- Advertisement -

«Ыстық нүкте» картасына 18 кәсіпорын енген

209

- Advertisement -

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен облыстық әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның кезекті отырысы өтті.

Басқосуға облыстағы бірқатар ірі кәсіпорындардың және құзырлы органдардың басшылары қатысты. Жиында облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Ернар Есіркепов өңірде қордаланған мәселелер жөнінде кеңінен баяндады. Басқарма басшысының айтуынша, өңірде жыл басынан барлық деңгейдегі комиссиялардың 43 отырысы өтіп, онда 82 мәселе қаралыпты. Нәтижесінде 378 жұмыскердің еңбек құқығы қорғалған. Сондай-ақ әлеуметтік-еңбек жағдайларының ахуалын реттеу мақсатында төменгі жалақыны көтеру, бейресми жұмыспен қамтылған тұлғалардың еңбек қатынастарын заңдастыру, еңбек саласын цифрландыру және еңбек жанжалдарын болдырмау мақсатында да тындырымды тірліктер атқарылған. Еңбек жанжалдары орын алған жағдайда шиеленіскен мәселе осы үшжақты комиссияда қаралған. Алайда бұл бағыттағы жұмыстардың тиімділігіне қарамастан комиссия отырысын өткізбеген аудандар да жоқ емес. Мысалы, Тараз қаласы, Жуалы, Т.Рысқұлов, Меркі және Шу аудандары әкімдерінің төрағалығымен бірде бір комиссия отырысы өтпеген.

– ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және облыс әкімінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №47 өкімімен еңбек жанжалдарының алдын алу мен болдырмауға бағытталған жұмыс алгоритмі әзірленген. Бұдан бөлек, Тараз қаласы мен аудандарда еңбек жанжалдары немесе басқа да наразылықтар туындаған жағдайда шұғыл әрекет етіп, халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізетін белсенді, беделді, танымал азаматтардың пулы бекітілді. Сонымен қатар еңбек жағдайларының ахуалын бақылау мақсатында еңбек тәуекел қаупі жоғары кәсіпорындардың тізімі жасақталып, «Ыстық нүкте» картасына 18 кәсіпорын енгізілген. Жалпы жыл басынан еңбек жанжалдары мен шиеленістері ресми тіркелген жоқ. Дегенмен жекелеген еңбек ұжымдарында жұмыскерлердің тарапынан наразылықтар білдіру, ұжымдық арызбен және әлеуметтік желілерде видеороликтер арқылы өз талаптарын жариялау фактілері бар. Бүгінде «Ыстық нүкте» картасына енген кәсіпорындардың басым көпшілігіндегі ахуал тұрақты, – деді Ернар Серікәліұлы.

Өңір басшысы бұдан соң жұмысшылардың жалақысын көтермей отырған «Жамбыл электр жүйесі» серіктестігінің басшылығын тыңдады. Кәсіпорын басшыларын жұмысшылардың жалақысын көтеру мәселесіне бейжай қарамауға шақырған Нұржан Молдиярұлы, еңбекақының есебінен серіктестіктің басқа да маңызды жұмыстарын кейінге қалдыруға болмайтынын ескертті. Ізінше облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Ернар Есіркеповке осы мәселені энергетика басқармасы және аудан әкімдерімен бірлесіп шешуді тапсырды. Комиссия отырысында Нұржан Молдиярұлы жұмысшылардың еңбекақысына қатысты мәселелер туындаған басқа да кәсіпорын басшыларының уәжіне құлақ түрді.

Жиында «Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бағлан Қарашолақов бірлестіктің жұмысы және жұмыс барысында кездесетін кедергілер туралы баяндады. Бағлан Жиенәліұлы Тараз қаласындағы 5821 кәсіпорынның 90 пайызы шағын кәсіпорындар екенін тілге тиек етіп, мұндай серіктестіктерде кәсіподақ ұйымын құру қиындық туғызатынан алға тартты.

– Тағы бір мәселе – ауылдық жердегі білім саласындағы қызметкерлердің коммуналдық шығындарына жергілікті бюджеттен төленетін өтемақы жөнінде. Қазір аудандарда бұл үстемақы 4-5 айлық есептік көрсеткіш, яғни 12000-15000 теңге аралығында болып отыр. Кейбір облыстарда осы төлем 10-15 АЕК құрайды. Бұл қаражат төмен, коммуналдық шығындарды төлеуге жеткіліксіз, осы төлемнің көлемін арттыру қажеттілігі туындап отыр. Сонымен қатар облыстағы жұмыс берушілердің инфляция деңгейіне байланысты айлық жалақыны көтеру мәселесін де күн тәртібіне шығару дұрыс деп санаймыз, – деді бірлестік төрағасы.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нұржан Нұржігітов комиссия отырысында қаузалған мәселелер бойынша жауаптыларға тапсырма берді.

– Өздеріңіз білетіндей, еңбек қатынастарына қатысты қордаланған мәселелер бар. Мұны біз уақтылы шешуіміз қажет. Егер шаруа реттелмеген жағдайда қоғамда түсініспеушілік орын алуы мүмкін. Осыған байланысты еңбек инспекциясы басқармасы еңбек адамдарының құқығын қорғауға бағытталған пәрменді шараларды жалғастырып, оның ішінде әскерилер, полиция департаменті және шекара қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс істеуі қажет. Сонымен қатар Тараз қаласы мен аудан әкімдері, кәсіподақ ұйымдары және тиісті мемлекеттік органдармен бірігіп, еңбек ұжымдарындағы жағдайды бақылағаны жөн, – деді Нұржан Молдиярұлы.

Сәндібек Піренов

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support