- Advertisement -

Мәдениет, тіл, туризм мәселесі майшаммен қаралды

90

- Advertisement -

Өңірдегі мәдениет, тіл, туризм салаларында қордаланған, шешуін күткен мәселе шаш-етектен. Оның кейбірі республикалық деңгейде қарауды қажет етсе, енді бірін облыс көлемінде-ақ атқаруға болады. Алайда аталған салаға жауапты кей маманның немқұрайлылығы, біліксіздігі күрмеулі мәселені одан ары күрделендіріп жіберетіні бар.

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте аталған салаларға қатысты көптеген проблема жіті қаралып, талқылауға түсті. Ең бірінші кезекте мәдениет, архив және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбайдың баяндамасы тыңдалды. Жыл басынан бері атқарған және алдағы уақытта атқарылар жұмыстарға шолу жасады.Солардың қатарында Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына арналған «Шынның жүзі – Шераға» атты іс-шаралар кешені де бар. «Жуалы ауданының Талапты ауылындағы Шераға тұрған үй «Руханият және тарихтану орталығының» теңгеріміне алынды. Шерхан Мұртазаның әдеби-мемориалдық үйіне айналдыру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда нысанның іші-сыртын қалыпқа келтіру бойынша смета дайындалды. Қыркүйек айында туған күніне орай әдеби-мемориалдық үйдің салтанатты ашылу рәсімі, Шерхан Мұртазаның хаттары мен күнделіктеріне арналған 2 кітаптың тұсаукесері, республикалық мүшайраның қорытындысына сәйкес жеңімпаздарды марапаттау рәсімі, тағы да басқа мерейтойлық іс-шаралар өтеді. Алдағы уақытта Шерағаңа байланысты іс-шаралар осы ғимаратта өтетін болады», деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ басқарма басшысы шешімін күткен мәселелерді де атап өтті. Олардың қатарында орыс драма театрын жеке ғимаратқа көшіру, облыстық архивтер басқармасын орталықтандыру, халық шығармашылығы орталығын арнайы ғимаратпен қамту секілді кезегін күткен шаруалар бар. Алайда бұл сұраныстардың барлығы айналып келгенде қаржыға тіреледі. Бірақ мемлекеттен бөлінетін қаржыға қарап отырмай, қолда барды ұқсата білу керектігін айтты өңір басшысы.

Аталған мәселелерден өзге де көптеген проблемаларды атап өткен Нұржан Молдиярұлы оларды шешу жолын кеңесті. «Қандай да бір сұраныс, өтініш, мәселе айту үшін оны шешудің жолдарын да ұсыну керек. Көтеріп отырған мәселені жан-жақты зерттеп барып ұсыныңыздар. Әйтпесе кез келген мәселені зерттеп, осыны шешіп бер деген болмайды. Сіздер сол саланың маманысыздар, сол саланы жан-жақты жақсы білесіздер. Сондықтан саладағы мәселемен қатар, шешімін де ескере жүру керек» деді әкім.
Өңір басшысы назар аударған мәселенің бірі – Жуалы ауданы аумағында орналасқан «Баркуаб» қалашығының қазба жұмыстары болды. Оның уақытша тоқтап қалуына қаржының бөлінбеуі мүмкін екенін ескеріп, мүмкіндік болса облыстық бюджеттен 10 миллион теңге қарастыруды тапсырды. Ал ЮНЕСКО-ның бақылауына алынған «Ақыртас» кешеніне ауыз су мен техникалық су тарту мәселесін демеушілер есебінен шешуді ұсынды.

Облыс әкімі ерекше атап өткен мәселенің бірі – облыстағы кітапханалар кешенінде жүзеге асырыла бастаған ақпараттық орталықтар болды. «Бұл бастама Асқар Мырзахметов облыс әкімі болып тұрған кезде қолға алынды. Алайда кейін жұмысы тоқтап қалды. Әкім ауысып кеткенмен, басқарма, маман, техника, бәрі орнында тұр ғой. Неге солар жақсы бастаманы жалғастырып істей бермейді? Халыққа қажетті мұндай істі аяғына дейін жеткізу керек. Оны тиісінше дамытып, тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалар, әлеуметтік көмектер, өзге де ақпараттарға қол жеткізе алатын алаңға айналдыру қажет», – деді өңір басшысы. Бұл жұмыстарды жандандыру үшін өзінің орынбасары Еркін Үйсімбаевқа арнайы жұмысшы топ құрып, мәселені оңтайлы шешуді тапсырды. Ол үшін 1 ай уақыт берді.
Сонымен қатар облыстық филармония мен кино орталығының жұмысына қатысты да ұсыныстарын айтты. Мысалы, облыстық кино орталығына жергілікті бюджеттен 32 миллион теңге бөлінетінін, бірақ шағын сюжет, қысқаша фильм түсіру қажеттілігі туындаса басқа мекемелер тағы қосымша қаржы сұрайтынын айтады. Сондықтан мұндай мемлекеттік орталықтардың мүмкіндігін дұрыс пайдалану керектігін ескертті. Ал облыстық филармонияның репертуарын жаңарту қажеттігін, оған аудандағы өнерпаздардың да әлеуетін қолдануды ұсынды. Облыстың мәдениет саласы мен мәдени нысандарға қатысты мұнан өзге де бірқатар мәселелер кеңінен сөз болды.
Келесі кезекте облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмахамбетованың баяндамасы тыңдалды. Ол мемлекеттік тіл мәселесінен бастап, көше, ауыл аттарын қою мен өзгерту, аншлагтар орнату, жарнама мен хабарландыруларды дұрыс жазып орналастыру төңірегіндегі түйткілдерді атап өтті. Әсіресе кәсіпкерлік нысандарындағы жарнама мен хабарландыруларға бақылау жүргізуге басқарманың құзіретінің жоқтығы бұл мәселені шешуге кедергі екенін айтады.

Ал туризм басқармасының басшысы Жалғас Мұртаза облысымыздағы туризм саласының бүгінгі таңдағы жағдайы мен салада осы жылдың 5 айында атқарылған жұмыстарын баяндады.

– Тараз шаһары аумағында 3 448 тарихи-мәдени ескерткіш орналасқан. Оның 25-і республикалық дәрежедегі нысандар болса, 3 423 жергілікті маңызы бар ескерткіштер. 8 ескерткіш Қазақстанның киелі жерлері картасының тізіміне, 27 ескерткіш Қазақстанның микросакралды картасына, 3 ескерткіш Қазақстанның өңірлік деңгейдегі туристендіру картасына, 2 ескерткіш Еуразиялық Экономикалық Ынтымақтастық Ұйымының Дүниежүзілік ерекше туристік тартымды нысандарының тізіміне және 5 археологиялық ескерткіш ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген. Сонымен қатар облыс аумағында 200-ден астам ежелгі қалашықтар орналасқан. Қазіргі уақытта облыс аумағында 191 қонақ үй, 434 тамақтану орындары, 48 туристік ұйымдар, 11 балаларды сауықтыру лагері, 7 шипажай, 15 демалыс орындары, 78 қолөнершілер мен 25 көлік субъектісі жұмыс атқарады. Облыс аумағындағы негізгі туристік нысандар саны 2019 жылы 37 болған болса, қазір ол нысандар саны 65-ке ұлғайтылды.
45 жаңа туристік маршруттар әзірленіп, туристік өнімдердің саны 115-ті құрап отыр, – деген басқарма басшысы салада атқарылуы тиіс іс-шаралар жоспарын атап өтті.
Облыс әкімі аталған үш басқармаға қатысты мәселелерді оңтайлы шешуді талап етіп, әрқайсысы бойынша жекелей тапсырма жүктеді.

Маржан РАҚАЙ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support