Жамбылдықтар каратэден де қара жаяу емес
Жамбылдықтар каратэден де қара жаяу емес
Сол секілді облыста каратэге қызығатын жастар мен жасөспірімдердің де аяқалысы көңіл қуантарлық. Жуырда Киокушинкай каратэден IFK нұсқасы бойынша өткен әлем чемпионатында жасөспірімдер күміспен күптелді. Испанияның Валенсия қаласында өткен аламанға 39 мемлекеттен 500-ге тарта спортшы қатысты. Әрине, айтулы жарысқа әлемнің әр қиырынан келген өрендердің қай-қайсысы да еліне олжамен оралғысы келетіні түсінікті. Жамбылдық спортшыларды топқа қосқан тәжірибелі бапкер Жасқайрат Шейреновтің де шәкірттері жанкүйерлердің сенімін ақтады деп айтуға болады. Нақтырақ айтсақ, 55 келі салмақта тәп-тәуір өнер көрсеткен Бейбарыс Асылбек, 60 келіде жасындай жарқыраған Мирас Тәңірберген сынды жасөспірімдер күміс жүлде жеңіп алды. 55 келіде төбе көрсеткен Камила Кемелбекова да ақтық сында сүрініп, күміске қол созды. Енді қарымды жасөспірімдер осы қарқыннан таймаса, бірер жылда ересектер арасындағы жарыстарға жолдама алатыны белгілі.
Сәндібек ПІРЕНОВ