- Advertisement -

Шерағаңның ескерткіші әділдік пен әдебиеттің тұғырына айналуы тиіс

36

- Advertisement -

Тұғыр тұлғасы төрт құбылаға таныс әйгілі қаламгер Шерхан Мұртаза Жуалы мен Әулиеатаның ғана емес, бүкіл қазақ даласының мақтанышы. Себебі ол ақтық демі қалғанша ақиқаттың алдаспаны болды. Алаш баласының болашағы үшін аттан түспеді. Қазақы қоғамның әділдігі жолында қаламын тастамады. Журналистиканы шындықтың шырағына айналдырды. Маңдайдағы пешенеге ардақты ардың ісі – әдебиет тәж болып жарқырап жазылды. Қайраткерлігі асқақ, қаламгерлігі заңғар тұлғаның артында мол мұра қалды. Ендігі міндет – сол мұраны мұқият зерделеп, болашаққа байыпты, келешекке лайықты түрде жеткізу, аманаттау. Осы ретте облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты «Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану» орталығында қайраткердің тоқсан жылдығына арнап орнатылатын ескерткіштің эскиздері талқыланды.

Сынаптай сырғып, сананы тұрмыс билеген бүгінгі уақытта қоғам мен адамның, ұлт пен ұрпақтың рухын шөлдетпей, жанына азық болар дүние көркем әдебиет десек, оған ешкімнің таласы жоқ шығар. Елдің әр ұрпаққа қанат дарытқан дана ойлары, биіктігімен тау таласа алмайтын қиялы, қанына қуат болып құйылып, сүйегіне серт болып сіңіп кеткен салт-дәстүрі де, дүние қай бағытқа дөңгелесе де жұмыр жердің бетінде қоғамды ұстап тұрған идеология да, ұрпақ сабақтастығына ұласқан ерлік те осы көркем әдебиеттен кіршіксіз көрініс табатынына көзіміз куә. Себебі сөз құдіретінің қара шаңырағына айналған қазақ әдебиеті – ел өмірінің ажырамас бөлігі. Жай бөлігі ғана емес, қоғам ағзасының омыртқалы ойы, рухымыздың асыл, ардақты һәм аяулы жүрегі. Ол жүректе мәртебелі ұлттың маңдайына бұйырған марғасқасы, қазақ әдебиетінің жолбарысы, қазақтың қара сөзімен шындық, әділдік пен адалдыққа мәңгілік ескерткіш орнатып кеткен қаранар қаламгер Шерхан Мұртазаның орны орасан зор. Абыз жазушының өмірі мен еңбек жолы, өміршең шығармалары келешегі кемел елдің өскелең ұрпағына мәңгілік мұра. Сондықтан қабырғалы жазушы Шерхан Мұртазаның саналы ғұмырындағы сара жолы, сарқылмас қазынасын сынаптай сырғыған уақыт талабына сай ұлт жүрегі, ұрпақ жадында жаңғырту бүгінгі буынның азаматтық басты парызының бірі. Қаранар қайраткердің 90 жылдық мерейтойы аясында Тараз шаһарында еңселі ескерткішін орнату мақсатында мүсіншілер арасында байқау жарияланған болатын. Осы ретте құрылған арнайы комиссия отырысы өтіп, онда үміткерлердің үздік туындылары сарапқа салынды.

– Байқауды белгілі жерлесіміздің 90 жылдық мерейтойына орай арнайы ұйымдастырдық. Шераға еліміздің мәдениеті мен қоғамдық-саяси өмірін дамытуға көп еңбек сіңірді, оның ұрпақ игілігі үшін сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Сондықтан әрбір өскелең ұрпаққа қайраткердің өшпес мұрасымен қатар өлмес бейнесін насихаттау мақсатында 16 мамырда ескерткіш макеттеріне байқау жариялады. Оңтайлы нұсқаны таңдау үшін құрамында мәдениет қайраткерлері, еңбек ардагерлері, Шерхан Мұртазаны жақыннан білетін ақсақалдар бар ауқымды комиссия құрдық. Алдымен лайықты макетті таңдаймыз, содан кейін ескерткіштің орны да белгілі болмақ, – деді байқауды ұйымдастырушы «Көне-Тараз» қоғамдық қорының президенті, комиссия төрағасы Мұратбек Әзімов.
Айта кету керек, қазақ Шерағасының бекзада болмысы бедерлеп, барынша шынайы бейнелеуге еліміздің түкпір-түкпірінен «сен тұр, мен атайын» деген шебер мүсіншілер ниет білдірген. Ә дегеннен белсенді атсалысып, қазірде жиырмадан астам суретшінің туындысы бәйгеге түсіп отыр. Олардың кейбірі екі макеттен ұсынғаны да көңіл қуантады. Байқауға қатысушылардың қатарында белгілі шымкенттік мүсінші Әбдуахат Мұратбаев пен оның жас ізбасары Асан Молдабаев та бар. Асанның есімі көпшілікке бейтаныс болғанымен, оның іргелі туындысының бірі Елордадағы күй атасы Құрманғазының ескерткіші қазақстандықтарға етене таныс.

– Байқауға дайындалған кезде мүсіншілер ең алдымен тұлғаның мінез-бітімін, характерін зерттейді. Мен Шерхан Мұртазаның болмысына бала кезден қызығатынмын, сондықтан оның барлық шығармаларын оқып шықтым. Маған оның турашылдығы, азаматтық ұстанымы, әділдігі, ұлтжандығы, қандайда бір сын сағатта халқын қорғауға қасқайып дайын тұратын қасиеті қатты ұнайды. Осының барлығын мен өз жұмысым арқылы жеткізуге тырыстым, – дейді жас мүсінші Асан Молдабаев.
Ел тұлғасының ескерткішін ұрпақпен қауыштыруға асыққан мүсіншілердің байқауын барынша әділетті өткізу бағытында комиссия мүшелерінің әрқайсысына үш макет таңдау ұсынылған. Ондағы мақсат – ең жиі таңдауға түскен туындыны анықтау. Десек те комиссия мүшелері анықтаған үздік үш ескерткіш облыс әкімінің тікелей тапсырмасына сай халық таңдауына ұсынылады.
«Шерхан Мұртаза дана қайраткер, өр мінезді, өткір, намысқой, сонымен бірге нәзік жан, сезімтал жүрек. Осы қасиеттердің барлығын мүсіннен көргім келеді», – дейді жазушы-драматург, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Елен Әлімжан.

Ұлт руханиятына ұлағат ұстынын, баспасөзіне шындықтың шыжғыртып мөрін басып, қазақ әдебиетіне ар мен адалдықтың қолтаңбасын қалдырған Шерағаның табиғаты бөлек, таланты тау қопарар құдіретке ие, тұлғасы тұғырдан биік. Азаматтық асыл қасиеттердің барлығын бір болмысына сыйғыза алған қайраткердің сол қырларын ашып көрсету кез келген мүсіншіге де оңай шаруа емес екені белгілі. Сондықтан «Жеті рет өлшеп, бір рет кесуді» талап етіп отырған байқау үміткерлерінің үздік туындылары әлі де сараланады. Тағы бір ескерерлік жайт, Мұратбек Әзімовтің айтуынша, ескерткіштің барлық шығынын демеушілер есебінен «Көне-Тараз» қоры көтереді.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support