- Advertisement -

Жарқын болашақ үшін

66

- Advertisement -

Жамбылдықтар да өз таңдауын жасады

Ел ертеңіне бейжай қарамайтын қазақстандықтар еркін сайлау арқылы болашағының жарқын болуы үшін белсенділік танытып, саяси науқанға біркісідей қатысты. Әу бастан қазақ мемлекеттілігінің іргесі қаланып, тұңғыш рет туы тіктелген Әулиеата жұрты да таңсәріден тағдыршешті науқанға асығып, өз таңдауларын жасады. Жалпыхалықтық референдум ел көлемінде заң аясында, демократиялы түрде өтті. Олай деуге толық негіз бар. Дауыс беру учаскелерінде ешқандай заңбұзушылықтар орын алған жоқ.

Облыс бойынша дауыс беруге барлығы 477 290 адам қатысса, олардың 78,63 пайызы референдумға шығарылған мәселені қолдайтындықтарын білдіріп дауыс берді.
Біздің тілшілер Тараз қаласы мен аудандардағы сайлау учаскелерінде болып, саяси науқанды бақылап қайтқан болатын.

Тараз қаласындағы №54 мектепте орналасқан №492 сайлау учаскесі ашылмастан азаматтар кезекте тұрды. Мысалы, таңғы сағат 8.00-де бұл учаскеде 107 азамат өз таңдауын жасап үлгерді.
Сондай-ақ №13 референдум учаскесінде тұрғындар белсенді түрде дауыс берді. Сайлаушылардың көңіл-күйлері көтеріңкі екені байқалды. Тізім деректеріне сәйкес мұнда 2257-ге жуық сайлаушы бекітілген. Мүгедектігі бар азаматтар үшін дауыс беруге барлық мүмкіндіктер жасалған. Ал денсаулығына байланысты сайлауға келе алмай қалған тұрғындар үшін арнайы 2 комиссия мүшесі бөлініп, қол қою бюллетенін үйлеріне жеткізіп отырды.

Сайлау учаскесінің төрағасы Гүлбахира Бердімбекованың айтуынша, референдумның жергілікті учаскесінде сайлауды сапалы және әділетті ұйымдастыру үшін таңғы сағат 5.30-дан бастап 11 комиссия мүшесі бақылаушы ретінде қызмет көрсетті.
Сайлаушылардың арасында 27 азамат алғаш рет дауыс берді. Оларға Жаңа Қазақстанды құруға атсалысқандары үшін блокноттар сыйға тартылды. Ал қария кісілерге орамал, кәдесый секілді сыйлықтар тарту етілді.

Бұл күні Ғ.Мұратбаев атындағы №17 орта мектепте орналасқан №11 сайлау учаскесіне мемлекеттің бейбітшілігі мен гүлденуі үшін өз дауыстарын беруге келгендердің қарасы қалың болды. Мұнда ең алғашқы дауыс беруші он сегіз жастағы Ұлан Дәнебеков. Ол өз сөзінде дауыс беруге алғаш рет келіп тұрғанын тілге тиек етіп, ел азаматы ретінде республикалық референдумға қатысуды өзінің парызы санайтынын жеткізді.

– Бүгін еліміздің саяси тарихында ерекше оқиға өтіп жатыр. Мен де қала тұрғындарымен бірге Конституциялық реформаға байланысты өтіп жатқан республикалық референдумда өз таңдауымды жасадым. Ата Заңымызға енгізілетін өзгерістер еліміз үшін аса маңызды. Тарихшылар мен болашақ ұрпақ мемлекетіміздің басты заңына енгізілген түзетулерге оң бағасын береді деп ойлаймын, – деді Ұ.Дәнебеков.

Сондай-ақ бұл күні дауыс берушілердің ішінен көпшіліктен қалыс қалмаған қарттарды да кездестірдік. 78 жастағы Мұсабек Таласбаев өз сөзінде ел тағдыры бүгіннен қалыптасатынын айтты. Белсенді ақсақалға мектеп басшылығы тарапынан арнайы Алғыс хат табыс етілді.
Айта кетейік, №17 білім ордасында бүгінгі таңда 707 оқушы білім алады. 1962 жылы іргетасы қаланған мектепке 2 жыл бұрын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұл аумақтағы 2500-ге жуық тұрғын дауыс беруден өзгелерден оқ бойы озық болды.

Ал Меркі ауданы бойынша 41 референдум учаске әзірленіп, 271 референдум комиссия мүшесі алдын ала белгіленген. Ауданда бас-аяғы 54 135 азаматтың дауыс беруге құқы болған. Оның ішінде 2 866 ерекше қабілеттілігі бар азаматтар. Дауыс беруге барлық жағдай жасалды. Әр сайлау учаскесіне пандус орнатылып, лупа, құлаққап сынды құралдар қойылған.

Мысалы, Сарымолдаев ауылы №281 референдум учаскесіне де таң ата келгендер көп болыпты. Учаскелік референдум комиссиясының төрағасы Назгүл Анисованың айтуынша, таңғы сағат 7.00-де Мемлекеттік Гимн шырқалғанда учаскеде бір топ ауыл тұрғыны жиылып қойған. Саяси науқанға ағыл-тегіл тілегін ақтарып келген қариялар мен жуырда ғана кәмелетке толған жастар жағы да жаңа заңдарға дауыс беруге ынталы екенін аңғартыпты. Дауыс беруге бірінші болып келген Қайрат Тасеменов, Айваз Османов және 70 жастан асқан Нұрғали қарияға учаскелік референдум комиссиясы арнайы сыйлықтар табыстап, құттықтаған. Айталық, бұл күні учаскеге дауыс беруге келгендердің арасында 85 жасқа қараған Әзірет Абылайханов та болды. Осы бір ғана учаскенің өзінде 1820 адам дауыс беруге құқылы болса, сағат тілі 12.00-ге таяғанда тұрғындардың 46,6 пайызы таңдау жасап қойған. Мұның өзі де ауылдағы ағайынның ұстанымы мен ұйымшылдығын көрсетіп бергендей болды.
Конституцияға енгізілетін өзгерістерге байланысты Жуалы ауданындағы 39 референдум учаскесі 5 маусымдағы жалпыхалықтық референдум күні дауыс берушілерге жоғары дайындықпен есіктерін айқара ашты. Аудандағы дауыс берушілердің саны – 29 290 адам, оның ішінде ең алғаш дауыс берушілер – 423 жасты құрады. Мүмкіндігі шектеулілері – 1 829, ал 88 адам үйде дауыс берген.
Орайы келгенде біз де бірнеше сайлау учаскесінде болып, дауыс беру барысын байқадық. №29 орта мектебінде орналасқан №203 референдум учаскесіне саяси өзгерістерге байланысты дауыс беруге келген азаматтардың белсенділігі жоғары болды. Референдум учаскесі өз жұмысын тиісті талаптарға сай бастап, аталған учаске еліміздің Мемлекеттік Әнұранымен ашылды. Ең алғаш болып ел болашағына дауыс беруге учаскеге таңертең ерте келген ауыл тұрғыны, «Жуалы» көпшілік мешітінің имамы Сейітқазы қажы Медетбек ізгі тілегін білдіріп, елдің жарқын болашағына, жас ұрпақтың ертеңгі кемел келешегіне дауыс бергенін айтып, референдум учаскесінің мүшелеріне және дауыс беруші азаматтарға ақ батасын беріп, елдің жарқын болашағына тілеулес азамат екенін жеткізді.
Сондай-ақ №16 С.Сейфуллин атындағы орта мектепте орналасқан №205 референдум учаскесінде де дауыс беруге келгендердің қарасы көп болды. Мұндағы референдум учаскесінде алғашқы болып ауыл қариясы Зиядхан Райқұлов дауыс беріп, саяси науқанның маңыздылығына тоқталды. Таңнан тұрып ауыл ақсақалымен бірге 18 жастан жаңа асқан екі сайлаушы – Мадияр Әбілдабек пен Ақмөлдір Бағыланова келіп өз таңдауын жасады.

№205 референдум учаскесінің төрағасы Жорабек Кәдірбековтен азаматтардың учаскеге келуі және дауыс берудегі белсенділіктерін сұрап білген едік.
– Учаске таңертең ашылғаннан бері дауыс берушілер көптеп келіп, өз таңдауларын жасап жатыр. Референдум учаскесінде жалпы 766 дауыс беруші тіркелген. Алғаш дауыс бергендер – 14, үйінде 13 азамат дауысын берді. Таңертеңгі 9 сағат 30 минуттағы есебіміз бойынша дауыс берушілердің 32 пайызы өз таңдауын жасады. Учаскеге алғаш келген дауыс берушіге және ең алғаш дауыс беруші азаматтарға естелік сыйлықтар берілді, – дейді референдум учаскесінің төрағасы.
№205 референдум учаскесіне тіркелген ең алғаш дауыс беруші Мадияр Әбілдабек Ата Заңға енгізілетін өзгерістер туралы өз айтары бар екен. Ол да елдегі саяси өзгерістер мен реформаларды, оның ішінде, жастардың болашағына байланысты өзгерістерді толық қолдайтынын жеткізіп, өзгерістерге дауыс бергенін айтады.

Ал облыс әкімі Нұржан Нұржігітов отбасымен бірге Тараз қаласындағы №53 мектепте орналасқан №50 сайлау учаскесіне барып, жалпыхалықтық референдумға қатысып, дауыс берді.
Кеше Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Референдумның алдын ала қорытындысы» туралы баспасөз конференциясы өтіп, басқосуда облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов көпшілік көптен күткен науқанның нәтижелі көрсеткіштерін атап өтті.

– Ағымдағы жылғы 6 маусымда таңғы сағат 8.00-дегі жағдай бойынша облыс көлемінде референдумның 492 учаскесінде дауыстарды санау аяқталды. Референдумға қатысу құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жалпы саны 688 369 адамды құрады. Дауыс беруге қатысқан азаматтардың саны 477 290 адамды немесе референдумға қатысу құқығы бар азаматтар санының 69,39 пайызды құрады. Референдумға қойылған мәселенің оң шешімін жақтап дауыс берген азаматтардың саны еліміздің барлық өңірлерінде дауыс беруге қатысқандардың 78,63 пайызын немесе 375 277 адамды құрады. Конституциялық түзетулерге қарсы дауыс берген азаматтардың саны – 17,85 пайызын немесе дауыс беруге қатысқандар санының 85 173 адамын құрайды. Жауаптардың екі нұсқасы да таңдап алынған, яғни жарамды деп танылған, алайда дауыстарды санау кезінде ескерілмейтін бюллетеньдер саны 1,65 пайыз немесе 7 854 бюллетеньді құрады. Дауыс берушілердің ерік білдіруін анықтау мүмкін болмайтын және жарамсыз деп танылған белгіленбеген үлгідегі бюллетеньдер саны 1,89 пайызды немесе 8 986 бюллетеньді құрады, – деді Серғали Өмірзақұлы.
Сондай-ақ облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының айтуынша, өңірдегі барлық референдум учаскелерінде республикалық қоғамдық ұйымдардан 2 283 өкіл қатысқан.
Жиын соңында Серғали Өмірзақұлы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері тарапынан саяси науқанға байланысты сауалдарына жауап берді.

«Aq jol»-дың тілшілер тобы:
Маржан Рақай,
Айтолқын Кенжебекова,
Есен Өтеулиев,
Сәндібек Піренов,
Марат Құлибаев,
Нұржан Қадірәлі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support