- Advertisement -

Ардагерлер ауылға келді

109

- Advertisement -

Диқан ауылдық округінің тарихы тереңнен басталады. Кешегі Кеңестер Одағы кезінде Ленин колхозында ауыл шаруашылығы, оның ішінде егіншілік басым болғанын білеміз. Колхозда қант қызылшасы, арпа, бидайдан мол өнім алуға қол жеткізілгенін бүгінгі аға буын өкілдері айтып отырады.

Ал кейінірек бұл ауылда мал бордақылайтын мамандандырылған шаруашылық бірлестігі құрылып, бордақыланған малдар Тараз қаласындағы ет комбинатына жоғарғы сапамен өтіп жататын. Шаруашылықтың жыл он екі ай бойы айналып келіп жататын жауапты науқандарында қызылша, арпа, бидай егіп, мал бордақылауда жоғары жетістікке жетуге көп еңбек сіңірген азаматтар аз болған жоқ. Олар кезінде адал еңбектеріне қарай жергілікті жерлерден бөлек мемлекеттік марапаттарға да ие болып, халықтың алғысына бөленгені рас. Өкініштісі сол, сондай табыстың тайқазанын тасытқан ардагер ата-апаларымыздың дені бүгінде арамызда жоқ. Санаулы ғана барының өзі 80-90 жасты алқымдап қалды. Әрине, бұл өмір заңы. Солай болғанмен бүгінгі олардың ұрпақтары осындай арда азаматтарды естерінен шығармай, үнемі еске алып отыратыны көңілге қуаныш ұялатады. Соның бір дәлелі – бірнеше жылдан бері айтылып келе жатқан «Ардагерлер аллеясының» ашылу салтанаты өткен аптада өтті.

Диқан ауылдық мәдениет үйі алдындағы алаңқайға екі қатар етіп 32 еңбек ардагерінің мрамор тасқа қашалып салынған суреттерінің астына еңбектері туралы қысқаша анықтамалар берілген. Әрбір портреттің тұғыртасқа мықтап бекітілгені көрініп тұр.
Көрер көзге тартымды көрінген «Ардагерлер аллеясының» ашылу салтанатына қолдарына шоқ-шоқ гүл ұстаған ауыл халқы мен қонақтар ертемен жиналды.

Салтанатты шараның ашылуында аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов, аудандық, ауылдық ардагерлер кеңестерінің төрағалары Серік Ермеков, Әзімбек Ойықбаев, Диқан ауылдық округінің әкімі Жұман Әбдуалиев, зейнеткер-ана Кенжекүл Заурбековалар сөз алып, осы ауылда туып, ел игілігі үшін аянбай еңбек еткен ардагер ата-апаларымыздың өмір жолдарына қысқаша тоқталып өтті. Ал осындай азаматтарды естен шығармай игілікті іс жасап отырған ауыл азаматтарына алғыстарын айтты.
«Ардагерлер аллеясының» ашылуына арналған лентаны аудандық, ауылдық ардагерлер кеңестерінің төрағалары С.Ермеков пен Ә.Ойықбаев қиды, көпшілік аллеяға кіріп, ата-бабалары, әке-шешелерінің портреттері алдына гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.

Аллея ауыл әкімдігі мен ауылдық ардагерлер кеңесінің бастамасымен салынғанын да айта кеткен жөн.
– Аллеяны салуда көп ізденуге, көп жұмыс істеуге тура келді. Ауылда қызмет, жұмыс істеп абыройға бөленген азаматтар бұдан да көп. Алайда ауылдық ардагерлер кеңесі, округ әкімшілігі, басқа да ұйымдар халықпен келісе отырып саябаққа мемлекеттік марапат алған азаматтардың портретін қоюды дұрыс деп таптық. Құрылыс басында Абай Иманбаев, Кенжебек Нұрпейісов тәрізді ардагерлер үнемі ақылдарын айтып отырса, Ақылбек, Мәулен, Марат және тағы басқа жас жігіттер көп жұмыс атқарды, – дейді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әзімбек Ойықбаев.

Ел қамын ойлап, намысын қорғаған, еліне елеулі еңбек сіңірген абыройлы азаматты халық ардагер деп жоғары бағалайды. Ондай азаматтар қоғамда ерекше істерімен, ақыл-парасатымен, адамгершілік асыл қасиетімен, берекелді беделімен дараланып тұрады. Міне, осындай асыл азаматтардың бір парасына құрмет көрсетілді. Олар ауыл ғана емес, аудан экономикасының да еселеп артуына, халықтың әл-ауқатының жақсаруына, бүгінгі ұрпақтарының бейбіт өмірде бақуатты өмір сүрулеріне мол үлес қосқан жандар. Сондықтан да диқандықтар салтанатты шара соңында ауыл мешітінде жиналған көпшілікке ас беріп, өмірден өткен ардагерлерге құран бағыштады.

Сүндетулла ӘБІЛОВ,
журналист.

Байзақ ауданы,
Диқан ауылы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support