- Advertisement -

Діни сауаттылықты арттырудың маңызы зор

16

- Advertisement -

Діни сауаттылықты арттыру мақсатында облыс әкімдігінің дін істері басқармасы аймақтық оқыту семинарын өткізді. Семинар модераторы облыс әкімдігінің дін істері басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Ақбай Ахметұлының айтуынша, бүгінде теория мен тәжірибені шыңдауға арналған оқыту семинары 2018 жылдан бері ұйымдастырылып келеді екен. Себебі, діни сауаттылықты арттыру, жастардың жат ағымның жетегінде кетпеуі, деструктивті діни ағымдардың қауіп-қатері сынды бірқатар түйткілдер қоғамдағы өзекті мәселеге айналған.

Біліктілікті арттыруға арналаған оқыту семинарында «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетінің аға оқытушылары, исламтанушылар Ернар Есімқұлов пен Нұржан Стамбакиев, Атырау облысының «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қорының басшысы Азамат Төлепов, Ислам зерттеулері орталығы қоғамдық қорының атқарушы директоры, дінтану ғылымдарының PhD докторы Балғабек Мырзаев қатысушыларға дәріс оқыды.
– «Таяқтың екі ұшы болады» демекші, ақпарат ағыны арасында деструктивті ағымдардың идеяларын насихаттайтын топтардың да бар екендігін ұмытпау керек. Осы ретте діни иммунитетті қалыптастыру өте маңызды. Көпұлтты және көпконфессиялы еліміздегі қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз етуде діннің алатын орны айрықша, – деген Балғабек Әбдіқайымұлы өз дәрісінде діни контенттің бүгінгі таңдағы маңыздылығы мен мәнін ерекше назарға алды.
Деструктивті діни теріс ағымды ұстанушылар жасаған ауыр қылмыстар саны соңғы жылдары айтарлықтай өсіп келеді екен. Құзырлы органдардың мәліметіне сүйенсек, деструктивті діни ағымды ұстанушылар тарапынан адам өлтіру, тонау, қарақшылық шабуыл, бопсалау, зорлау, есірткі қолдану, өндіру, оны сатумен айналысу, тағы да басқа қылмыстар алдыңғы орында тұр. Аталған мәселелерге Азамат Нұғыманұлы өз дәрісінде жіті тоқталды.
Семинарда қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі діни сауаттылықтың рөлі туралы да дәріс тыңдалды. Сондай-ақ қоғамдағы пікір алуандығы да кеңінен қозғалды.
Дәрістерден кейін қатысушылар өзара сұрақтарын ортаға салып, пікір алмасты. Семинар соңында қатысушыларға сертификат табысталды.

Назерке Оңғар,
журналист.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support