- Advertisement -

Тәтті түбір алқабы мың гектарға ұлғайды

36

- Advertisement -

Қант бағасы қымбаттағанның үстіне қымбаттай түсуде. Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Жамбыл облысы бойынша департаменті қант бағасының өткен жылмен салыстырғанда 69,2 пайызға қымбаттағанын жариялап отыр.

Мәселен, «Нұрислам» сауда орталығында бір килограмм шекер 497 теңге, ал әлеуметтік дүкендерде 330 теңгеден сатылуда. Бірақ онда таңертеңнен ұзын-сонар кезек. Жеткізілген қант қас-қағым сәтте таусылып кетуде. Көп сауда орталықтарының сөрелері босап қалса, енді бірінде қанттың бағасы 700 теңгеге жетеғабыл. Шарықтаған бағаға қалай тосқауыл қоюға болады? Оның қандай жолы бар? Мамандар одан шығудың бірден-бір жолы ретінде шикізат қорын дайындауды ұсынуда.

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұловтың айтуынша, облыста бұл шаруа 2015 жылдан бастап қолға алына бастаған. Мемлекеттік қолдаудың арқасында қант қызылшасы алқаптары 800 гектардан 6 мың гектарға ұлғайған. Диқандар шетелдік селекциядан жоғары өнімді тұқымдар сатып алып егуде. Соның арқасында жиналатын өнім көлемі 17 мың тоннадан 172 мың тоннаға дейін жоғарылаған. Ал тәтті түбірдің орташа өнімділігі 185 центнерден 350 центнерге дейін өскен. Бүгінгі таңда облыста осы дақылды күтіп-баптаумен 82 шаруа қожалығы айналысуда. Олардың қолында тәтті түбір жинайтын 45 комбайн бар.

– Өткен жылы 5,2 мың гектар алқапқа отырғызылған қант қызылшасынан 172,1 мың тонна балтамыр жиналып, оның орташа өнімділігі гектарына 333,8 центнерді құрады. Жиналған өнімнің 101,3 мың тоннасы қант зауыттарына өткізілді. Биыл тәтті түбір алқаптары 1000 гектарға ұлғайып, яғни, 6,1 мың гектарға жетіп отыр. Ол алқаптардан 214,4 мың тонна өнім жинау жоспарымызда бар. Орташа өнімділігі гектарына 350 центнерден айналады деп күтілуде.

Бір атап өтерлігі, Тараз қаласы мен Меркі ауданындағы қант зауыттарының жылдық қуаты 300 мың тоннаны құрайды. Өкінішке қарай, ол зауыттарды облыс шаруалары бар болғаны 40 пайыздан аса шикізатпен қамтуда. «Меркі қант зауыты» ЖШС директоры Нұржан Қарғабаевтың айтуынша, өткен жылы зауыт 101,3 мың тонна қант қызылшасын қабылдап, одан 7,4 мың тонна қант өндірген. Биыл қант зауыты 190 мың тонна балтамыр қабылдап, 19 мың тонна қант өндіруді жоспарлап отыр. Ағымдағы жылы шаруа қожалықтарының талап-тілектерін ескере отырып, қант қызылшасын сатып алу құны 15 теңгеге көтерілсе, мемлекет тарапынан берілетін субсидия 15 теңгені құрады. Сөйтіп, қант қызылшасының сатып алу құны 30 теңгеге жоғарылады. Шаруалар осы бағаға тоқтап, биыл тәтті түбір алқабын мың гектарға жеткізген.

Биыл облысымызда тағы бір қант зауытының құрылысы басталды. Бұл Шу ауданындағы «Химпарк Тараз» АЭА аумағында салынып жатқан «QYZYLSHA» ЖШС қант зауыты. Жоба директоры Заманбек Мирзояновтың айтуынша, зауыттың жылдық қуаттылығы 148 800 тоннаны құрайды. Оған қажетті шикізат қоры 1 миллион тонна. Зауыт іске қосылғандағы күндік қуаты 8 мың тонна балтамыр өңдеу. Оның құрылысын 2024 жылы аяқтап іске қосу жоспарланған. Зауытқа қажетті шикізат қорын дайындау үшін 30 мың гектар алқапқа қант қызылшасын егу көзделген. Оның 15 мың гектарын серіктестік өз егіс алқаптарында өсірсе, 15 мың гектарын шаруа қожалықтарымен келісімшарт жасасу арқылы дайындамақ ниетте. Биыл Шу ауданында 2000 гектар алқапқа балтамыр орналастырылған.
Шаруа қожалық жетекшілері жер болса, сапалы тұқым субсидияланса, өткізу бағасы жоғары болған жағдайда алқапты ұлғайтып, өнім көлемін арттыруға ниетті. «Шаруа қожалықтар жер өңдеуден, тәтті түбір баптаудан қашпайды. Сапалы тұқым, жақсы жер, зауыттар тарапынан қолдау ғана керек шаруаға. Жинаған өніміміздің өткені бізге, өндіргені өндіріске, бағаның тұрақтанғаны халыққа жақсы емес пе?», – дейді «Тастөбе» шаруа қожалығының жетекшісі Жақсынбек Жамансариев.

Ол өткен жылы 20 гектарға қант қызылшасын орналастырып, оның әрбір гектарынан 680 центнерден өнім жинаған. Биыл алқап көлемін 45 гектарға арттырған.

– Жамбыл ауданының шаруалары қант қызылшасын баптаудың жайын жақсы біледі. Бұрынғы одақ тұсында тәтті түбір өсіруде алда болған ауданның беделі әлі де жоғары. Біз де сол еңбек ардагерлерінің жолын жалғап, осы дақылды өсіруді мықтап қолға алдық. Білмегенімізді ардагер қызылшашылардан сұрадық, ғаламтордан қарап, жетілдірудеміз. Жақсы өнім тұқымға да байланысты. Былтыр «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» арқылы тұқым үлестірілсе, биыл өзіміз сатып алдық. Тыңайтқыш береміз. Екі рет қол күшін қолданамыз. Техника паркін жақсарттық. Қант қызылшасын себетін, қопсытатын, шөбін отайтын және балтамыр жинайтын комбайнды лизингке алып, жұмыс істеп келеміз, – дейді Ж.Жамансариев.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support