Балалар үшін бар жағдай жасалған

3

Балалар жылы аясында Әулиеата өңірінде түрлі деңгейдегі іс-шаралар бастау алғаны белгілі. Бұдан бұрын өңір басшысы Нұржан Нұржігітовтің тікелей қатысуымен облыс орталығынан «Бақытты болашақ» атты оқушылар сарайы пайдалануға берілсе, өткен аптада аймақ бүлдіршіндеріне арнап тағы бір ойын алаңы ашылды.

Қызылды-жасылды шарлармен, жалаушалармен безендірілген алаң іші балақайлар мен ата-аналарға және қала тұрғындарына лық толды. Халықтың салауатты өмір салтын қалыптастырып және олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруды мақсат еткен заманауи алаңның іші жарықшамдармен жарықтандырылып, өрнектастар төселіп, көпшілік демалатын орындықтар салынған. Балаларға арналып әткеншектер, сырғанақ, өрмелеуіш, төбесі жабылған ойын құрылғылары орнатылыпты. Ойын алаңын түрлі түсті бояумен әсемдеп, безендіріп, балалар ойнайтын алаңға құм төгілген.
Жергілікті кәсіпкер Бағдат Асаубайқызының жеке қаражатына салынған бұл нысанда бүлдіршіндер енді асыр салып, құмарлары қанғанша ойнайтын болады. 3 қабатты ғимаратта ойын алаңынан бөлек, мейрамхана мен ару-әйелдерге арналған киім дүкендері бар.

– Заманауи құрылғылармен жабдықталған балалар алаңын пайдалануға беріп отырмыз. Бұл біздің отбасылық бизнесіміз. Осы ғимараттың қасындағы «Аю» балабақшасы да біздің жанұяға тиесілі. Онда бүгінде 500 бүлдіршін тәрбиеленуде. Ал енді жаңадан ашылған ойын алаңына қала тұрғындары өз балаларын әкеліп, демалса болады. Себебі мұнда отбасылық мейрамхана бар. Бұдан бөлек, «Bakonya» брендімен әйелдерге арналған киім дүкендері орын тепкен, – деді Б.Асаубайқызы.
Игілікті істің қасынан табылған кәсіпкерге ата-аналар дән риза. Олар жеткіншектердің ой-өрісін дамытуға арналған нысандардың қатары тағы бір ойын алаңымен толыққанына қуануда.

Есен САҒЫНАЙҰЛЫ.

Тараз қаласы.

Comments are closed.