Ахмет Байтұрсынұлы һәм қазақ газеттеріндегі тіл мәселесі
Ахмет Байтұрсынұлы һәм қазақ газеттеріндегі тіл мәселесі
Әуелі қазақ журналистикасының тарихы, оның ішінде алғашқы газеттер туралы айтқанда «Түркістан уәлаяты газеті» мен «Дала уәлаяты газетін» айналып өте алмаймыз. Бұл екі газетте де қазақ тілі мәселесі аз көтерілген жоқ. Оның бір мысалы – Жәнібек Әлимановтың зерттеу мақаласы. «Түркістан уәлаяты газетінің» тілі қазақтың ауызекі тіліне жақын болса, «Дала уәлаяты газеті» ертегілер мен әңгімелерді, әдеби туындыларды жариялап отырған. Мысалы, Ыбырай Алтынсарин мен Абай Құнанбайұлының аудармаларын жиі басып, «редакцияға хат» деген айдармен тіл мәселесіне қатысты оқырман хаттарын беріп отырғанын байқауға болады. Ілгеріде айтқан автор өз мақаласында «Дала уәлаяты газетінде» тіл мәселесі ең ауқымды тақырып болғанына сонда жарық көрген материалдарды зерттеп, зерделегенде көз жеткізгенін жазады. Мәселен, «1888 жылғы 42-нөмірінде Б.Адықовтың редакцияға жолдаған хаты жарияланыпты. Онда: «Осы уақытта Қазанда һәм басқа шаһарларда басылған кітаптар түрікше, ноғайша аралас тілдермен жазылған. Бұл қазаққа түсінікті емес. Сондықтан таза қазақ тілінде кітаптар шығарса, қазаққа пайдалы болар еді», деген өткір пікір айтылған. Сондай-ақ Д.Сұлтанғазинның «Қазақ тілінше жазу турадан» мақаласында қазақтың сөздік қорындағы кірме сөздердің тілімізге енуін, сіңуін жан-жақты қарастырып, оған өзіндік пікірін білдіргенін жазса, «Қазақ сөзін қалайша жазу турасы» атты мақаласында автор сол кездегі графика мәселесіне, орыс ғалымдарының, қазақ оқығандарының көкейіндегі даулы мәселелерге де тоқталған. Бұдан бөлек Рақымжан Дүйсенбаев өзінің «Харіп турасының сөзі» мақаласында төл дыбыстарымызды еш кедергісіз таңбалап, қағаз бетіне түсіру үшін әліпбиімізді түсінікті етіп бір ізге түсіру керектігін жазады. Тіл мәселесіне қатысты Асылқожа Құрманбаевтың да мақаласы жарық көріп, онда қазақ тілінің сөздік қоры туралы айтылады. Бұдан бөлек, «Қазақ» газетінде де аталмыш тақырып аз қаузалмағанын көруге болады. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлы өзінің мақаласында тілдің болашағына алаңдап, сол замандағы араб пен парсы сөздерінің араласуымен жазылған әдеби тілдің қазақ тілін бұзып жатқанын айтқан. Сондай-ақ орысша оқығандар қазақ тілінде өз ойын толық жеткізе алмайтынын айта келе, «қазақ тілімен жазуға қорынып, бірі орысша жазады, бірі әдеби тілмен жазады» дейді. Сөйте келе, «мұнан былай да осы бетімізбен жүре берсек, ықтисадта қазақ тілі азып-тозып, бірте-бірте тұтынудан шығып, әуелі қазақша жазу ұят көрінер, сонан соң қазақша сөйлеу ұят көрінер, онан әрі не болары белгілі. Оқыған жастарымыз қазақ тілінен жиренсе, қарттарымыз мың жасауға болмаса, қазақ тілі жан сақтайтын орын жоқ» дейді. Оның және жолын көрсетіп, «тұтынбаған нәрсе жоғалады» деп, газет оқуға, өз тілінде сөйлеп, жазуға шақырады. Мәселен, «Қазақ» газетінің 1913 жылы шыққан №1 санындағы «Оренбург, 10 феурал» деген мақалада «Арамызға һәр түрлі жұрт кіріскенде, солармен қатар, атымыз жоғалмай, қазақ ұлты болып тұра аламыз ба? Осы – бізді төсекте дөңбекшітіп, ұйқымызды бұзатын нәрсе. Басқа жұртпен араласқанда өз алдына ұлт болып, өз алдына тілі бар, өз тілінде жазылған сөзі (әдебиеті) бар жұрттар ғана тұрады. Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы һеш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады. Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағанда тіліміз, дін де сақталу қамын қатар ойлау керек» дей келе, «Мұсылман медреселерінде оқығандардың естігені әдеби тілмен жазған кітап, жазғанда да сол кітаптардың тіліне салып еліктеу. Ол әдеби тіл деген қандай тіл? Араб, парсы сөздері көп кіріскен тіл. Неғұрлым араби, парси сөздері көп қосылса, неғұрлым қара халық түсінуге ауыр, хатта тіпті түсінбейтін болса, соғұрлым әдебилірек болады деп тұтынған жолдан шыққан тіл. Бұл тіл халықтан тумаған, жаны жоқ тіл», дейді. Жалпы, тіл туралы Ахмет Байтұрсынұлының мақала жазуы таңсық емес. Дейтұрғанмен, бұл мәселенің 1913 жылы күн тәртібінен түспегені көп нәрсені аңғартса керек. Егер сол заманда ұлт жанашырлары тілдің қамын дәл осылай күйттемегенде, тілдің бүгінгі жайы қалай боларын кім білсін. Мұндай мақалалар тек А.Байтұрсынұлы ғана емес, өзге авторлардан да көп келгенін газет мұрағатынан көз жеткізуге болады. Соның бірі газеттің 1913 жылғы №22 санында (16 шілде) «Жазу мәселесі» тақырыбында жарияланған Шаһкәрім есімді автордың мақаласы. Онда «қазақ дыбысына қарай хәріп түзету туралы» жазылған. «...біздің хәрпіміз – араб хәрпі. Оны өзгертуді жұрт ұнатпайтыны белгілі болған. Қауым қабылдамаған хәріп қала берген де. Жолы болған «г, ң, в» секілділер ретке кіріп кеткен. А.Байтұрсынұлының «хамзасы» мен «қос нүктесін» жұрт қабылдағаннан-ақ ұнатамыз. Бірақ хамза әліф орнына жүруші еді. Оны басқа хәріпке қоймаймыз деп әуре қылар-ау деп шошимын. Сірә, солай қыла қалса, менің ойыма келетұғыны баспа машинасына реті келсе, кейде үтір орнына үлкен «уау» салсақ жазуымыз едәуір түзелер еді деп ойлаймыз», дей келе бірнеше мысалдар келтіріп, харакаттарды орнымен қою туралы айтады. Осы мақаланың астына Ахмет Байтұрсынұлы жауап жазып, Шаһкәрімнің және «Айқап» журналының № 9-10 сандарында жазылған Ғ.Мұса мырзаның сөзіне былай деп жауап қайырған: «Шаһкәрім ақсақалдың керек деп отырған хәріп үстіне, астына қойылатын үтір, аст, сүкін, аст һәм «уау» жалғыз жазғанда ғана емес, басқа басқа сөзге де қойыларға керек. Баспа жүзінде оның қолайсыздығы мол», деп, харакат қойып бастыру екі есеге қымбат түсетінін, олай болатыны харакатпен бастыру қиын әрі көп орын алатынымен байланысты дейді. Харакаты жоқ екі жолдың орнына харакаты бар бір жол түседі, осылайша екі есе көп орын алады. Оның үстіне балалардың басын қатырмай, «үтір» демей, бірден «у» деп дыбыстың өзін оқытқан дұрыс емес пе дейді. Дәл осылай газеттің №34 санында «Жазу мәселесі» мақаласында А.Байтұрсынұлы Ғ.Мұса мырзаның сөзіне жауап жазып, «әуелі екеуміздің айырылатын жеріміз: Ол «у» орнына «و»ды алды да, «о» үшін «ؤ»ды лайық, иәки басқа бір белгі жасалық, мысалы, «و»дың құйрығын қайырып қоялық дейді. Мен «у» орнына «ؤ» аламын, «о» орнына «و»ды аламын деп, оның себебін түсіндіреді. Сондай-ақ осы мақаланың жалғасы «Қазақ» газетінің №35, 24 қазандағы санында жарияланады. Онда да «Жазу мәселесі» тақырыбымен жазылған мақалада «ы», «э» дыбыстары хәрпінің дұрыс жазылуы туралы баяндалады. Газеттің №36 санында тағы да жалғасы жарияланып, ол жерде А.Байтұрсынұлы сөздің басына сүйеніш таяқ қоямыз десе, Ғ.Мұса мырза керек жоқ дейді. Осыған байланысты А.Байтұрсынұлы өз нұсқасына қатысты мысал келтіреді. Міне, осы мақалаларға қарап-ақ, жазу мәселесін газет бетінде талқылап, ақылдасып, ортақ шешімге келіп отырғанын көруге болады. Ал ХХІ ғасырдағы қазақ баспасөзіне келер болсақ, бүгінгі таңда да белгілі, беделді басылымдар мемлекеттік тілдің мәселесін аз көтеріп жүрген жоқ. Тәуелсіздіктің отыз жылында да бұл мәселе талай рет айтылды. Мәселен, республикалық басылымдарда мамыр айында бірқатар мақалалар жарияланған. «Егемен Қазақстан» газетінде «Руханият» айдарымен «Тілдің көсегесі қайтсе көгереді?», «Ана тілі» газетінде арнайы «Тіл» айдарымен «TIJI» телеарнасы қазақша сөйлейді», «Қазақ тілтанымының болашақ бағдары», «Тіл білімінің болашағы талқыланды», «Мемлекеттік тілді ғылым тіліне айналдыру қажет», «Тіл жанашыры» мақалалары жарыққа шыққан. «Түркістан» газеті «Руханият» айдарымен «Орыс болып туып, қазақ болып өткен Зеңкі», «Ресейде қазақ тілінің жоқтаушысы қайтыс болды», «Қазақша кітап нарығы ауадай қажет», «Айқын» газеті «Бісміллә» деп қазақ тілін үйренуді бастадым», «Nickelodeon қазақ тілінде көрсетіле бастады», «Қазақша сөйле...», «Тілге құрмет – тал бесіктен», «Тілім менің – тірлігімнің айғағы», «Интернетте қазақ тілін дамытатын контент жасап жүрмін» мақалаларын жариялаған. Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінде «Тіл мәселесі – ел мәселесі», «Тіл – ғажайып қазына» деген тақырыптар төңірегінде мақалалар жазылса, Жамбыл облыстық «Арай» жастар газеті «Ана тілімдей сүйемін қазақ тілін...» тақырыбымен өзге ұлт өкілдерінің өлеңдерін берген. Осы мысалдарға қарап-ақ мемлекеттік тіл туралы мақалалар газеттерде жиі жарияланатынын бағамдай беруге болады. Ал тақырыптарына көз жүгіртсек, әрқайсысы үлкен мәселе көтеріп отырғанын байқау қиын емес. Әсіресе «Ана тілі» мен «Айқын» газетінде тілге қатысты мақалалар тұрақты түрде беріліп тұратынына көз жеткізуге болады. Жалпы, біз келтірген мысалдар тек бірнеше басылымнан және соңғы күндер дерегінен алынғанын ескерсек, бұл тізімнің едәуір ұзақ екенін аңғаруға болады. Мақсатымыз – жазылған дүниелердің тақырыбын тізуден бұрын баспасөзде тіл мәселесінің қаншалықты көтеріліп жүргенін бағамдау болатын. «Түркістан уәлаяты газетінен» бастау алған тіл тақырыбы бір ғасырдан астам уақыт өткеннен кейін саны да, сапасы да артқан қазақ басылымдарының күн тәртібінен түспек түгілі негізгі мәселесіне айналғандай көрінді. Оның ішінде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын қайтсек кеңейтеміз, тіл тазалығын қалай сақтаймыз, жастардың сөздік қорын молайту үшін қайтпек керек деген секілді қадау-қадау сауалдардың жүргені бір жағынан алаңдатса, екінші жағынан жоқтаушысы болғаны үшін көңілге медеу. Түйгеніміз, тіл жанашырлары барда бұл мәселе тек баспасөз беттерінде жарияланып қана қоймай, сонымен қатар ірілі-ұсақты түйіндері тарқатылып, шешімін таба бермек.
Айгүл Әнуарбекова, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Филология және журналистика» кафедрасының оқытушысы.