Тұрғындарға арналған пайдалы ақпараттық жүйелер құрылып жатыр

33

Өркениетті елдер дамудың жаңа кезеңіне қадам басқалы озық үлгідегі технологиялардың мүмкіндігі молайып, көз ілеспес жылдамдықта дами бастады. Көшбасшы мемлекеттер болашағын цифрлы технологиялармен байланыстырды. Қарап отырсақ осы жаңашылдықтар заман ағымымен бізге де жетіп, қоғам соған бейімделіп келеді. Жергілікті әкімдіктерде цифрлық технологиялар басқармасы құрылғанын ескерсек, цифрлық жүйелердің кемелденер шағы әлі алда деген ой келеді. Сәті түскенде біз де облыс әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Ноқрабековпен сұхбаттасып, жаңашыл бастамалардан хабардар болған едік.

– Руслан Маскауұлы, былтыр облыста цифрлық технологиялар басқармасы құрылғанын білеміз. Әңгімені осыдан бастап, алдымен басқарманың бағыт-бағдары, мақсат-міндеті туралы айтып берсеңіз…
– Иә, кейінгі жылдары цифрландыруға мемлекет тарапынан ерекше қолдау көрсетілуде. Біз цифрландыруға басымдық беру арқылы сан-салаға жаңа леп әкелеміз. Бұл өз алдына бөлек сала емес. Мысалы, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы сынды бірнеше салалардың қарыштап дамуына цифрландыру жүйесі қажет. Ғаламтордың мүмкіндігі кеңейген заманда цифрландыру арқылы қауіпсіздікке көңіл бөлу де аса маңызды. Қазір цифрландыру арқылы халықтың әл-ауқатын жақсартып, сәйкесінше ел экономикасын ілгерілетуге көңіл бөлінуде. Демек цифрлық технологиялар басқармасының миссиясы цифрландыру саласындағы мемлекеттік саясатты өңірде үйлесімді іске асыру деп түсінген ләзім. Осы бағытта жоспарлы жұмыстарымыз баршылық. Ал оны орындау бізге міндет.
– Цифрландыру жайында сөз қозғасақ, өңірдегі шалғай ауылдардың ахуалы еріксіз еске түседі. Сіз айтып отырған «жоспарлы жұмыстар» ең әуелі кең жолақты интернетке қосылмаған елді мекендерден басталса керек?
– Бүгінде облыстағы елді мекендерге интернет тарту және мобильді интернет сапасын жақсарту бойынша тиісті тапсырмалар іске асуда. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Өңірлік байланыс инспекциясы басқармамен бірлесіп 11 сәуір мен 21 мамыр аралығында мобильді интернет сапасын арнайы техникамен зерделеуге шықтық. Нәтижесінде 3 мобильді операторға 2,8 миллион теңге айыппұл салынып, жұмыстың сапасын арттыру бойынша жедел тапсырма берілді. Сол секілді «Қазақтелеком», «Транстелеком» компаниясының өкілдерімен бірлесіп жұмыс істеуге кірістік. Келер жылдың соңына дейін 60 елді мекендегі мобильді интернетті «4G» жүйесіне ауыстыру жоспарланды. Жалпы облыста 371 елді мекен бар (4 қала, 367 елді мекен). Оның ішінде Сарысу ауданындағы Қамқалы, Шағалалы, кіші Көкдала, Ақтам, Байзақтағы Төрегелді, Меркідегі Құмарық, Шудағы Алайғыр, Құлақшын ауылдарында мүлде интернет жоқ. Өңірдегі 86 елді мекен жоғары жылдамдықты (4G) мобильді интернетпен қамтылса, 276-сы төмен жылдамдықты (3G/2G) интернетке қосылған. Талшықты оптикалық байланыс желісімен 183 елді мекен қамтылса, қамтылмағаны – 188. Сондықтан ауылдарды жоғары жылдамдықты интернетпен қамту мәселесі облыстың 2021-2025 жылдарға арналған «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» бағдарламасына енген. Жол картасының 62 және 63 тармақтары елді мекендерді интернетпен қамтамасыз етуге арналғаны бекер емес. Бағдарламаға сәйкес қазан айында «Қазақтелеком» және «Транстелеком» акционерлік қоғамы облыстың 5 елді мекенін талшықты оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз етті.
– Әңгімеңізден аңғарғаным, басқарманың жоспарлы жұмыстары ауқымды секілді. Ал биыл осы қарқынды бәсеңдетіп алмайсыздар ма?
– Биыл облысымыздың 40 елді мекенін мобильді кең жолақты интернетпен қамту жоспарлануда. Оның ішінде «Кселл» АҚ 18, «Кар-Тел» ЖШС 22 елді мекенді интернетпен қамтиды. Сонымен қатар мониторингтік жұмыстар жүргізіп, нәтижесінде бірнеше елді мекенді «3G» интернетпен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. (Жамбыл ауданы – Сеңгірбай, Рысқұлов ауданы – Қосапан, Әбілқайыр, Сарысу ауданы – Ақтам, Шағалалы, Талас ауданы – Ақтөбе ауылы). Сондай-ақ Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникация комитеті байланыс саласындағы бақылау басқармасымен және байланыс операторларымен 11-22 сәуірінде Жуалы, Мойынқұм, Талас және 17-20 мамыр аралығында Меркі, Шу, Қордай аудандарының елді мекендеріндегі байланыс сапасы зерделенді. Келер жылға жоспарланған бұдан өзге де жұмыстар жетерлік.
– Басқарманың тағы қандай бағыттары бар?
– Бүгінде орталық мемлекеттік органдардың бағалауына сәйкес өңірлік геоақпараттық жүйесінің (Геопортал) дайындығы 100 пайызды құрайды. Онда e-jambyl.kz домендік атауымен платформа қалыптастырылып, жергілікті атқарушы органдардың геопорталдарына қойылатын бірыңғай талаптарға сай барлық базалық гис-қабаттар енгізілді. Яғни тұрғындар үшін геопорталдың ашық картасына 160, ал мұны қызмет бабында пайдаланатын электрондық кезекші картасына 367 картографиялық деректер әзірленді. Сонымен қатар сәулет және қала құрылысы бойынша 6 мемлекеттік қызмет, жер қатынастарына қатысты 8 мемлекеттік қызмет автоматтандырылып, енгізілді.
Қазіргі уақытта геопорталға жалпы ауданы 10292103 гектарды құрайтын 4 352 бос жер учаскелері (оның ішінде: суармалы егістік, тәлімді егістік, шабынды, жайылымдык жер учаскерлер) бойынша деректер сипаттамаларымен қосып толық енді. Сонымен қатар, 2020 жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарда отандық өндірістің бұлтты құжат айналымының бірыңғай жүйесін енгізуді тапсырды. Соған сәйкес жергілікті атқарушы органдардың «Бұлтты құжат айналымына» облыс әкімінің аппараты, облыс әкімдігінің 25 басқармасы, Тараз қаласы және 10 аудан әкімдігі қосылды. Бұдан бөлек «Easy Рroject» ақпараттық жүйесі ақылды аялдамалар және электронды билеттеу жүйесі, 109 «AIKEY» бірыңғай байланыс орталығы, Бірыңғай кезекші – «112» диспетчерлік қызметі, «Ақылды қалалардың» эталондық стандартына сәйкес жобаларды іске асыру және IT саласындағы инновациялық жобаларды қолдау бағыттары бойынша жоспарлы жұмыстар үзілмейді.
– Цифрлық технологиялар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қаншалықты септігін тигізуде?
– Цифрлық технологиялар бейнебақылау камераларының тиімділігін арттырады. Бүгінде облыс бойынша жалпы 36384 бейнебақылау камерасы бар болса, оның 16 551-і Тараз қаласында. Былтыр Тараз қаласы мен аудандарда 8164 бейнебақылау камерасы орнатылды. Оның 4800-і жедел басқару орталығына интеграцияланды. Білім беру ұйымдарының бейнебақылау жүйесін кеңейту мақсатында Тараз қаласының 60 орта мектебінде 600 бейнебақылау камерасы орнатылып, полиция департаментінің жедел басқару орталығына шығарылды. Бұдан өзге облыс орталығындағы 60 мектепке дабыл түймелері орнатылып, күзет агенттігіне және полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылды. Бұл жұмыстар аудандарда да тиімді іске асты. Сондай-ақ аудан орталықтарындағы 40 мектепке 40 дабыл түймесі орнатылып, күзет агенттіктеріне қосылды. Сергек жүйесін іске асыру бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 48 аппараттық-бағдарламалық комплексі (35 желілік учаскеде АБК, 13 қиылыста АБК) және Жедел басқару орталығына интеграциясымен Тараз қаласына 1250 жалпы бейнебақылау камерасын орнату мақұлданды. Соған сәйкес енді 1372 (1250 Тараз қаласы) бейнебақылау камерасын Жедел басқару орталығына интеграциялау арқылы орнату жоспарлануда.
– Жастар жайында әңгіме бастасақ, кейінгі толқынның жаңа технологияларға әуестігін айтамыз. Тіпті өзіңіз де еңбек жолыңызды IT саласынан бастапсыз. Басқарма басшысы ретінде жастарды болашағы зор мамандыққа тарту ойда бар шығар?
– Дұрыс айтасыз, өзім 2013 жылға дейін IT компанияларда азды-көпті жұмыс істеп шыңдалдым. Талай ауқымды жобаларды іске асыруға жәрдемдестім. Дегенмен салада жыл сайын емес, күн сайын өзгерістер болады. Оның барлығын жүзеге асыру үшін білікті мамандар аса қажет. Кейін облыс әкімінің аппаратында ақпараттық қауіпсіздік бөлімінде бас инспектор қызметінде болдым. Былтыр сәуірде Цифрлық технологиялар басқармасы құрылғаннан кейін облыстағы цифрландыруға үлес қоссам деген ниетпен бөлім басшысы болып ауыстым. Яғни, бұл сала менің таңдаған мамандығыма сай. Енді жылдар бойы жинаған тәжірибемді цифрландыруға саламын. Алда жоспар көп. Өңір тұрғындарына арналған пайдалы ақпараттық жүйелер құрылып жатыр. Соның бірі «Отбасы банкі» және облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасының бірлесіп атқаратын «Әулиеата жастары» бағдарламасын цифрландыру. Біз 18-35 жас аралығындағы облыстың жастарына тұрғын үй алу бағдарламасын e-jambyl.kz жүйесі арқылы электронды түрде өтінім беруге қолайлы қылып жасаймыз. Бұдан бөлек, жастарды қолдау мақсатында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетімен меморандум жасадық. Мұндағы негізгі мақсатымыз – IT мамандығында оқитын үздік студенттермен бірлесіп жұмыс істеп, оларға тұрақты жұмыс орнын ұсынып, барынша жәрдемдесу.
– Жастар тиімді цифрлы технологияларды тез-ақ игерер. Ал ересектер ше? Қазір халыққа қызмет көрсету орталығындағы құжаттардың денін үйде рәсімдеуге болады. Соған қарамастан орталыққа табанынан тосылып баратындар бар ғой.
– Иә, цифрландырудың мол мүмкіндігін пайдалана алмай отырған азаматтар бар. Бірақ тұрғындардың басым көпшілігі тиісті құжаттарын үйден шықпай-ақ алып отыр. Бұл қиын шаруа емес. Неге десеңіз, әр отбасында мүмкіндігі мол жүйелердің тілін түсінетін адам табылады. Бір сөзбен айтқанда, цифрландыруға қоғам дайын. Қазірдің өзінде ел-жұрт мемлекеттік қызметтерден басқа да операцияларды жылдам жүзеге асырудың оңтайлы жолын іздеп тұрады.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Сәндібек Піренов.

Comments are closed.