- Advertisement -

Шерағаның жүрегі Қаратауын да жырлаған

55

- Advertisement -

Қаратау қаласындағы мектеп-лицейге Халық жазушысы,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шерхан Мұртаза есімі берілсе…

Шерағаңның «Қаламгер», «Қайраткер», «Халықтың үні мен тілі» деген сөздерді айғақтайтын атақтары да жетеді. Шерағаң – Халық жазушысы! Шерағаң – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты! Шерағаң – елімізге еңбегі сіңген қайраткер! Шерағаң ҚР Жоғарғы Кеңесі мен ҚР Парламенті Мәжілісінің бірнеше дүркін депутаты!

Ал қаламгердің де қаламгері, депутаттың да депутаты бар десек, Шерағаң «Сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз» дейтін қаламгер де, депутат та болған жоқ. Әрқашан ақиқат дауылының өтінде жүрді. Тіл үшін тіресті. Жер үшін күресті. Ел байлығы талан-таражға түспесін деп те тартысты.
Бірақ өмір деген өте келте екен. Сондай асыл адам да бәрімізді: елін, жерін, отанын, атамекені Ақсайын, туған-туыстарын тастап, бақилық мекеніне аттанып кете барды.

Шүкір дейтініміз, 85 жасқа толған кездегі тойына жиналған халықтың қуанғанын, құттықтағанын көріп, жылы лебіздерін естіп «Ұзақ уақыт неше түрлі мақтау сөздер айтылды. Соның бәрін құлағыма құйып алып жатырмын. Осы сөздің бәрі рас болса, рақмет. Әрине, елімнің бақытты адамымын. Жақсылықты алдан күтемін. Болашақтың аспаны керемет нұрлы сияқты болады да тұрады. Ол кезде мен аспанға… ұшып кетермін. Түсіме ылғи Шолпанжұлдыз кіреді…» деген сөзі құлағымда әлі тұр. Арманы шығар. Айтқаны келсін лайым.

Сол 85 жылдықтан бері де бес жыл зу етіп өте шығыпты. Тоқсан жылдығы да таяп келеді. Өңірде, әрине, әзірлік басталып кетті. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов те басшы боп келгелі Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтан бастап Шерхан Мұртазаға дейінгі мерейтойлардың барлығын елдің рухын көтеретін, әдебиетіміз бен мәдениетімізге тамшыдай болса да үлес қосатын игілікті іс-шаралар мерекесіне айналдыру жөнінде айтып жүр. Ол үшін бірнеше басқосулар да өткізді. «Шерағаңның аты-жөнін ұрпақ есінде мәңгі қалдыру үшін еңселі ескерткішін орнату, көшелер мен мектептерге есімі берілсін деген ұсыныстарды да қолдап отыр. «Тек жұрт ойынан шығатын болсын» деген талабы да дұрыс.
Осы орайда Шерағаңның «Қара маржан» деген романы ойыма оралып отыр. ҚР Мемлекеттік сыйлығын алған ол шығармасында Шерағаң Қаратау кеншілерінің тағдыры жайлы толғанған. Қарт Қаратаудың бойын жайлаған қос қаланың іргесін қалап, зауыттарын салған, тас қопарып, кен өндірген жұмысшылардың қайсарлығын жырлаған.

Айтайын деген ұсынысым, осы Қаратау қаласында сонау 1956 жылы салынып, 1957 жылы мектеп-интернат боп ашылған ғимарат бар. Шерағаңның жалындаған жастық шағының белгісі, әрі көненің көзі. Өзі содан бүгінге дейін біраз белестен өтіп кеп, 2018 жылдан бері мектеп-лицей мәртебесін алыпты.
Қазақ жаушыларының ішінен Қаратау кеншілерінің өмірін ең алғаш рет романына арқау еткен қайраткер-қаламгер Шерхан Мұртазаның атын-жөнін осы тарихи мектеп-лицейге неге бермеске?
Меніңше, бұл ұсынысты Қаратау қаласының халқы да, облыс әкімі Нұржан Нұржігітов пен Талас ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек қолдайды деп сенемін.
Қаратау қаласымен құдайы көршідей аралас-құралас жатқан Жаңатас қаласынан да Шерағамызға көше мен мектеп аттары беріліп жатса, ол да көптік етпейді.

Көсемәлі Сәттібайұлы,
жазушы, Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері.

Талас ауданы,
Қаратау қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support