Желіде әйелдердің зейнет жасына қатысты жалған ақпарат тарады

109

Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде Президент Жарлығы бойынша 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап әйелдердің зейнетке шығу жасы 58 жасқа дейін төмендетіледі деген ақпарат тарады. Бұл ақпаратқа қатысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі пікір білдірді.

Ведомство мәліметінше, Желіде тараған ақпарат шындыққа жанаспайды.

«Әйелдердің зейнетке шығуының заңнамамен белгіленген жасы халықаралық және отандық сарапшылар жүргізген зерттеулер нәтижелері мен ұзақ мерзімді актуарлық болжамдарға негізделген, халықаралық практикаға және әлемдегі қалыптасып отырған экономикалық және демографиялық жағдайға сәйкес келетінін естеріңізге саламыз. Бекітілген жас мөлшері базалық және ынтымақты зейнетақыны және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төленетін төлемдерді ескере отырып, қазақстандықтар құрметті демалысқа шыққаннан кейін тиісті зейнетақы төлемдерін қалыптастыру қажеттілігіне негізделген», — дейді ведомство өклдері.

Бұл ретте, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметінше, ынтымақты зейнетақы жүйесі біртіндеп қысқарып жатыр, өйткені оларды тағайындау кезінде 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін, яғни жинақтаушы жүйе енгізілгенге дейін әзірленген еңбек өтілі ескеріледі.

«Осыған байланысты міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылатын жинақтаушы зейнетақының рөлі артады, зейнетақы жарналарын аудару кезеңі мен мөлшері неғұрлым көп болса, ол соған сәйкес жоғары болады.

Ынтымақты еңбек өтілі жоқ және бүгінде жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатыспайтын қазақстандықтар үшін 50+ жасында ерте зейнетке шығу лайықты төлемдерді қамтамасыз етпейді», — делінген хабаррламада.

Сонымен қатар, қолданыстағы заңнамаға сәйкес азаматтарға зейнеткерлікке ерте шығу құқығы беріледі.

«Осылайша, БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары 55 жасқа (ерлер) және 52,5 жасқа (әйелдер) толғанда жеткілікті болған кезде қазақстандықтар зейнетақы аннуитетін ресімдей алады (зейнетақы жасына жеткенге дейін зейнетақы жинақтарынан зейнетақы төлемдерін алу құқығы).

2021 жылдан бастап БЖЗҚ салымшыларының кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті шартын жасасу мүмкіндігі бар. Яғни, әйелдер оны 42,5 жаста, ерлер 45 жаста жасай алады. Бұл ретте сақтандыру ұйымынан төлемдер тиісінше 52,5 және 55 жаста жүзеге асырыла бастайды.

Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтар зейнетақы аннуитетін 40 жастан пайдалана алады, бұл ретте осындай шарттар бойынша төлемдер 50 жастан басталады», — делінген ведомство хабарламасында.

Ведомство өкілдері азаматтардан фейктерге назар аудармауды және ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуды сұрайды. Сондай-ақ, жалған ақпарат таратқандар заң бойынша жазаланатыны айтылды.

tengrinews.kz

Comments are closed.