Сарысудың халқы қашан жүз пайыз таза сумен қамтылады?
Сарысудың халқы қашан жүз пайыз таза сумен қамтылады?
Міне, аудан әкімі Марат Сұлтанғалиевпен әңгімеміз бүгінгі Сарысудың тыныс-тіршілігі төңірегінде өрбіді. – Марат Қырғызәліұлы, әні-міне дегенше биылғы бес ай да өте шықты. Әрине, соңғы мамыр айындағы көрсеткіштердің толық мәліметі дайын бола қоймаған болар. Әңгімені төрт айдың қорытындысынан бастасаңыз? – Иә, тиісті бөлімдер бесінші айдың қорытындысын шығарумен айналысып жатыр, атқарылған жұмыстың қорытындысы шығатын күн де алыс емес. Төрт айдағы көрсеткішке көңіл толады. Жалпы, аудан экономикасы негізінен өнеркәсіп саласына бағытталған. Аудан өнеркәсібінің негізін «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені мен «ЕвроХим» компаниясы құрайды. Ауданда өнеркәсіп саласында шығарылған өнім көлемі 20,9 миллиард теңгені құрады, өткен жылдың тиісті кезеңінде бұл көрсеткіш тек 10,2 миллиард теңге болған. Жалпы ауданның инвестициялық потенциалы өте жоғары, жыл сайын артуда. Төрт айда тартылған инвестиция 3,4 миллиард теңге болды, ал жыл соңына дейін 50 миллиард теңгеден асыру көзделуде. Бұл көрсеткіш ұзақ мерзімді ауқымды жобалар арқылы өсетін болады. Себебі алдағы бес жылда инвестиция көлемі 892,1 миллиард теңгені құрайтын маңызды 13 жоба іске асырылғалы отыр. Алда тұрған мақсат – ауданға тартылатын инвестиция көлемін 1 триллион теңгеге жеткізу. Ауданның жалпы бюджеті бүгінде 12,7 миллиард теңгені құрайды. Төрт айдың қорытындысымен аудандық және ауылдық округтер бюджеттерінің кіріс жоспары 4,1 миллиард теңге болса, нақты түсім 4,4 миллиард теңгені құрады. – Сарысу халқы нәсібін мал мен жерден көріп келді. Тіпті кезінде облыстық маңызы бар қала – Жаңатастың тоқсаныншы жылдарға дейінгі 60 мыңға жуық тұрғынын етпен іргедегі «Жаңатас» кеңшары, сүт және көкөніспен «Байқадам» кеңшары қамтамасыз етті. Әрине, ауыл шаруашылығы саласындағы атқарылып жатқан тірлікті мүмкіндігімізше жазып та келеміз. Дегенмен бір қаланың халқын «асырап» келген ауылдағы ағайынның жай-күйін өзіңізден естісек? – Сұрақты орынды қойып отырсыз. Аудан орталығы Жаңатасқа ауыстырылғанша Қамқалының тұзын игере бастағаннан басқа өндіріс орындары болған жоқ. Ауылдағы ағайын төрт түлік мал өсірді, егін салды, бақша екті. Өзіңіз айтқандай, кеншілер қаласы болып дүрілдеген Жаңатасты азық-түлікпен қамтамасыз еткен ауыл еңбеккерлері еді. Бүгінде ауданда 44660 адам тұрып жатса, соның тең жартысы ауыл халқы. Өзім ауылдық аймақтардағы елді мекендерді жиі аралаймын. Бүгінде елдің еңсесі көтерілген. Алдында малы бар, жер жыртып, егін салады, бау-бақша өңдеп, өсіреді. Үкімет пен облыс басшылығы тарапынан жасалып жатқан қамқорлық пен қолдауды сезініп, еңбек етуде. Елдің дамуы, ауылдардың дамуымен тікелей байланысты. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша да нәтижелі көрсеткіш баршылық. Былтыр ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі 2,1 миллиард теңге болса, биылға төрт айда өндірілген өнім көлемі 2,6 миллиард теңгені құрады. Биылға жоспарланған 24 179 гектар егістік жер толығымен игерілді. Ағымдағы жылы 1 692,2 тонна тыңайтқыш алу жоспарланып, егістік жердің 13 000 гектар жер алқабы тыңайтылатын болады. Бүгінгі күнге 1261 тонна тыңайтқыш алуға келісімшарт жасалынған. «Кең дала» бағдарламасымен 13 шаруа қожалығы 48,4 миллион теңге көлемінде несие алуға өтінім беріп, 43,9 миллион теңге қаржыландырылды. Мемлекеттік қолдау жұмыстарын дұрыс жолға қоюдың нәтижесінде төрт түлік малда да өсім бар. Өндірілген ет пен сүт көлемі артты. Атап айтқанда, жыл басынан өндірілген ет көлемі 3,1, сүт өнімі 1,7 пайызға артық орындалды. 162,0 миллион теңгеге 19 жаңа техника алынып, жаңару көрсеткіші біршама артты. Бұл жұмыс жыл аяғына дейін жалғасын табады. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, ауданда шағын өңдіріс цехтарын ашу көзделуде. Мәселен, Жаңатас қаласынан қуаттылығы 1 мың тоннаны құрайтын азық-түлік қоймасын салу жұмыстары басталды. Әрбір елді мекеннің шикізаттық мүмкіндіктері зерделеніп, әр округке бір зәкірлік жобаны іске асыру механизмдері бекітілді. Бүгінгі күнге жоспарлы 10 жобаның үшеуі іске асырылды. – Шағын және орта бизнес қанат жайса, бірінші халыққа жұмыс болады, екінші бюджетке қомақты қаржы түседі. Сарысуда да бұл салада атқарылып жатқан жұмысты көріп жүрміз, енді өзіңіз тарқатып айтып берсеңіз? – Ауданда 3 717 шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген. Оның 2 958-і белсенді қызмет жасап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда – 7,6 пайызға артты. Тіркелгендердің ішіндегі белсенділердің үлесі – 79,6 пайыз. Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жеңілдетілген 6 пайыздық несие бойынша 59,5 миллион теңгеге 17 жоба мақұлданды. Оның ішінде 8 жоба 27,7 миллион теңге көлемінде шағын несиеге қол жеткізді. «Бизнестің жол картасы- 2025» бағдарламасы шеңберінде бүгінгі таңда жеңілдетілген 6 пайыздық несиенің кепілдік беру тетігі арқылы «Даму» қорына 45 млн. теңге көлемінде 8 жоба ұсынылып, нәтижесі күтілуде. Сонымен қатар «Бизнес бағдарламасы» бойынша микроқаржы ұйымдары арқылы аудан азаматтары 236 миллион теңге болатын 191 жоба несиеге қол жеткізді. Көтерме сауданың көлемі 580 миллион теңгені құраса, бөлшек сауда айналымы 682,9 миллион теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 16,7 пайызға артып отыр. – Аудандағы құрылыс жұмыстарына да тоқтала кетсеңіз? – Құрылыс жұмыстарының көлемі де артты. Ағымдағы жылдың 4 айында 990,8 миллион теңгені құрады. «Аумақтық даму бағдарламасы» аясында биыл 4,2 миллиард теңгеге «Еврохим» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, 14 елді мекенге газ желісін тарту жұмыстары жүргізілуде. Жаңатас қаласы мен Тоғызкент ауылына – 30, Әбілда ауылында 5 келушіге арналған амбулатория құрылысы басталды. Мұнымен қоса, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 416,1 миллион теңгеге жаңа жобалар іске асырылуда. Биыл елді мекендерді абаттандыру жұмыстарына да баса назар аударылды. Жыл ішінде демалыс орындарын ашу, саябақтарды күтіп ұстау, стелалар мен төлқұжат салу жұмыстарына 211,3 миллион теңге қаржы қарастырылды. Оған қоса, 7 елді мекенге 15 көшені жарықтандыруға жергілікті бюджеттен 40,5 миллион теңге қаржы бөлінді. – Аудан тұрғындарын тұрғын үймен қамтамасыз ету қалай жүзеге асуда? – Халықты тұрғын үймен қамту – өзекті мәселе. Сондықтан біз бұны күн тәртібінен түсірмейміз. Мәселен, төрт айдың қорытындысымен жалпы алаңы 2 394 шаршы метр болатын 22 жеке тұрғын үй пайдалануға беріліп, көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 104,2 пайызды құрады. Биыл Жаңатас қаласындағы 1,9 миллиард теңгеге 160 пәтерлік жаңадан салынатын екі көпқабатты тұрғын үйге, 2-ші шағын аудандағы №32 көпқабатты 90 пәтерлік тұрғын үйді қайта жаңғыртуға жобалық сметалық құжаты әзірленіп, тиісті министрлікке ұсынылды. Коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжай алу кезегінде 1 мамырдағы мәлімет бойынша 1 473 адам тұр. – Автокөлік жолдарының ахуалы қалай? – Жол – тіршіліктің күре тамыры. Алысты жақын етіп, қарым-қатынасты арттыруда жолдың маңызы ерекше. Жол мәселесін назардан тыс қалдырмаймыз. Мәселен, биыл 676,4 миллион теңгеге автокөлік жолының 40,9 километрі жөндеуден өтеді. Атап айтқанда, жалпы аудан көлемінде 525,47 километр автожол бар. Оның 271,8 километрі облыстық маңызы бар жолдар қатарына кіреді. Бұл жолдың 197,2 километрі қанағаттанарлық жағдайда, яғни 72,5 пайызы. Биыл Тоғызкент-Шығанақ бағытындағы 22 километр жол орта жөндеуден өтеді. Нәтижесінде жөнделген жол 219,2 километрді құрайды, яғни 80,6 пайыз. Аудандық маңызы бар жол – 64,87 километр. Оның қанағаттанарлық жағдайы – 83,6 пайыз. Осы жолдың 10,6-сы, атап айтқанда, Ә. Бүркітбаев ауылының кіреберіс – 8,56, Жайылма ауылында 2,1 километр жолы жөндеуден өтеді. Нәтижесінде жөндеуден өткен жолдардың жағдайы 100 пайызды құрайды. Жалпы, аудан бойынша 188,8 километрді құрайтын 224 көше бар, оның ішінде 159 көше асфальтталған. Оның 148 километрі қанағаттанарлық жағдайда. Биылғы жылы 19 ауылішілік көшелерді орта жөндеуден өткізу жоспарланған. Нәтижесінде 178 көше асфальттанып, 86,2 пайыз жол жөндеуден өтеді. Сонымен қатар 2023 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына 7 көшенің жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, республикалық бюджетке 239,0 миллион теңгеге өтінім берілді. Осы жоба жүзеге асқанда, жоғарыда айтылған 178 көшеге тағы 7 көше қосылып, жол мәселесі айтарлықтай шешіледі деп отырмыз. – Марат Қырғызәліұлы, Сарысу аумағында жерасты суы тапшы екенін және газ желілерінен алыс жатқан шалғай аудан екенін жақсы білеміз. Сонда да барлық мүмкіндіктерді қарастырып, Үкімет және облыс басшылығы тарапынан жасалып жататын қамқорлық пен қолдау-көмектің арқасында тағы бір өзекті мәселені шешіп келе жатырсыздар. Ауылдағы ағайын жүз пайыз таза су ішіп, от жағып, күл шығару машақатынан қашан құтылар екен? – Сұрақты қабырғасынан қойдыңыз, дұрыс. Бұл аса өзекті мәселемен маған дейін аудан басқарған азаматтар да аз айналысқан жоқ, мен де әкім болып тағайындалғаннан бастап, ауданның сан-салалы тіршілігімен қатар осыған да үнемі назар аударумен болдым. Құдайға шүкір, бүгінге дейін аудандағы 24 елді мекеннің 18-і ауыз сумен қамтамасыз етілді. Бұл дегеніміз ауыл халқының 75 пайызы сумен қамтамасыз етілген деген сөз. Аудан тұрғындарын 100 пайыз таза сумен қамтамасыз ету мақсатында, Шағалалы, Үшбас, Майлыкөл, Ақтам, Үлкен Көкдала және Кіші Көкдала, барлығы алты елді мекенді орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету кезең-кезеңмен жоспарланып отыр. Атап айтар болсақ, Үшбас ауылын сумен қамтамасыз етуге 221 миллион теңгеге облыстық бюджетке өтінім берілді. Шағалалы ауылын сумен қамтамасыз етудің жобасы әзірленіп, сараптамадан өтуде. Сараптама қорытындысы дайын болғаннан кейін құрылысын жүргізуге тиісті бюджеттік өтінімдер ұсынылатын болады. Облыста халық саны 200-ге дейінгі елді мекендерді сумен қамтамасыз етуге кешенді блок модульді (КБМ) орнатуды іске асыру жоспарлануда. 2022 жылы Майлыкөл ауылына кешенді блок модульді орнатуға облыстық бюджетке өтінім берілді. 2023 жылы Үлкен Көкдала ауылына орнату жоспарланған. Одан бөлек, су құбырларының тозығы жеткен ауылдардың құбырларын, жабдықтарын жаңарту бағытында, Ақтоғай ауылындағы нысанының құрылысын жүргізуге республикалық бюджетке 328,0 миллион теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылды. Қазіргі таңда Саудакент және Тоғызкент ауылдарының да сумен қамтамасыз ету жүйесін қайта жаңғырту жобалары әзірлену үстінде. Жобалар дайын болғаннан кейін іске асырылатын болады. Өзіңіз қозғаған маңызды мәселенің бірі – елді мекендерді газдандыруға келсек, бүгінгі таңда 25 елді мекеннің төртеуі – Досбол, Тоғызкент, Майлыкөл және Әбілда ауылдары ғана көгілдір отынның рақатын көріп отыр. Дегенмен ауданда екі нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның бірі – Жаңатас қаласындағы «Еврохим-Қаратау» ЖШС-ның химиялық кешеніне дейін жоғары қысымды газ құбырының құрылысы. Жобаның жалпы құны – 7,7 миллиард теңге. Екіншісі, конкурстық құны – 7,7 миллиард теңге болатын ауданның 14 елді мекеніне газ құбырларын салу мен газдандыру жұмыстары. Аталған жобалар аяқталған соң келер жылы ауданның газбен қамтылу үлесі 72 пайыз немесе адам санына шаққанда 96,8 пайызға жетеді деп күтілуде. Қосымша Шағалалы елді мекеніндегі 212 адам тұратын 37 үйді газдандыру үшін 105 миллион теңгені құрайтын бір жоба әзірленіп, сараптама қорытындысы алынып, бюджеттік өтінім тиісті басқармаға ұсынылды. Сәтін салса, өзіңіз айтқан ауылдықтар от жағып, күл шығарудан құтылатын уақыт алыс емес. Құрылыс қарқын алған жерде тазалықты қатаң сақтау да күн тәртібінен түскен емес. Қалада да, ауылдарды да санитарлық тазалау жұмыстары жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Кездейсоқ күл-қоқыс орындарын жою мақсатында елді мекендерде санитарлық-тазалық жұмыстарын жүргізу үшін аудандық бюджеттен 16,3 миллион теңге қаржы қаралып, тиісті жұмыстар толық атқарылды. Көктемгі екі айлық кезінде аудан бойынша 56 километр арық-каналдар, 60 километр көше, 70000 шаршы метр саябақ пен скверлер тазаланды. Аудан көлемінде көгалдандыру және жасыл аймақтар құру жөніндегі бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес, «Жасыл белдеулерге» 15 800 әртүрлі түп тал көшеттері егіліп, меже 105,3 пайызға орындалды. – Ауданның өндіріс, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы саласы ғана емес мәдениет, білім, денсаулық, спорт, тағы басқа салаларда да атқарылып жатқан жұмыстармен газет оқырмандары жақсы таныс деп ойлаймын. Өйткені бұл салалар да біздің әріптестердің назарынан тыс қалмайды. Сонда да аудан басшысы ретінде осы жайлы да әңгімелеп, сұхбатымызды қорытындыласақ. – Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында «Рухани керуен» жобасы аясында өткен облыстық шарада Сарысу ауданы жүлделі 2-орынды иеленді. Күні кеше ғана аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың 110 жылдығы ауданда республикалық деңгейде аталып өтті. Шара барысында орта мектепке Қонаев есімі беріліп, мектеп алдына ескерткіш-бюст орнатылып, спорт, балалар алаңшалары және абаттандыру жұмыстары жасалынды. Республикалық деңгейде форум өтіп, аудан тұрғындарына Дінмұхамед Қонаевтың өмір жолы кең көлемде таныстырылды. Келген қонақтарға театрландырылған көрініс, спорттық ойындар, концерттік бағдарлама ұсынылды. Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, кино және театр актері, Сарысу ауданының тумасы, жерлесіміз Асанәлі Әшімовтың 85 жас мерейтойы 1-2 мамыр күндері ауданда өте жоғары деңгейде аталып өтті. Даңқты актер, сахнаның ақтаңгерінің шәкірттері тарапынан ұсынылған театрландырылған қойылымдар халықтың көңілінен шығып, зор қошеметке ие болды.Еліміздің әр өлкесінен айтыскер ақындардың басын қосқан республикалық аламан айтыс өтіп, шын жүйріктердің бағы жанған күн болды. Шара соңы ат бәйгесіне ұласып, Сарысу жұртына және қонақтарға әсерлі көңіл-күй сыйлады. Тұлғаны ұлықтау, баба рухына деген құрмет ретінде Тоғызкент ауылында Сапақ датқа бабаға арналған ескерткіш бой көтерді. Саудакент ауылындағы саз мектебіне бүкіл түркі әлеміндегі қыл қобыздың пірі атанған қобызшы Ықылас Дүкенұлы бабамыздың аты берілді. Аудан тұрғындарын мәдени іс-шараларға тарту бағытында әр аптаның жұма күндері Жаңатас қаласында, жұма, сенбі күндері Саудакент, Жайылма, Тоғызкент ауылдарында кино көрсетілімі тұрақты көрсетілуде. Ақпан айынан бастап аудандық мәдениет үйінде «Екі жұлдыз» өнер сайысы өтуде. Оған тек қана өнер жұлдыздары ғана емес, әнге әуестігі бар аудан тұрғындары да қатысуда. Қорытынды гала концерті 9 маусым күні өтеді. Ал енді, білім беру, денсаулық сақтау, өзге де әлеуметтік салада атқарылып жатқан тірлікті айта берсек таусылмас. Спорт саласындағы жетістіктеріміз де аз емес. Жыл басынан спортшыларымыз республикалық және облыстық турнирлерден 62 алтын, 41 күміс, 71 қола медаль иеленді. Осында тағы бір сүйінші сұрайтын жаңалығымыз, кеше ғана Джуния қаласындағы Азия чемпионатында М.Әуезов атындағы мектептің 11-сынып оқушысы Сара Шұғаева самбо күресінен Азия чемпионы атанды. Біздің әрбір жақсы жаңалығымыздың куәгері де өздеріңізсіздер. Расында да 100 жасаған «Aq jol» газеті Сарысудағы жылт еткен жағымды жаңалықтан бастап, аудандағы шешімін күткен өзекті мәселелерге дейін қозғап, жазуда. Облыс баспасөзінің қара шаңырағы, бас басылымның ғасыр жасы құтты болсын! Сіздерге шығармашылық табыс тілеймін. – Әңгімеңізге де, ізгі тілегіңізге де рақмет.
Сұхбаттасқан Амангелді ӘБІЛ.
Сарысу ауданы.