Ақ жүріп, адал ғұмыр кешкен

5

Өзің өмір сүріп жатқан қоғамның барлық тыныс-тіршілігін тап басып білу – екінің біріне беріле салмайтын өзгеше бір жанашырлық сезім. Елге болсын деу – ерекше қасиет. Біздің қоғам осындай пейіл-ниетке зәру. Жасыратыны жоқ, өзгенің мұқтаждығына алаңдамайтын немкеттілік басым көпшілігінде.

Ал Ілесхан Әмірбекұлының тілеуі ел-жұрттың жайы еді. Жастардың ертеңіне тым алаңдаулы жүретін. Көңілі жүдеу жанның өтінішін айтқызбай-ақ білетін. Әсіресе осы оқу ордасында еңбек еткен жылдары кейінгі толқынның тілегін тап басып түсініп отыратын. Көп жылғы жоғары білікті ғалым-педагогтік тәжірибесі шығар, Ілесхан Әмірбекұлы студенттерді мазалап жүрген мәселелердің барлығын жақсы білетін. Қаншама жас ұрпақтың дұрыс қалыптасуына бір өзі үлгі-өнеге болды десек, артық айтпаймыз.
Мен Ілесхан Әмірбекұлын алғаш рет университетке оқуға түскенде 1-курста көрдім. 1995 жылы еді. Жоғары оқу орнына түскенге дейін Жамбыл гидромелиоративті-құрылыс институтында дарынды балаларға арналған мектеп болған. Сол мектептің түлегімін. Институттың экономика факультетіне оқуға қабылдандым.

Сол жылы қыркүйек айында Ілесхан Әмірбекұлы бірнеше студентті, яғни сол мектептің түлектерін арнайы қабылдап, кездесті. Сол кездесуден түйгенім – біз екі жыл сонда оқығанымызда байқамаған екенбіз, ал ол кісі әр оқушының талабын танып-біліп жүрген екен. Оқуға түскенімізде өз түлектерін қанаттандыру үшін Ілесхан Байсерке институттың проректоры ретінде жүздесіп, алдағы студенттік өмір жолымызға сәт-сапар тілегені есімде ұмытылмас естелік болып сақталып қалды. Ілесхан Әмірбекұлы студенттерге деген қамқорлығын аямайтын, оларды тәрбиелеуде жаңа іс-тәжірибеден қашпайтын. Ұлттық деңгейдегі профессор, бірқатар ғылыми қауымдастықтардың профессоры мен академигінің осынау қарапайым болмысы шынтуайтында көпке ой салатын.

Сондықтан шығар, оның беделі әріптестері мен студент-түлектер арасында жоғары болды. Бүгінде осындай ұстаздың тәлім-тәрбиесін көрген қаншама шәкірттер елге белгілі мамандар мен басшыларға айналды. Нағыз ұстаз атанған ғалымның шәкіртімін дейтіндер көп. Елге болсын деп еңбек еткен жылдарда қаншама педагогтер мен ғылымдарды даярлады десеңші?! Олардың өздері де бүгінгі күні жас буын мамандарды даярлауға үлес қосып жүр.

Тұлғалық болмысы биік, атақ-дәрежесінен бұрын, адамдық болмысымен көпті мойындатқан азаматтар ел ішінде бар. Бірақ олар кеуде керіп, ортаны бұзып-жарып кіріп, көпке көрініп қалуға ұмтылмайды. Әсіресе нағыз ғалымдар. Ілесхан Байсерке сондай еді. Ақ жүріп, адал ғұмыр кешті. Ұлт пен ұрпақтың жайын ешуақытта естен шығармады. Ұстаз туралы, өңірдегі іргелі оқу орны – Дулати университеті жайлы сөз қозғағанда кісілігімен де, кішілігімен де көптің көкейінде қалған ғалым өмірден өткен соң, аңызға айналып шыға келгендей бір күйді сезінемін.

Әдетте, ғалымдар жайлы, белгілі тұлғалар туралы әңгіме қозғасақ, оның ғылымға сіңірген еңбегі мен өмірбаянын тізіп шығу дәстүрлі формаға айналған ғой. Онсыз болмыс-бітімі ашылмай, жеткен жетістіктері елеусіз қалатындай көретініміз бар. Оқудың түбіне бойлап, жаңалық ашып, сонысымен кезінде ел экономикасын өрге сүйреген жандардың қол жеткізген табыстарын айтпау әсте, мүмкін емес. Әйтсе де, ең алдымен адамды азамат етіп танытатын оның адамдық болмысы. Елдің есінде қалатыны да – сол кішілігі. Кісілігі де сонысы арқылы танылады. Ілесхан Әмірбекұлы туралы сөзді алдымен оның азамттық келбетінен бастағаным да, сондықтан.

Әйтпесе Әулиеата өңірінде өмірге келіп, облыс орталығының дәл іргесіндегі Жамбыл ауданында өсіп, білім қуып, еңбекқорлығымен елге танылған азаматтың еңбекқорлығымен жеткен жетістіктері, жұртқа танытқан табыстары аз емес. Ілесхан Байсерке бүгінде ортамызда болғанда 9 шілде күні 80-нің сеңгіріне шығар еді. Ел-жұрт болып, мерейлі жасын атап өтер еді.
1960 жылы Абай атындағы Жамбыл педагогикалық училищесін үздік бітіріп, алғашқы еңбек жолын бастауыш сынып мұғалімі қызметінен бастаған ол 1961-1962 жылдары Талас аудандық комитетінде нұсқаушы қызметін де атқарды. Сол жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына оқуға түсіп, үздік аяқтағаны да – талапшыл жастың табандылығынан еді.

Институттың тарих факультетінде оқып жүрген студенттің осы білім ордасында қазақ тілі, қазақ әдебиеті пәндерінен студенттерге дәріс беруінің өзі – оқып та, көңілге тоқи да білген жастың талапшылдығын көрсетпей ме?! Кейін ол 1966-1973 жылдары Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының қоғамдық ғылымдар кафедрасында оқытушы, аға оқытушы болып қызмет етті.
Сонау жетпісінші жылдарда Одақтың астанасы болған Мәскеуде оқуға мүмкіндік алған қазақ жастары көп емес. Сол санаулының бірі Ілесхан Әмірбекұлы болды. 1973-1976 жылдары Ломоносов атындағы

Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасында оқып, кандидаттық диссертациясын қорғады.
Оның «Қазақстан» баспасынан жарық көрген Алматы және Мәскеу мемлекеттік архивтерінен алынған соны деректер негізінде жазылған, «Майданды демеген қуатты күш» атты кітабы елімізде кеңінен таралған болатын. Бұл еңбек қалың жұртшылықтың көңілінен шықты.
Сол жылдары Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры КСРО Ғылым академиясының академигі Рем Хохлов Ілесхан Байсеркеге осы университеттің «Ғылыми коммунизм» кафедра меңгерушісі лауазым қызметін ұсынуының өзі – оның алғыр ойы мен ізденуден талмайтын табандылығының нәтижесі деуге болады. Алайда ол бұл ұсыныстан бас тартып, елге қызмет етуге бел буды. 1977-1994 жылдары осы Тараз қаласындағы одақ көлемінде танымал болған Жамбыл гидромелиоративті-құрылыс институтында доцент, кафедра меңгерушісі, факультет деканы болып еңбек жолын жалғастырды.

Ілесхан Байсерке оқытушылық қызметімен қатар, КСРО-ның әр республикасындағы жоғары партиялық мектебінің қарамағындағы «Марксизм-ленинизм» университетінде кәсіпқой лектор ретінде дәріс оқығанын да айта кеткен жөн. Әр заманның тынысын тани білудің өзі қабілет-қарымға байланысты. Ол өзінің ұйымдастырушылық, ораторлық қасиетімен 1977-1979 жылдары КСРО аймағында үздік лектор атағына ие болып, оған лекторлық қызметі үшін шетелге, яғни Австрия мемлекетінің астанасы Вена қаласына туристік жолдама берілген екен.

Жамбыл гидромелиоративті-құрылыс институтында ректордың оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры, 1996 жылы Жамбыл университетінің бірінші проректоры қызметіне тағайындалды.
Ілесхан Әмірбекұлының «Жалпы педагогика» мамандығы бойынша докторлық диссертациясын қорғаған кезі – 1998 жыл. 1998-2006 жылдары аралығында М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің бірінші проректоры, ұйымдастыру, студенттер мен әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры лауазым қызметтерін атқарды.
Ілесхан Әмірбекұлы өз еңбек жолында осындай есею жолдарынан өткен. Кешегі жас, талапшыл студенттер біз де есейдік. Көкейге түйгеніміз бар, өткенге ой салып қараймыз. Сондағы байқағаным, ол кісі өзінің оқытушылық қызметімен бірге, қоғамдық-саяси мәселелерден қатар айналысқан екен. Ол кісі 1994-1995 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің VIII шақырылымының депутаты болды. Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, осы шақырылымда маңызды шешімдер қабылданғанын білеміз.

Сол шешімді қабылдаған депутаттардың арасында Ілесхан Байсеркенің болуы, ол кісінің мемлекеттік маңызы бар мәселеге немқұрайлы қарамағаны – үлкен құрметпен қарайтын жауапкершілік.
Ол кісі өзінің негізгі қызметімен қоса, осындай қоғамдық-әлеуметтік өмірімізде маңызды істерді де қатар атқарған. Қазір ғой, байланыстың құралы артты. Бүгін тапсырма беру оңай, қадағалау жеңіл. Біз екі пар дәрістің арасында оқытушыларға барып, талабымызды айтып, қайта сабаққа кіретінбіз. Әрі қарай Ілесхан Әмірбекұлы студенттердің талап-тілегіне қарай шешім қабылдап жататын.
Біздің азамат ретінде қалыптасуымызға ол кісінің ықпалы көп болды. Шешім қабылдауда өткірлік пен қолға алған істің нәтижесіне жетпейінше тоқтамауды Ілесхан Әмірбекұлынан үйрендік.
Диплом алатын сәт әлі есімде. Диплом тапсыру рәсіміне қызу дайындық жүріп жатқан. Ілесхан Әмірбекұлы сол кезде деканаттарды аралап жүріп, бізбен жүздесіп, қайда, қандай жұмысқа баруды жоспарлап отырғанымызды сұрады. Әрине, экономикалық факультетті бітірген жас маман нарықтық кезеңде енді қалыптасып жатқан жекеменшік компанияларға баруды көздейді ғой. Ойымызды айттық. Сонда ол кісінің айтқаны: «Жастардың бәрі жеке секторға кетсе, мемлекеттік қызметке кім барады? Бұл салаға білімді, талапшыл жас мамандар керек. Жақсы оқыған азаматтар мейлінше, университетте қалып, ғылыммен айналысуға, мемлекеттік басқару жүйесіне баруға тырысуы керек. Егер сендер бармасаңдар, онда бәсекеге қабілеті орта деңгейдегілер барады. Ал оларға ертең мемлекеттік маңызды шешімдерді қабылдауды, ел келешегіне тікелей қатысты білім-ғылым саласында қызмет етуді сеніп тапсырсақ, болашағымыз қалай болады?» – деген сөзі жадымда жатталып қалыпты.

Кейін мемлекеттік қызметке барғанда, қайта білім саласына оралғанда, былтыр М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіне ректор болып тағайындалған кезде сол сөз ойымда тұрды. Міне, ол кісінің жастардың шешіміне, көзқарасына әсер ету әдісі. Арада қанша жыл өтсе де, ұстазымыздың сол сөзі санамда тұрғаны, оның айтқан ақыл-кеңестерінің ұмытылмауы – елдің ертеңіне деген шынайы алаңдаушылығынан болса керек.

Оқытушылық қызметінен бөлек, саясатқа араласып, туған өңірінің, Тараз қаласындағы өзекті мәселелерін көтеріп, айта білген. Білім саласының үздігі Ілесхан Байсеркеге 2005 жылы Тараз қаласының Құрметті азаматы атағы берілуі бекер емес. Ол туған өлкесі Таразға деген айрықша перзенттік ілтипатын жоғары қоя білген азамат. Талай мәрте басқа жоғары қызметтерге шақырту алғанымен, еңбек жолында педагогтық міндетінен, елге деген елжанды сезімінен айныған емес. Жоғары білім беру саласында әртүрлі қызметтер атқара жүріп, оны дамытуға үлкен үлесін қосты. 100-ге жуық ғылыми еңбектері, соның ішінде 5 монографиясы жарыққа шыққаны – соның дәлелі.
Ғылыми-педагогикалық қызметінде қоғамдық жұмыстардан шет қалған жоқ. 2006-2013 жылдары университеттің кәсіподақ комитетін басқарды. 2013-2017 жылдары ректордың кеңесшісі қызметін, 2017 жылдың қыркүйегінен бастап 2021 жылдың маусымына дейін Қазақстан тарихы кафедрасында профессор қызметін атқарған.

Бүгінде профессор І.Байсеркенің ғылыми жұмыстары еліміздегі жоғары оқу орындарында, мектептерде дәріс ретінде кеңінен қолданылып жүр. Оның жетекшілігімен 11 аспирант кандидаттық диссертациясын қорғаған.

Профессордың еңбек жолын шолып өтсеңіз, оның тұлғалық қалыптасуын отандық ғылым мен білім дамуының тұтас бір кезеңінен бөліп қарауға болмайтынына көз жеткізесіз. Осы жолда, қазақ ғылымының даму дәуірінде «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Ілесхан Әмірбекұлының есімі ерекше аталады.

Біздің Дулати университетінің тарихы тереңде жатыр. Өңірлік оқу орны – бұрынғы ірі институттардың, сонда еңбек еткен аға буынның тәжірибесін жалғастырушы білім ордасы. Яғни осы институттарда білім алып, еңбек еткен кешегі жас мамандардың ішінде Ілесхан Әмірбекұлын білмейтіні кемде-кем. Біздің ұжым осындай білікті профессор туралы әрқашан жылы естеліктер айтатыны да, сондықтан. Өйткені ол кісі өзінің өнегесін көрсете білген жан.
Басқару жүйесінде ұлы тұлғалардың, мықты менеджерлердің, жақсы басқарушылардың іс-тәжірибесін зерттеу әдісі бар. Дамыған елдердің көбісінде үлкен университеттерде кейстік әдістерді көп қолданады. Яғни нақты болған жағдайдың, нақты оқиғаның мысалында тұлғалардың қандай шешімдер қабылдағанын зерттеуді үйретеді. Осындай тәжірибелерге сүйене отырып, біз Дулати университетінде басқару жүйесі бойынша білім алып жатқан студенттер мен магистранттарға Ілесхан Байсерке сынды азаматтардың еңбек жолы мен іс-тәжірибесі негізінде білім беріп, бағдар ретінде ұстануды қолға алып жатырмыз.

Талғат Ешенқұлов,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз өңірлік университетінің
басқарма төрағасы-ректоры.

Comments are closed.