- Advertisement -

ТАРИХ – ӨТКЕНГЕ САБАҚ, КЕЛЕШЕККЕ – ӨНЕГЕ

57

- Advertisement -

Мұражай – ғылыми, мәдени-тарихи орталық саналатындықтан ата-бабамыздың ғибратты ғұмырын әйгілейтін мұраларды көздің қарашығындай сақтап, жас ұрпаққа мирас етіп қалдыратын киелі ошақ, қадірлі қара шаңырақ. Ал сол құндылықтарымызды өскелең ұрпаққа адал аманаттау ісі тек мұражай мамандарына ғана емес, жалпыға ортақ жауапкершілік.

Байзақ ауданы әкімінің 2010 жылғы қаулысымен құрылған «Аудандық тарихи-өлкетану музейі» бес экспозициялық залдан тұрады. Атап айтқанда, Археология залында аудан аумағында жүргізілген көптеген археологиялық экспедициялардың нәтижесінде табылған ортағасырлық архитектуралық көрінісі бар құрылыс заттары, сәулет өнерінде қолданған қабырға кірпіштері, тұрмыс заттары, су құбырлары тағы басқа археологиялық жәдігерлер қойылған. Этнография залында қазақтың киіз үйі және оның жабдықтары, дәстүрлі қолөнер бұйымдары, көшпенді қазақ халқы қолданған ас үй бұйымдары қойылған. Үшінші зал аудан тарихына арналған. Свердлов ауданын Байзақ ауданына өзгерту, ауданның құрылу тарихынан сыр шертетін тарихи даталар, мақалалар, фотосуреттер, жалпы аудан тарихына байланысты ауданның өсіп-өркендеуіне үлес қосқан азаматтар, ауданның әр кезеңдеріндегі басшылары, белсенділері, халық қалаулылары, Еңбек Ерлерінің суреттері, тұрмыс заттары, сондай-ақ, залдың бір бөлігінде Кеңес заманында қолданыста болған тұрмыстық бұйымдар бар. Кеңестік кезеңдегі, Қазақстанның Тәуелсіз мемлекет ретіндегі алғашқы банкноттары, шетел валюталары да өзіндік орынға ие. Бұл залда мұнымен қатар, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған арнайы бұрыш бар. Ал даңқ залы Еңбек Ерлері және Ұлы Отан соғысының батырларына арналған. Сондай-ақ мұнда Кеңес Одағының батыры Ақәділ Суханбаевқа панорама жасалған. Мәдениет және өнер залында Байзақ ауданынан шыққан қазақтың маңдайалды азаматтары, ғылым, білім, спорт, өнер саласына еңбегі сіңген, мемлекеттік мәртебеге ие болған қайраткерлердің өмір тарихы, фотосуреттері, шығармалары орналасқан.

Мұнда ғылыми-экспозициялық және мәдени-ағарту жұмыстары тұрақты өткізіліп тұрады. Солардың қатарында, мемлекет және қоғам қайраткері Д.А.Қонаевтың туылғанына 110 жыл толуына орай, аудан жастарымен өткен «Дара тұлға» танымдық дәрісі, журналист, жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Арғынбай Бекбосынның өмірі мен шығармашылығына арналған бейнекөрсетілім, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени музей-қорығының Балалар жылына арналған жылжымалы археологиялық көрмесі бар. Үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанында музей тарапынан ұйымдастырылған экскурсия саны 13-ке жетсе, лекциялар саны 9-ды құрады. Сондай-ақ 8 көрме өткізіліп, оған қатысушылар 370 адамды құраса, музей қорына, есепке алынатын экспонаттар саны 15-ке жетті.
«Мұражайы мен мұрағаты бар ел – келешегін ойлаған ел», – деген қанатты қағида бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын елімізде бастау алған «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 3 миллион 372 мың теңгеге музей ғимаратына қосымша екі бөлме салынып берілді. Мекеме алды абаттандырылып, арба мен диірмен тастар, балбалтастар қойылды. Көрнекілік құралдары – «лайтбокс», стела ілініп, аудан орталығының ажарын аша түсті. Сонымен қатар музейдегі жәдігерлерге QR-код орнатылған. Яғни музейге келушілер планшет, смартфон секілді гаджеттердегі арнайы бағдарламаны сканерлеп, қазақ, орыс тілдерінде жәдігерлер жайлы толық мағлұмат ала алады. Жағымды жаңалық, бізде енді «аудиогид» қызметі жұмыс істейді. Яғни келушілер өз қалауы бойынша «аудиогид» қызметіне жүгіне отырып, музей ішін аралауларына болады.

Мұнымен қоса «Байзақ баба», «Айша бибі», «Қарахан баба», «Тектұрмас» кесенелерінің шағын макеттерін жасаттық. Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаевтың Қарасу ауылындағы туып-өскен үйі музей ретінде беріліп, оның айналасы абаттандырылды.

Ғылым мен техника дамыған мына заманда халықтың сұранысы да арта түскені белгілі. Біз де сол талапқа сай қызмет етсек дейміз. Болашақта бұдан да ауқымды жоспарларымыз бар. Сонымен қатар музей ісінің өрге домалауына аудан басшылары, аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйытқы болғанын атап өткіміз келеді. Оған қоса, жыл сайын «Музейге сый» акциясын ұйымдастырып, осының негізінде тұрғындар өздері келіп, жәдігерлерін сыйға беріп жатыр. Осы ретте, акцияға қолдау көрсеткен азаматтарға, атап айтқанда, Зәтекүл Молдабаева, Серік Балабеков, Маратбай Өскенбайұлы, Аят Әбілдаев, Гүлназ Әлімқұлова, Төлжан Рахманов сынды музей жанашырларына шынайы алғысымызды білдіреміз.
Сондықтан барша аудан тұрғындарын үйде жатқан, кезінде қолданыста болған көне бұйымдарды құр шаң басқызып қоймай, бізге әкеліп, ел-жұрттың, кейінгі жастардың көруіне ықпал етуге шақырамыз.

Өсер НҰРБАЕВ,
Байзақ аудандық тарихи-өлкетану
музейінің директоры,
Байзақ аудандық
мәслихатының депутаты.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support