- Advertisement -

Шерхан Мұртаза атындағы «Қызыл жебе» халықаралық театр фестивалі өткізілсе…

12

- Advertisement -

Жыл басталғалы Шерағаның, Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойын қалай жоғары дәрежеде атап өтеміз деген әңгіме билік пен халық арасында үлкен талқыға түсіп жатыр. Негізгі шаралар басталып та кетті. Шерағаға қойылатын ескерткішке «Әулие ата» қоры конкурс жариялап, облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің ұсынысымен облыстың мәдениет пен әдебиет қайраткерлері және зиялы қауым өкілдерінен жасақталған арнайы комиссия алғашқы отырыстарын өткізіп те үлгерді. Отырыс барысында Шерағаның бірнеше мүсінінің жобасы таңдалып алынып, Үкімет жанындағы арнайы комиссияға жолданды. Енді сол жақтың шешімін күтіп отырмыз.

Одан бөлек Тараз қаласынан Мемлекет қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Шерхан Мұртазаға көше атауын беру мәселесі қарастырылуда. Бұл да шетін мәселе болып тұр. Қоғам белсенділері мен зиялы қауым таңдаған көшеге кейбір қоғам мүшелері қарсылық көрсетіп, ел пікірі екіге жарылды. Ақыл мен парасатқа жеңдірсек, көше беру мәселесі де шешілер. Тағы бір қуанышты жаңалық – Шерағаның бұрын-соңды еш жерде жарық көрмеген қолжазбалары мен күнделіктері және ұлтымыздың танымал тұлғаларымен жазысқан хаттары жинақталып, бес томдық кітап болып жарыққа шығуға дайындалып жатыр екен. «Жақсының жақсылығын айт» деген, бұл іске бастамашы болып жүрген Халықаралық Тараз инновациялық институтының ректоры, облыстық мәслихаттың депутаты, іскер азамат Ерболат Саурықов екенін айта кетуіміз керек. Бұл шаралар Алла жазса Шерағамыздың туған күні, яғни 28 қыркүйекке дейін тап-тұйнақтай дайын болып тұрады деген сөз. Өйткені осының барлығын облыс әкімі өзі тікелей назарда ұстап отыр.

Енді өнер қайраткері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, Қазақстанның Құрметті журналисі ретінде өз ұсынысымды айтсам деп едім. Ескерткіш те қойылар, көшеге ат та берілер, кітаптардың топтамасы да шыға жатар. Бұның бәрі сол Шерағаның туған күні – 28 қыркүйекте жалпақ жұртқа жария болып, алты алаштың баласының мерейін асқақтатар. Шіркін деп ойлаймын, сол күні Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында Қазақстанның әр облысынан келген «сен тұр, мен атайын» деген мықты театрлар Шерхан Мұртаза атындағы «Қызыл жебе» атты халықаралық театр фестивалін өткізіп жатса. Тойға жиналған қауым аты аңызға айналған Шерағаңның мерейлі мерекесін бір күнде апай-топай атап өтіп, өз жайларына тарап кетпей, Халық жазушысының театр саласындағы еңбегін де көріп, тамашалап, қол соғып, ой түйіп қайтса қандай ғанибет болар еді.

Мен мұның бәрін неге тәптіштеп айтып отырмын, енді соған көшейін. Шерхан Мұртаза – ұлт руханиятының ары мен ұяты, намысы. Шераға қазақ әдебиетіне қайталанбас құнды шығармалар беруімен қатар мәдениетіне де, оның ішінде драматургия саласына да тарихи пьесалар жазуымен ерекшеленді. Бұл жанрда Шераға белгілі тарихи тұлғалар туралы жазуды қолай көрген сияқты. Ұлы жазушының драмалақ шығармаларын сараптап қарасақ, қай пьесасын алмайық, кейіпкері өмір сүрген заманның лебін, проблемасын, уақыттың үнін дәлме-дәл бере білгенімен құнды. «Домалақ ана» драмасындағы Бәйдібек баба өмір сүрген дәуірдегі қоғамның қалыптасуы, Үйсін мемлекетінің негізі қалана бастаған аумалы-төкпелі заманды және сол заманның сөйлеудегі сөз саптаулары автордың ізденімпаздығы мен шеберлігін көрсетеді. Ал Бауыржан Момышұлының соғыстан соңғы бейбіт өмірдегі көзге көрінбейтін «мылтықсыз майдандағы» тағдыр талқысына мойымаған сәттерін бейнелейтін «Ноқтаға басы сыймаған» драмасы да оқиғалардың хронологиялық дәлдігімен жазылған. Және де ол драмада ел білетін батыр Бауыржанның сөз саптаулары Шерағаның өзіне ғана тән қолтаңбасы сайрап жатыр. Өз ғұмырында Шерхан Мұртаза прозалық шығармаларынан бөлек, драматургия саласында «Қызыл жебе», «Сталинге хат», «Бесеудің хаты», «Бесінші бұрыш», «Домалақ ана», «Ноқтаға басы сыймаған» тарихи драмаларын жазды. Бұлардан бөлек, Шерхан Мұртазаның 70 жылдығында Шерағаның прозалық шығармаларын инсценировкалауға арнайы конкурс жарияланған. Сол жолы ұмытпасам автордың «Ай мен Айша», «41- жылғы келіншек», «Қара маржан», «Мылтықсыз майдан», «Интернат наны», «Қыз қасқыр», «Текебұрқақ» сияқты прозаларынан 15-16 инсценировка жасалып, конкурсқа түскен болатын. Олар бүгінде менде және театр архивінде сақтаулы.

Өзіндік өрнегі, қалыптасқан дәстүрі бар өнер ордасының қара шаңырағы аталатын театрлардың мықтылары дәстүрлі түрде театр фестивальдарын өткізіп тұрады. Бұл әкемтеатр атанып кеткен Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрдан бастап, Ақтөбе облыстық Т.Ахтанов атындағы театрда «Балауса», С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық театрында Әшірбек Сығай атындағы «Сын – шын болсын», Маңғыстауда «Әбіш Кекілбай», Атырауда «Рахымжан Отарбаев» атындағы театр фестивальдары дәстүрлі түрде он шақты жылдан бері өткізіліп келеді. Бұлар еске түскендері ғана. Айтпақшы, Жамбыл облыстық орыс драма театры осы шаңырақта бас режиссер қызметін атқарып жүріп қайтыс болған Камат Касенов атындағы балалардың эксперименттік спектакльдеріне фестивалін үш жылдан бері өткізіп келеді. Қазақстандағы 56 театрдың бәрі демесек те кейбір өңірлер осындай театр мерекесін атаусыз қалдырмайтынын көріп, көзіміз қызығып жүргенін несін жасырайық. 85 жылдық тарихы бар Асқар Тоқпановтың театрында да сондай өнер мерекесі Шерағаның атынан өткізілсе жарасып-ақ тұрар еді.
Рас, осыдан 7-8 жыл бұрын «әл-Тарази Таразға шақырады» атты фестивальді бастағанбыз. Кейін белгілі себептерге байланысты тоқтады. Одан соң індет басталып кетті. Сонымен аты дардай театрымыз 2000 жылдық қасиетті Тараз топырағына өнер майталмандарының басын қоса алмай пұшайман боп отырған жайі бар.

Фестивальдің ерекше қасиеті өнер адамдарына күш-жігер, жүректеріне от тастайды, көрерменге бірнеше жылға азық болар рухани азық сыйлайды. Ең бастысы театр қайраткерлері, театр ұжымы өз театрының деңгейін, қайда кетіп бара жатқанын, болашақта қандай бағытта жұмыс істеу керектігін бір пысықтап, пайымдайды. Тәжірибе алмасады. Дүбірлі той өтіп, көше аты беріліп, ескерткіш орнатылып, кітап қолға тиіп, көңіліміз тоқ болып тараймыз. Сонымен қаламгер-қайраткердің келесі 100 жылдығына дейін тыныш боламыз. Ал Шерхан Мұртаза атындағы «Қызыл жебе» фестивалі егер екі жылда бір рет өтіп тұратын болса, қайраткер қаламгерді кейінгі ұрпақ жадында жаңғыртып отырар еді. Бұл фестиваль сонысымен де құнды, сонысымен де қымбат. Шерхан Мұртаза сондай жоғары дәрежедегі халықаралық фестиваль өткізуге әбден лайық тұлға.
Сонымен 28 қыркүйекте Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық «Қызыл жебе» театр фестивалінде жолығуды Алла нәсіп етсін!

Асқарбек СЕЙІЛХАН,
Қазақстан Республикасының
еңбек сіңірген артисі,
Қазақстанның Құрметті журналисі

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support