Тілі - майда, қолы - жұмсақ, емі - шипа
Тілі - майда, қолы - жұмсақ, емі - шипа
Денсаулық сақтау жүйесіндегі реформаларды ойлап тапқандарды осыған кінәлап жататындар аз емес. Дегенмен күндіз-түні науқастардың жағдайын жақсарту үшін тынбай еңбек етіп, әр пациенттің ауру тарихын толтырып, қайтсем көмектесем деп жүрген дәрігерлер де аз емес. Әрине, ақ халаттының, жалпы орта буын медицина қызметкерлерінің адам денсаулығының сақшысы екенін қас-қағым сәтке де ұмытуға ешкімнің қақысы жоқ. Ішкі мәдениеті үйлескен дәрігер мен медбикелер ғана сырқат жүрегіне жол тауып, адам жанының арашасы бола алады. Тән жарасы мен жан жарасының шипагері бола білген адам ғана нағыз дәрігер, мейірбике деген атқа лайық. Дегенмен кейбіреулер ауруханаға жату тәртібіне мойынсұнғысы келмей, портал жолымен емханаға барып, тексеру-талдаудан өткісі келмей, жүруге ерініп, дәрігерлерді кінәлап, ар-намысына тиіп жатады. Әрине, мұндай жағдайда арнайы құқық қорғау орындарына шағымданып, өз ар-намысыңды өзгеге таптатпай, ақталып шығуға болады. Бірақ осы қажет пе? Әрине, қажет емес. Әркімнің санасы мен деңгейіне сай әрекеті бар ғой деп қана қоя салуға мәжбүр боласың. Осы орайда, этика дегеніміздің не екенін анықтап алу қажет. Этика (әдеп) дегеніміз – гректің мінез, әдет-ғұрып деген сөзінен шыққан философиялық ұғым. Этика – адамдар мен адамдардың арасындағы адамгершілікке толы қарым-қатынастардың озық үлгілерін, жақсы дәстүрлерін оқытатын қағидалар жиынтығы. Халқымыз ежелден адамгершілік, инабаттылық, сыйластық сияқты асыл қасиеттерді өз бойына сіңіріп және ардақтап келеді. Адам өмірге келгеннен кейін өзара сыйласу – баршаға ортақ қасиет. Тіршілік иелерінің ішінде адам санасымен ерекшеленеді. Адам баласы, ең алдымен өзін өзі сыйлай білуі қажет. Егер өзіңді өзің құрметтеп, бағалай білмесең, өзгеден сый-құрмет көремін деу бекершілік. Қазақ философ халық қой. «Өз-өзіңді жаттай сыйла, жат жаныңнан түңілсін» деген мақалдың астарынан-ақ көп нәрсе аңғаруға болады. Этика – мораль туралы ілім, яғни адамгершілікті, ізеттілікті, кішіпейілділікті, әдептілікті оқытады. Медициналық этика – медициналық қызметкерлердің жұмысындағы гуманизм көрінісі, деонтологияның теориялық негізі болып саналады. Медициналық деонтология дегеніміз – медицина қызметкерінің адам баласы алдындағы, қоғам алдындағы атқаруға тиіс кәсіптік парызы мен өтеуге тиіс борышын оқытатын ілім. Біздің дәуірімізге дейін ІХ ғасырда өмір сүрген атақты үнді дәрігерінің «Өмір кітабы» атты еңбегінде дәрігерге былай деген өсиет айтады: «Дәрігер іс жүзінде табысқа жету үшін: өзінің дені сау, мұнтаздай таза, қарапайым, шыдамды, сақалы қысқа етіп бастырылған, тырнақтары алынған, ақ жиде, жұпыны киім киген болуы керек. Сөйлеген сөзі жұмсақ, жағымды, тартымды және үлкен үмітпен айтылуы қажет», – депті. Дәрігердің ақ жүректі адал, қайғыға ортақтасқыш, сезімтал, тура мінезді, байсалды, ерекше сабырлы, әрқашанда жақсылық істеуге тырысып тұратын адам болғаны абзал. Медицина қызметкерінің орта және кіші буынды қызметкерлері әріптестері арасында сабырлы әрі ашық-жарқын сөйлесуге міндетті. Дөрекі тұрпайы немесе тым ресми сөйлесуге болмайды. Өзінен жасы үлкендерге «Сіз» деп және дәрігерлерге аты мен әкесінің атын атап сөйлескені жөн. Жалпы, медицина қызметкері – жоғары интеллектілі, өзгеге үлгі-өнеге көрсетуші, мәдениеттің биік сатысын ұстаушы, таза интеллигент дәрежесіндегі адам болуы тиіс. «Сөзі де, ісі де үйлесімді, тілі – майда, қолы – жұмсақ, емі шипа болар жан» деген сөзге лайық болғаны жөн деп ойлаймын. Осындай қасиетке ие болуға тырысайық, әріптестер!
Гүлмайра МОМБЕКОВА, «SENIM» денсаулық сақтау жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ облыстық филиалының төрайымы.