- Advertisement -

1922-2022: Шежірелі жылдар

25

- Advertisement -

(Жалғасы. Басы өткен сандарда.)

«ЕҢБЕК ТУЫ»

(1980 жыл)

30 шілде. №147 (11.581).

Москвада Олимпиадалық ойындар басталды. Облыстық туризм және саяхат жөніндегі кеңес ұйымдастырған 30 адамдық топтың құрамында «Еңбек туының» арнаулы тілшісі Бақытяр Әбілдаев та сол кезгі Одақтың астанасында болып «Барлық жол Москваға апарады» деген жалпы тақырыппен репортаждар жазып, олар газеттің бірнеше санында жарияланды. Әсіресе қазақстандық тұңғыш олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров жайлы «Күш атасын танымас», күміс жүлдегер, боксшы Серік Қонақбаев туралы «Серіктің айқастары» репортаждары әсерлі оқылады.

5 тамыз. №150 (11.500).

Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровті жамбылдықтар зор қошамет-құрметпен қарсы алды. Ол өзі туып-өскен Байзақ ауданында болды.

7 қараша. №214 (П.654).

«Туған өлке» деген ұранмен таңдаулы очерктерге арналған бәйге қорытындысы шықты. Бірінші сыйлық Н.Токарев, Қ.Әлімжановтарға, екінші сыйлық Л.Никитин, Қ.Асаубаев, Ж.Шағатаевқа, үшінші сыйлық А.Исеев, К.Нүсіпов, А.Баековаларға берілді. Көтермелеу сыйлықтарын Б.Мәуленов, Е.Сабеков, Б.Қилыбаевтар алды.

24 желтоқсан. №246 (11.686).

Бауыржан Момышұлының 70 жасқа толуына арналған бет «Ел аузында ерлігі – аңыз, аты – жыр, Халқымыздың мақтанышы, батыр ұл» деген жалпы тақырыппен шықты. Онда басқа да қызықты мақала, естеліктерге қоса батыр-жазушының «Солдат махаббаты» әңгімесі жарияланды.

30 желтоқсан. №249 (11.689).

Оңтүстік облыстары жас ақын- жазушыларының екі күнге созылған аймақтық кеңесі. Оған Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы Сайын Мұратбеков, ақын-жазушылар Берқайыр Аманшин, Фариза Оңғарсынова, Жарасқан Әбдірәшев, Рамазан Тоқтаров, Әкім Тарази, Қалихан Ысқақов, Нәсіреддин Серәлиев, сыншы Асқар Сүлейменовтер келіп қатысты. Поэзия кеші өткізілді.

31 желтоқсан. №250 (11.690).

Өрт сөндірушілердің қызметін көрсететін әдеби шығармаларға жарияланған конкурс қорытындысы шығарылып, бірінші орын ешкімге берілмеді. Журналистер Мұрат Сыздықов пен Аманкелді Ормантаев екінші, үшінші сыйлықтарды алды. Очерк жанры бойынша К. Баққараев, өлең бойынша Р.Асылбеков, фотосуреттен Қ.Тәттібековтер бірінші сыйлықтарға ие болды.

(1981 жыл)

9 қаңтар. №6 (11.696).

«Еңбек туы» және «Оңтүстік Қазақстан», «Ленин жолы» (Қызылорда) облыстық газеттерінің біріккен саны. Осы облыстардың басшылары Х.Бектұрғанов, А.Асқаров, Т.Есетовтардың мақалалары бірдей көлемде газеттің бірінші бетіне берілді. Ішкі айқарма бет тақырыбы – «Ақ күріш, қызылшаны, мақталы өңір, Жайлауын төрт түлік мал жапқан өңір, Кенді өлке Жамбыл, Шымкент, Қызылорда, Шалқытып ен байлықты жатқан өңір».

17 наурыз. №53 (11.743).

Облыстың мәдени өмірінде үлкен жаңалық болды. Халық ақыны Кенен Әзірбаевтың әдеби-мемориалдық мұражайы ашылды. Бұл оқиға газеттегі фоторепортажда жақсы суреттелген.

3 сәуір. №65 (11.755).

Баспасөз және радио қызметкерлерінің облыстық кеңесі. Онда облыстық «Еңбек туы», Жамбыл аудандық «Шұғыла», «Қордай шамшырағы», «Коммунизм туы» (Меркі) газеттерінің жұмыстарына оңды баға берілген.

16 сәуір. №74 (11.764).

Жамбыл қаласында басталып, Қаратау, Жаңатас қалаларында жалғасқан журналистердің республикалық жиыны өтті. Оған одақтық, республикалық және РСФСР-дің бірқатар облыстық газеттерінің, ақпарат агенттіктерінің, сондай-ақ партия органдары мен министрліктердің өкілдері, жауапты қызметкерлері қатысты.

29 сәуір. №83 (11.773).

Облыстық қазақ драма театрының Әлдихан Қалдыбаевтың пьесасы бойынша қойған «Шаншар атай» спектакль Бүкілодақтық байқаудың жеңімпазы болды. Бірінші дәрежелі диплом мен 1300 сом сыйлық берілді.

6 маусым. №110 (11.800).

КСРО Журналистер одағы облыстық ұйымы бюросы мен ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитеті төралқасы ауыл шаруашылығы тақырыбына арналған үздік жарияланымдар байқауының қорытындысын шығарды. «Еңбек туы» газетінің аға тілшісі Срайыл Керімбаев, «Шу өңірі» газетінің редакторы Рахметілдә Құдабаев, Свердлов (қазіргі Байзақ) аудандық газеті ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Тұрсынхан Толқынбаев байқау жеңімпаздары деп танылып, Құрмет грамоталарымен марапатталып, алғашқы екеуіне тегін туристік жолдамалар берілді. Сондай-ақ «Еңбек туына» белсенді атсалысқан ауыл шаруашылығы мамандары Қ.Батаев, И.Нұрмаханов, Ф.Әбдірахманов, В.Мецгер де Құрмет грамоталарын алды.

15 тамыз. №156 (11.846).

«Еңбек туының» әйелдерге арналған беті осы санынан бастап «Ажар» деген атпен шыға бастады. Жамбыл қаласындағы Орталық аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Лидия Ахметованың «Белсенді құрылысшы және тәрбиеші» мақаласы аты айтып тұрғандай, абзал жандардың сол дәуірдегі тыныс-тіршілігін жақсы жеткізеді.

19 тамыз. №159 (11.849).

Ақындардың, жыршылардың, термешілердің, көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы. Оны облыстық партия комитетінің жауапты қызметкері Арғынбай Бекбосынов сөз сөйлеп ашты. Қарт ақын Өмірбек Қабылов толғау өлеңін арнады. Ақындар айтысы екі күнге созылып бас жүлдені Өмірбек Қабылов алса, Шу қаласының ақыны Ә.Ақылбаев – бірінші, свердловтық А.Тайпақов пен сарысулық Ә.Әлменов – екінші, Жамбыл ауданынан келген Р.Жәнібеков пен Жамбыл қаласының өкілі А.Жаңабаев – үшінші орынды және бағалы жүлделерді жеңіп алды.

25 желтоқсан. №246 (11.936).

Толымбек Әлімбековтің «Әлемге даңқын асырған» очеркі бірнеше тарауға бөлініп, газеттің осы санынан бастап жариялана бастады. Газетте қызмет істеген жылдары мәдениет, спорт және басқа тақырыптарға өндірте жазып, жақсы танылған. Ол бүгінде республикаға танымал сатирик ақын, көптеген кітаптардың авторы.

Дайындаған
Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support