- Advertisement -

Санавиация қызметі әкемнің өмірін арашалап қалды

54

- Advertisement -

Жақында Шу ауданындағы туыстарына барған әкем ойда-жоқта ауруханадан бір-ақ шықты. Асқазаны ауырып, жағдайы қиындаған көрінеді. Аудан дәрігерлері алғашқы медициналық көмек көрсетіп, ота жасапты. Бірақ одан әрі көмек көрсетуіне қауқары жетпеді. Бірден санавиация қызметіне хабарласып, Шу қаласына әуе жедел жәрдемін шақырттық. Бұл қызмет түрі тегін екен. Құстай ұшып келген ұшақ лезде әкемді облыс орталығына жеткізді. Кім білсін, егер санавиция мамандары болмағанда, мен қазір әкеммен тілдесіп отырар ма едім? Қазір әкемнің жағдайы жақсы. Ал мені осы сала мамандары- ның жұмысы қызықтырды. Бірден жұмыс орындарына барып, жауапты мамандармен тілдесіп көрдім…

Тараздағы санавиация орталығына күнде кемінде 2-3 қоңырау түседі. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы санитарлық авиция орталығымен келісімге отырса болғаны. Науқастарды шалғайдан кедергісіз жеткізуді осындағы мамандар қолға алады. Алдымен ұшу бағыты тураланып, дәрігерлер қажетті медициналық құрылғыларын сайлап тиісті жерге ұшады.

БІЗДІҢ МІНДЕТ — НАҚТЫ ӘРІ ДҰРЫС ЖАУАП БЕРУ

Айсұлу Ыхынова, санитарлық авиация бөлімінің фельдшері: Қызметіміз үзіліссіз, тәулік бойы. Күнделікті қоңырауға түскен шақыртуларды қабылдап, ұшақ пен көлікті аудандарға жібереміз. Біздің міндет – нақты, дұрыс жауап беру. Жұмыс уақытынан бөлек, дәрігерлермен шалғай жатқан ауыл-аймаққа да барып тұрамыз. Ал Мойынқұм мен Қордай ауданынан шақыртулар жиі түседі. Көбіне жол апатына тап болғандарды облыс орталығына жеткіземіз. Бұдан бөлек, бізде телемедицина бөлімі бар. Онда облыстың дәрігерлері науқастың жағдайын тікелей көріп, бақылай алады.

Былтыр санитарлық авиация қызметінің мамандары 834 науқасты шалғай жатқан аудандардан
облыс орталығына жеткізген. Тіпті медициналық тікұшақтың ішінде ота жасау оқиғасы да тіркеліпті. Негізінен әуе жедел жәрдеміне жүгінгендердің басым бөлігі хирургиялық ауруларға тап болғандар. Сондай-ақ, мамандар жаңа туған нәрестелердің патологиясы және акушерлік көмекке, жарақат алған адамдарға жедел ұшып көмек көрсеткен.

УАҚЫТТЫ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ ҚАЖЕТ

Әсембек Халимбетов, санитарлық авиация бөлімінің меңгерушісі: Санитарлық авиация қызметіне мемлекет есебінен қомақты қаржы бөлінеді. Біз жеке әуе компанияларымен келісім шартқа отырамыз. Ұшақтар қазіргі заманның талабына сай. Медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Кейде ұшақтың ішінде де ота жасай береміз. Ондай сәтте адамның жанын сақтап қалу маңызды. Жұмысқа көп ойланбастан кірісу қажет. Біз шалғай жатқан ауылға жеткенше, аудан мамандары алғашқы медициналық жәрдем көрсетеді.

Р.S: Төрт маусымда ауа райының қолайсыздығына қарамастан қатерге басын тігіп, көкке көтерілетін құтқарушы топтың еңбегі ерен. Кез келген оқыс оқиғаға сақадай-сай тұратын мамандардың кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігі медицинаның қалыстап емес, қарыштап дамып келе жатқанын аңғартады. Айтпақшы, менің әкемді Шу ауданынан алып келуге 1 млн теңгеден аса қаржы кеткен. Осы арқылы әрбір азамат қоғамның маңызды бөлшегі екеніне көз жеткіздім.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support