» сауда орталығының атын ағылшын тілін білетіндер түсініп оқиды, ал түсінбейтіндер «Тараз мал дегені несі?» деп жатады. Қазір сондай шетелдік атаулар көп болып кетті. Өз кезегінде мұндай атаулар жастарымыздың көзқарасына да әсер етіп жатыр. Бірақ бұл ономастикаға кірмесе де тілдің мәселесі. Ең бастысы, осыны ұмытпауымыз керек. Сондықтан ана тілімізге кәсіпкерлеріміз жанашырлықпен қараса, нысанына атау беруге ұқыптылық танытса деймін. Сондай кәсіпкерлер нысанының атына байланысты бізге қайырылса, кез келген уақытта кеңес беруге дайынбыз. – Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Нұржан ҚАДІРӘЛІ.