Баланың еркелігіне байыппен қарамасақ, таяқпен тезге салудан түк шықпайды

19

Болашағымыз баянды болсын десек, өткенді саралап, бүгінмен өмір сүріп, өскелең ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне қазірден көңіл бөлгеніміз дұрыс-ақ. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелеуге мемлекеттен қыруар қаржы бөлініп, қажетінше қолдау көрсетіліп жатқаны белгілі. Балалардың әділетті қоғамда таршылық көрмей бақытты өмір сүруін ойласақ, қайыры бар істі әуелі балабақша жұмысын жүйелеуден бастаған жөн секілді. Себебі тиісті министрліктің мәліметіне сүйенсек, биыл тексерістен өткен балабақшалардың 80 пайызы мемлекеттік аттестациядан өте алмаған.

Кейінгі жылдары әлеуметтік желіде балаларға қысым көрсеткен тәрбиешілердің ессіз әрекеті ашық жариялана бастады. Мұндай жаға ұстатарлық жайттардан кейін ата-аналар да баласын балабақшаға жіберуге жүрексініп қалғандай. Өткен дәуірдегі аталардың баласын жетектеп «Еті сенікі, сүйегі менікі» деп молдаға тапсыратын қиын-қыстау күннің өткені қашан. Өкінішке қарай, айтқанға көнбеген баланы тәрбиелеуге келгенде байырғының тәсілін қолдануды дұрыс көретін тәрбиешілер де бар. Қоршаған ортаға қалыптасып үлгермеген, яки буыны енді қатая бастаған бүлдіршін әлдебіреуден қысым көрсе, жанарындағы «оты сөніп», жігерсіз болып жетілетінін психологтар да растайды. Кейінірек шегінсек, ел егемендігін алған жылдары ірі өндіріс орындары жабылып, жұмыссыздық қос бүйірден қысқан тұста балабақша мәселесіне ешкім бас ауырта қоймады. Ал соңғы 10 жылда балабақшаға сұраныс артып, сәйкесінше кәсіп ашып іс бастауға ниеттенгендерге ел Үкіметі барынша қолдау көрсетті. Осы жайттың барлығын бүге-шігесіне дейін біліп отырған Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов бірер аптаның бедерінде балабақшалардың сапасына қатысты өзекті мәселелердің басын ашып, қабылданатын шаралар жөнінде мәлімдеген-ді. Оның айтуынша, бүгінде жекеменшік балабақшалар көбейіп, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 99 пайызы балабақшамен қамтылыпты.

Демек балабақшаларға қойылатын талаптарды күшейту мәселесіне де мықтап назар аударудың орайы келген секілді. Асхат Қанатұлы «Балабақшалардың жартысы техникалық және санитарлық талаптарға сай келмейтін ғимараттарда, білікті мамандарсыз және қауіпті жағдайларда ашылған. Мұндай фактілер жеткілікті. Екі жыл бұрын біз лицензиялау мен мемлекеттік бақылауды қайтаруға әрекет жасадық. Алайда сол кезде кәсіпкерлер палатасының, балабақшалар қауымдастығының және бірқатар мемлекеттік органның ұстанымы бұл норманы заңға енгізуге мүмкіндік бермеді. Бірақ біз бұл бағытта жұмысты тоқтатпадық. Былтырдың соңында мемлекеттік аттестаттау жүйесін енгізе алдық. Аттестация нәтижесі көңілден шықпады. Тексерістен өткен балабақшалардың 80 пайызы мемлекеттік аттестациядан өте алмады» деді ресми хабарламада. Мұнда балабақшадағы техникалық талаптардан бастап, оқу-тәрбие жұмыстарының мемлекеттік білім беру стандартына сай келмеуі, санитарлық нормалардың сақталмауы, тәрбиешілердің жұмысқа салғырт қарауы сынды мәселелер ескерілген.

Қазір министрлік лицензиялауды қайтару, балабақшаны аттестациялаудан өткізу, балабақшаларға мемлекеттік тапсырыстарды орналастыруға қойылатын талаптарды күшейту, мектепке дейінгі мекеме қызметкерлерінің кадрлық әлеуетін арттыру, мектепке дейінгі білім берудің жаңа моделі бойынша бағдарламалардың мазмұнын жаңарту сынды маңызды шешімдерді іске асыруға күш салып отыр. Министрлік балабақша тәрбиешісі мамандығына оқуға түсуге ниетті жастардың азайғанын ескеріп, жалақы мәселесін реттеуге көңіл бөле бастады. Нәтижесінде бірнеше балабақшада тәрбиешілерді ауысыммен емес, таңнан кешке дейін жұмыс істеу жиілігін енгізу бойынша пилоттық жоба басталып кеткен. Енді жоба оң нәтиже берсе, тәрбиешілердің еңбекақысы екі есе өседі. Қалай десек те Балалар жылында өтетін үйреншікті іс-шаралардың қасында бұл игі бастаманың шарапаты мол болғалы тұр. Облыстағы мектепке дейінгі ұйымдарда бас-аяғы 6884 педагог жұмыс істесе, оның 5 мыңға жуығы тәрбиеші. Сондай-ақ 4780 педагог жоғары білімді болса, 2104 маманның орта және арнайы білімі бар.

Арнайы жоғары және техникалық-кәсіптік мектепке дейінгі білімі бар педагогтердің үлесі 66 пайызды құрайды екен. Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, ауылдағы мектепке дейінгі ұйымдарда еңбек өтілі 5 жылға дейінгі тәрбиешілердің жалақысы 147 мың теңге болса, қаладағылар ай сайын 184 мың теңге алады. Ал еңбек өтілі 12 жылдан асқан тәрбиешілердің еңбекақысы қалада 176 мың теңге болса, ауылдық жерде 221 мың теңгені құрайды екен. Бүгінде өңірдегі 569 (438-балабақша, 131-шағын орталық) мектепке дейінгі білім мекемелерінде 57 888 бала бар. Балабақшада орын тапшылығы жоқ. Облыста жекеменшік балабақшалардың да үлесі аз емес. Мәселен, 2010 жылы облыста тек 2 жекеменшік балабақша болса, бүгінде 217 жекеменшік мектепке дейінгі ұйымда (213 балабақша, 4 шағын орталық) 22 211 бала бар. Нақтырақ айтсақ, мектепке дейінгі ұйымдардағы балалардың 38,4 пайызы жекеменшік балабақшада тәрбиеленуде. Білім басқармасының жоспарына сәйкес, 2025 жылға дейін 7187 орындық 78 жекеменшік ұйым ашу жоспарланыпты. Сонымен қатар балабақшалардың сапасын арттыруға бағытталған жұмыс жоспары да ауқымды екен. Мысалы, басқарма тарапынан талаптарға сай келетін балабақшалардың тізімі әзірленеді. Яғни ата-аналар тізімдегі балабақшалардан өзіне қолайлы ұйымды таңдайды. Сәйкесінше, мемлекеттік тапсырыс ата-аналар таңдаған балабақшаға жіберіледі. Мұның өзі балабақшалар арасындағы бәсекелестікті арттырып, балалардың болашағына атүсті қарамайтын мекемелерді қолдауға жол ашып бермек.

Тізімдегі балабақшалардың
82 пайызы аттестациядан өтпеген

Облыста білім саласында сапаны қамтамасыз ететін арнайы департамент те бар. Бұрын департаменттің құзырына білім саласын бақылау, білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттаудан өткізу, профилактикалық бақылау сынды бірқатар шаруалар енсе, енді мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау міндеті жүктеліп отыр. Жоғарыда атап өткендей бұрын балабақша ашуды көздеген кәсіпкер департаментке портал арқылы жұмысын бастағаны туралы хабарлама жолдаумен шектелетін. Тек санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаментінен және өрт сөндіру қызметінен анықтама алып, жұмысын бастап кететін. Осы орайда бізге мектепке дейінгі ұйымдарды аттестациялау және енді қолға алынған лицензиялау тәртібі туралы облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Жасұлан Атенов айтып берген еді.

– Тәжірибе көрсеткендей, балабақшалардың жұмысында біраз кемшіліктер бар. Мұны әлеуметтік желідегі гу-гу әңгімеден және жеке тұлғалардың бізге жазған шағымынан білуге болады. Сондықтан министрлік балабақшаларды лицензиялау туралы шешім шығарды. Енді алдағы күндері бізге министрлік бұйрықты жібергеннен кейін жұмысты бастаймыз. Оның негізгі талаптары болады. Негізі мектепке дейінгі ұйымдардың оқу бағдарламасы, жоспары, педагогикалық қызметкерлердің біліктілігі, материалдық және техникалық базасы болуы керек. Асханасы, медициналық кабинеті, оқу, ойын бөлмелері секілді оқу-тәрбие процесіне қажетті шарттардың барлығы орындалуы қажет. Енді осы тектес талаптардың барлығын ескеріп, балабақшалардың ережеге сай жұмыс істеуін лицензиялау арқылы іске асырамыз. Лицензияға қойылатын жаңа талаптар қолға алынғаннан кейін ғана белгілі болады. Енді аттестациялауға тоқталсақ, биыл облыстағы 17 балабақша зерделеніп, соның үш балабақшасы бірінші реттен аттестаттаудан өтті. Қалған 14-і өте алмады. Міне, облыстағы балабақшалардың 82 пайызы аттестациядан өте алмады деген көрсеткіш осыдан шығып тұр. Алайда қалған балабақшаларға 1 айдан 6 айға дейін жұмысты жүйелеуге уақыт беріп, кемшілікті реттеуге қарайластық. Сәйкесінше олар да олқылықтың орнын толтырып үлгерді. Негізі біз жыл соңына дейін 180 мекемені дәл осылай аттестаттаудан өткіземіз. Қыруар тірлік әлі алда. Себебі талап бойынша мектепке дейінгі ұйымдар бес жылда бір мәрте аттестациядан өтуі қажет. Ол үшін мектепке дейінгі білім беретін ұйым басшылығы барлық құжаттарды тиісті комиссияға тек электронды түрде жолдайды. Комиссия құрамы соған қарап аттестациядан өткен не өтпегені туралы шешім шығарады, – дейді департамент басшысының орынбасары.

Жасұлан Атеновтың айтуынша, мектепке дейінгі ұйымдарды аттестациялау 2017 жылдан 2021 жылға дейін уақытша тоқтаған мезгілде бақылаудың болмауынан балабақшаларда кемшілік көбейіп кеткен. Сала маманы бақылау бар жерде тәртіппен қатар жүйелі жұмыстың да болатынын алға тартады.
Дейтұрғанмен мемлекеттің меншігіндегі балабақшалардың аттестациядан бөлек те бас ауыртатын мәселелері бар екенін осы саладағы мамандар жақсы біледі. Мысалы, мектепке дейінгі ұйымдар ата-аналардан алатын 6-7 мың теңге жарнаға ғимарттың сүрінген-бүлінген жерін жамауды айтпағанда, балалардың күнделікті тағамына жеткізуге келгенде абдырап қалатыны шындық. Кейінгі екі жылда азық-түлік бағасы аспандап кеткен соң, балабақшалар бүлдіршіндерді үш мезгіл тамақтандырады. Орташа есеппен балалардың бір күндік тамағы 275-315 теңгенің төңірегінде. Бұл дегеніңіз, өңірде балаларға тиісті мөлшерде колория бере алмай отырған ұйымдар да бар деген сөз. Балабақшадағы педагогтердің ең төменгі жалақысы 130 мың теңгеден басталса, шаруашылық жөніндегі мамандардың еңбекақысы шамамен 70-80 мың теңгенің көлемінде екен.

Біздіңше, кейбір бөбекжай-бақшалардың аттестациядан ә дегеннен өте алмауына осындай қарама-қайшылықтар да әсер етеді. Кім білсін, аттестациядан өтпеген балабақшалардың әкімшілігі олқылықты реттеуге қарамағындағылардан қосымша ақша талап етуі де мүмкін ғой. Қош, егер Үкімет балабақшаларға жеткілікті мөлшерде қаржы аударып жатса, талаптың үдесінен шықпаған ұйымдарды сынауға болар еді. Ал қаржы аудармай жұмыстың сапасын сұрау расымен де ақылға сыймайтын дүние. Осындайда тәрбиешілердің жалақысы жоғары болса, бәлкім сапа жағы да реттелерме еді деген ой келеді.

Әдетте біз өткен ғасырды мысал етіп, үйренеріміз көп деп жатамыз. Алайда сол қағиданың шеңберінде «Аюға намаз үйреткен таяқ» деп балаларға қол көтергеннен опа таппасымыз айдан анық. Мәселен, Жамбыл жыраудың өзі «Шағым» деген өлеңінде «Шып-шып етіп молданың қолындағы тобылғы, қозғалтпайды жон жағым, талай дүре соғылды», деп дүмше молдаларды сынаған. Қалай десек те сөзге көнбегенді тоқпақпен тезге салу деген ақылға сыймайтын дүние. Енді тиісті министрліктің тарапынан қабылданған шешімнің негізінде балабақшалардың жұмысы жүйеленер дегенге үміт басым. Себебі бүлдіршіндердің болашағына тек білікті мамандар жауапты болуы тиіс.

Сәндібек Піренов

Comments are closed.