- Advertisement -

Баға саясатын бақылауға кім жауапты?

20

- Advertisement -

Қант бағасы тоқтаусыз өсуде. Қазірдің өзінде құмшекер бағасы нарықта 1,2 есеге жоғарылап кетті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен мəслихатта облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев айтты.

Елдің көкейінде тұрған бір ғана сұрақ – қант бағасының көтерілуіне не себеп? Осы сұрақтың түйінін біз қанша тарқатуға тырыссақ та жауапты мекемелер сырғытпа жауап беруден танар емес. Бәріне айтар жауабы біреу – «жұмыс істеп жатырмыз». Жұмыс істеп жатса неге баға тұрақтамайды?
Басқарма басшысының айтуынша, күнделікті сауда орталықтарына 40 тонна қант жеткізіліп, таратылуда. Бір апта бұрын әлеуметтік дүкендерде құмшекердің килограмы 330 теңге болса, бүгінгі таңда қант зауытының өткеру бағасы, яғни 440 теңгеге жоғарылады. Бұл әлеуметтік дүкендегі баға, ал басқа сауда орталықтарындағы баға 530 бен 560 теңгенің аралығында. «Республикамыздың өзге аймақтарымен салыстырғанда біздің облыста қант тапшылығы жоқ. Басқарма бұл бағытта жұмыс істеп жатыр. Соның арқасында ғана аймақтағы кондитерлік өндіріс ошақтарының жұмысы тоқтаған жоқ. Сауда орталықтарында құмшекер 5 килограмнан, ал әлеуметтік дүкендерде бір килограмнан артық босатылмайды. Қант бағасы тұрақтанып, шикізат қоры толыққанша осылай болады», – дейді ол.

Қант бағасының жоғарылауына түрлі себептер айтылуда. Соның бірі көрші мемлекеттегі геосаяси ахуалдың ушығуы. Қарап отырсақ, бұрын елімізге қанттың 50 пайызы шет мемлекеттерден, яғни Ресей мен Беларуссиядан тасымалданып келген. Біздегі қант зауыттары болса қант қызылшасын ғана өңдеуде. Оның өзі науқандық. Дегенмен Тараз қаласындағы қант зауыты қант құрағын өңдеуді жолға қойып, жұмысын жандандыра түскен.

Басқарма басшысының айтуынша, Ресей Федерациясына санкция салынбай тұрып елімізге қант құрағы теңіз логистикасы арқылы Латын америкасынан Ресейдің Новороссийск порты арқылы ешбір кедергісіз жеткізілген. Қазіргі таңда, елдегі қант зауыттарына шикізат Грузия еліндегі Батуми порты арқылы тасымалдануда. Оның өнімділігі жоғары, айталық, қант қызылшасынан 12-13 пайыз, ал қант құрағынан 97-98 пайыз таза қант алынады екен.

– Облыс тұрғындары айына 1800 тонна қант тұтынады. Оның 1600 тоннасы халық қажеттілігін жапса, 200 тоннасы кәсіпорындардың еншісінде. Бүгінгі таңда ақ-қант құмшекердің барлық қоры 208,9 тоннаны құрайды. Атап айтсақ, тұрақтандыру қорында 70, қоймаларда 58,2, сауда объектілерінде 80,7 тонна бар. Бұл тығырықтан шығу үшін тұрақтандыру қоры комиссиясының соңғы ұсынысы бойынша қорға шұғыл түрде килограмы 450-485 теңге аралығын құрайтын 1000 тонна қант сатып алу шешімі қабылданып, конкурс жарияланды. Қазіргі таңда жұмыс топтары апта сайын негізгі сауда орындарындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізуде. Сонымен қатар жуық арада Үндістан мемлекетінен квота арқылы 800 тонна ақ қант келеді. Оның бағасы 600 теңге шамасында болады, – дейді ол.

Бүгінге дейін сауда талаптарын бұзған, бағаның негізсіз жоғарылауына жол берген бес сауда орталығына хаттамалық ескерту берілген. Сонымен қатар басқарма тарапынан сауда орындарына делдалсыз отандық тауар өндірушілермен келісімшарт түзу жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына жататын 8 тауар түрі бойынша 86 сауда орталығымен келісімшарт жасалған.
«Тараз» ӘКК» ҰҚ» басқарма төрағасы Дәулет Әбілқайыровтың айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында өңірлік тұрақтандыру қоры жыл басынан бері 1 000 тонна кристалды қант сатып алған. Жоғары бағамен сатып алудан келген шығын 20 миллион теңгеден асқан.
– Тараз қаласында 18 әлеуметтік дүкен бар. Оларға күніне 10 тонна қант жеткізілуде. Қазіргі таңда 1000 тоннаға жоспарланған түйіршіктелген қант сатып алынуда, оның бір килограмы аталған дүкендерде 450 теңгеден зауыттық бағамен сатылатын болады, – деді ол.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ:
Басқосуда қос басқарма басшысы да қант бағасының не себептен қымбаттағаны туралы сұрақты айналсоқтап, сырғытпа жауап қайтарумен болды. Аспандияр Сейсебаев «Біз үйлестіруші органбыз, баға саясатын бақылау қала мен аудан әкімдерінің міндеті», деді бір жауабында. Келесі кезекте «Сіздер арқылы кәсіпкерлерге табыс көзін 7 пайыздан асырмауды сұраймын» деп үндеу тастады.
Бағаның құбылғанына 4 ай болды. Кейбір сауда орталықтарында құмшекер 700 теңгеден сатылуда. Ертең Үндістан мен Беларуссия мемлекеттерінен қант 600-700 теңге көлемінде жеткізіледі. Оның бағасының тағы қанша теңгеге көтерілері белгісіз. Тікелей кәсіпкерлермен жұмыс істейтін басқарманың 4 айдан кейін БАҚ өкілдері арқылы кәсіпкерлерге үндеу тастауы бізге де түсініксіз болып қалды.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support