1922-2022: Шежірелі жылдар
1922-2022: Шежірелі жылдар
«Ажар» – әйелдер беті Талас ауданы «Ойық» совхозындағы он және одан да көп бала тауып, тәрбиелеп өсірген 69 анаға арналды. 1 ақпан. №23 (12.963). Газет тілшісі Рахметбек Өзбековтің қазақ тілі мен қазақ мектебінің мүшкіл халін қозғаған, сол кезең үшін өте батыл «Азаматтық диалектикасы» мақаласы «Журналист мәселе көтереді» айдарымен жарияланды. Қоғамдық пікір туғызып, оқырмандар да қызу үн қосты. Басылымның таралымы бұл кезде 33520-дан асқан еді. 1 наурыз. №44 (12.984). Облыстағы өмірі өнегелі, тәжірибесі мол, зиялы ардагерлерге кезекпен сөз берілген «Өмірдің ғибратты сәттері» беті ашылды. Алғашқы сұхбатта Социалистік Еңбек Ері, Одақтық мәндегі дербес зейнеткер Әзімбек Смайылов сөз алды. Газеттің кейінгі сандарында арнаулы бет жүйелі беріліп, халық қадірлеген азаматтар елімен сырласты. 3 шілде. №130 (13.070). Суырыпсалма ақындардың, термеші- жыршылардың, күйшілердің, асабалардың өнер сайысы өтті. Газет «Ұрпақтары жыр алыбы Жамбылдың, төгілткенде маржандарын ән-жырдың» деген жалпы тақырыппен бет берді. Ақындар Ш.Мамасерікова, С.Қалиев, Ә.Жанқұлиев, А.Бетбаев, Ә.Ақылбаев, Ә.Мұртазаев, Ә.Әлменов, Қ.Пірімқұлов, С.Әсілов, Ш.Айдаров жүлдегерлер атанды. Асабалардан Толымбек Әлімбеков – бірінші, қордайлық Серік Әбітбеков, шулық Бақытжан Айнабалаев, таластық Роза Әбдірахманова тиісінше екінші, үшінші орын алды. Луговойлық Сұраншиевтер ансамблі үздік деп табылды. 19 қыркүйек. №183 (13.123). Алматы жоғары партия мектебінің тыңдаушысы Мақұлбек Рысдәулетовтің «Газетім – ақылшым, сырласым...» мақаласында Жуалы ауданындағы «Большевик» колхозының трактор бригадасының бригадирі Аман Керімбаев туралы айтылады. Ол он жеті жыл бұрын газетте жарияланған «Досым-ау, мен саған не деймін?» мақаласында сөз болған ауыл жастарының бірі. Содан бергі уақытта еңбекте шыныққан, Ванновка ауыл шаруашылық техникумында сырттан оқиды, облыстық газетті ақылшы, сырласы санайды. 22 қазан. №205 (13.143). «Еңбек туының» экономикалық беті – «Іскерлік» тұсауын кесіп, Жамбыл ауданы «Октябрь» колхозының төрағасы Махмұд Әшіровтің «Ұсынықтылық жолымен» мақаласымен шықты. 26 қараша. №229(13.169). Мал шаруашылығы қызметкерлеріне арналған «Мәслихат» клубы ашылды. Алғашқы сөз Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Шу ауданындағы Ленин атындағы колхозының Ленин орденді аға шопаны Серік Оңласыновқа берілді. Оның мақаласы «Қыс сынынан сүрінбейік, әріптестер!» деген тақырыппен жарияланды. (1987 жыл) 3 қаңтар. №2 (13.192). «Еңбек туы» мен Моңғолияның Қобда аймақтық «Ходөлмөр» (қазақшалағанда «Еңбек») газеттерінің бірлескен саны шығарылды. Жамбыл мен Қобда қалалары бауырлас деп жарияланған болатын. 27 ақпан. №43 (13.235). «Еңбек туы», «Онтүстік Қазақстан» және «Ленин туы» (Қызылорда) облыстық газеттерінің бірлескен саны «Күрес. Ізденіс. Нәтиже» деген тақырыппен шықты. 9 сәуір. №76 (13.261). «Еңбек туы» мен Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газеті журналистерінің іскерлік диалогы. Жамбыл металл құрастырмалары зауыты қарағандылықтардың шикізат бермеуінен міндеттемесін орындамағаны әңгіме өзегі болды. Бұл екі газеттің де бірінші бетінде берілді. 1 мамыр. №88 (13.278). «Еңбек туының» тұңғыш санының шыққанына 65 жыл толуына орай газеттің бірінші бетінде «Өмірге бірінші мамырда келген» деген тақырыппен мақала берілді. Онда басылым тарихы қысқаша баяндалып, алғаш 300 дана таралымының 35 мыңға жеткені айтылады. 5 мамыр. №90 (13.280). Облыстық партия комитеті мен КСРО Журналистер одағының облыстық ұйымы жастар тақырыбын жазуға конкурс жариялаған болатын. Оның жүлдегерлері арасында «Еңбек туының» жас журналистері Қуаныш Иембердиев, Көсемәлі Сәттібаев, Мақұлбек Малдарбеков бар. 16 мамыр. №97 (13.287). Табиғат достарының «Жазира» бетінің тұсауы кесілді. Осы санында қала іргесіндегі Дунгановка ауылынан келген сазгер Шәмші Қалдаяқовпен журналистердің кездесуі туралы хабар жарияланды. 13 маусым. №114 (13.304). «Жамбыл, Кенен ұрпақтары жырлайды». Ақындар айтысынан есеп осындай тақырыппен берілді. Бұл жолғы жыр додасында Әзімбек Жанқұлиев бірінші орынды жеңіп алған еді. «Еңбек туы» газетінің арнайы жүлдесі журналист-ақындар, меркілік Серік Құралбаев пен сарысулық Әлсейіт Әлменовке тапсырылды. 22 тамыз. №162 (13.352). «Еңбек туының» кітапқұмарларға арналған «Жансерік» бетінің тұсауы кесілді. 2 қыркүйек. №169 (13.359). Газет тілшісі, өткір жазылған жарияланымдарымен көрініп жүрген Мейрамбай Сатыбалдиевтің «Адаспашы, анашым» мақаласы мораль тақырыбын қозғады. 14 қазан. №220 (13.350). Теміржол бойындағы ауыл тұрғындарының мұң-мұқтаждары газеттің арнаулы тілшілері Ахметжан Қосақов пен Рахметбек Өзбековтің «Станция тұрғындары неге мұқтаж?» мақаласында кеңінен айтылды.
Дайындаған Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ.