- Advertisement -

Жаңа Қазақстан – жемқорлықсыз Қазақстан!

39

- Advertisement -

«ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі ел көлемінде «Жастар бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру жөнінде іс-шаралар кешенін жүргізу» тақырыбы аясында кең ауқымда семинар өткізді. Бейнеконференция арқылы елдің әр түкпірінен жүздеген азамат бас қосқан жиынға облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қатысып, тақырыпқа сай баяндама жасады.

– Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес – ең өзекті мәселенің бірі. Бұл індет – жеке тұлғалардың, жеке топтардың мүддесіне ғана кері әсер етіп қоймай, бүкіл елдің болашағына зардабын тигізуде. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру мақсатында өңірде құзырлы органдармен бірқатар бірлескен іс-шаралар атқарылуда. Жемқорлықтың алдын алу бағытында арнайы ведомствоаралық комиссия құрылған. Комиссия отырыстары тоқсан сайын өткізілуде. Жемқорлыққа жол бермеу мақсатында облыста және аудандар мен Тараз қаласында «Адалдық алаңы» жобалық кеңселері іске қосылған. Кеңсе өңірлік маңызды салалардағы тұрмыстық жемқорлықты жою және азаматтарға қолайлы орта құру, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында жұмыс жасауда.

Жобалық басқаруды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес әрбір мемлекеттік орган сыбайлас жемқорлықтың туындауының себептері мен шарттарын анықтау мақсатында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізеді. Бұл жұмысты үйлестіруді, әдіснамалық қолдауды Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жергілікті департаменттерінен арнайы бөлінген комиссар жүзеге асыруда.

Жұмыстарды тиімді әрі сапалы іске асыру үшін комиссарға облыстық әкімдіктің ғимаратынан арнайы бөлме бөлінді, – деген облыс әкімі мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыру мақсатында Мемлекеттік басқару академиясының базасында дәрістер ұйымдастырылып отыратынын атап өтті.

Сондай-ақ өңір басшысы тұрғындарға сапалы және бір терезе қағидаты бойынша қызмет көрсету үшін аймақта қалалық және аудандық деңгейде 12 сервистік әкімдік жұмыс атқарып жатқанын атап өтті.
«Сыбайлас жемқорлықпен күрес нәтижелі болуы үшін ең алдымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қажет, әсіресе, оны жастардың бойында қалыптастырудың маңызы зор. Сондықтан жастарымыздың бойынан әділдік, адалдық, мейірімділік және парасаттылық сияқты қасиеттерді қалыптастыруымыз қажет» деген Нұржан Молдиярұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен қабылданған Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасының іске асырылу барысына тоқталды.

Ал жиында сөз алған «ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев: «Біз халықтың ішінде көп жүретін адамбыз, көпшілік не айтып, нені сынап жатқанын күнде естіп жүрміз. Жұртшылық әлемді жайлаған геосаяси текетірес, экономикалық дағдарыс, қымбатшылық, бүгінгі өмір жайлы және еліміздегі жемқорлық, сотқа сенімсіздік туралы айтады. Сонымен қатар Президенттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы жасап жатқан батыл қадамдарын тілге тиек етеді. Тұрғындардың енді бұрынғы билікпен сыбайласқан олигархтардың жемқорлығын әшкерелеп, мемлекеттің байлығын жегендердің желкесінен шығарып мемлекетке қайтартқызып, халықтың игілігіне айналдырса екен деген талаптарын жиі естиміз», дейді. Ол сонымен қатар қоғамдық бірлестіктің атқарған жұмыстарын саралай келе бірқатар ұсынысын білдірді. Мысалы, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасының орындалуы туралы Парламентте қаралып, еліміздегі жемқорлықты жою бойынша күрделі шаралар қабылданып, заңсыз байығандардың мүлкін, қаржысын мемлекетке қайтару қажет деген ойын айтты.
Жиында сөз сөйлеген өзге де спикерлер Жаңа Қазақстанды құру үшін әрбір азамат сыбайлас жемқорлыққа қарсылық танытуы қажеттігін атап өтті.

Маржан Рақай

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support