Сәуленің сенімі 30 жыл бұрын кәсіпорын ашқан кәсіпкер

11

Қоғам құбылып сала бергенде, жүйе нарықтық қатынастарға көшкенде, көптеген мекемелер жабылып, ауылды айтпағанда, облыс орталығының өзінде бірқатар балабақшалар жабылып, өндіріс орындары тұралап жатқанда… Тізе берсек, тоқсаныншы жылдардағы көрініс осындай еді. Тоқыраудың салдарынан өнеркәсіп өлермен күйге жетіп, жұмыссыз қалған көпшілік не істерін білмей, ала дорба арқалап, базар жағалап, тегіс сауда жасай бастағанда, тәуекел етіп, кәсіпорын ашқан Сәуле Рысбаева – өңіріміздегі алғашқы кәсіпкер әйелдердің бірі болды. Сонау 1992 жылы, еліміз тәуелсіздігін жариялаған соң небәрі 3 айдан кейін облыста мөр шығаруды қолға алған іскер жанның бұл ісін батылдық десек те, табандылық десек те жарасады.

Оның бұл ісіне миығынан күліп, мөр шығарамын дегеніне ешкім сенбеген болатын. Ол кедендік құрылым әлі құрылмаған, ескі жүйенің әлі толық тарап, жаңаның заңдық негізі бекімеген кезең еді. Тура осындай қиын-қыстау кезеңде қазақ та кәсіп бастай алады деген арманын арқалап, Венгрияға барып мөр жасайтын құрылғыны кәдімгі жолаушылар тасымалдайтын пойызбен алып келгені – расында үлкен батылдық. Үш шекарадан өтіп, шағын мұздатқыш секілді төртбұрышты құрылғыны Венгриядан сатып алып, Украинаға әкеліп, одан Ресейге өтіп, сосын Қазақстанға жеткізгенін көпшілік біле бермейді.

Бір пойыздан түсіп, екіншісіне ауысып мініп жүріп, елге әкелгенінде, кәсіпорынды құрып, мөр шығаруға рұқсат бермей, алты ай сандалтқан екен, жергілікті атқарушы органдар.
Үміті үзілердей болған сол кездегі облыстың бірінші басшысы Өмірбек Байгелдіге хат жазады кәсіпкер. Мөр жасайтын кәсіпорын ашуға ресми рұқсат ала алмай жүргенін, осылай жалғаса берсе, Қырғыз еліне кетіп, сол жақтан кәсіпорын ашуға мәжбүрмін дейді амалы таусылған Сәуле Мақшанқызы. Сөйтіп, іске өңір басшысының өзі араласқан соң ғана кәсіпорынға мөр шығаруға мүмкіндік туады.
Жалақы түспесе, қайтара алмай қалармын деген уайымнан көршісінен қарыз сұрауға батпайтын тоқсаныншы жылдар ғой ол. Сондай кезеңде, 1992 жылы банктен кәсіпорын ашамын деп 25 мың доллар несие алған да осы кәсіпкер. Алашағын ұқсатып үлгермей жатып, 20 мыңын инфлияция жеп қойып, 5 мыңын ғана өндіріске салған Сәуле Рысбаеваға өз ісін ілгері басқызу оңайға соқпағаны анық. Үлкен іс бастап, біраз адамды жұмыспен қамтыған кәсіпкерге көмектескені – тәуекелшілдігі. Қол қусырып қарап отырмай, алдына талап қойған Сәуле Мақшанқызын бір жылдан кейін төл теңгеміздің айналымға шыққаны қаржылық құлдыраудан құтқарып қалған екен.
Шығыны мен пайдасын қатар есептеп алмайынша, жан-жақты жоспар жасамайынша, кәсіп ашу оңай емес. Оның үстіне іс-тәжірибесін үйреніп алғанға бұл өңірде мұндай кәсіпорын жоқ. «Мен үнемі алып фабрика елестететінмін. Өзім Тараздағы былғары аяқкиім шығаратын фабрикада жұмыс істегенмін. Малдың терісінен су жаңа, суға да, суыққа да, ыстыққа да төзімді аяқ киімнің қалай дайындалатынын көрдім, сол қайнаған қызу еңбектің ортасында жүрдім. Дайын өнім ретінде тұтынушыға ұсынылғанға дейін қандай өңдеулерден өтетінін білемін. Сондықтан құрылғыны әкеле салып, бірден мөр шығара алмасымды ойлап, сағым сынған жоқ. Басқа емес, өнім өндірсем деген ой тұратын санамда әр кез.

Кейін бұрынғы кеңестік кезеңдегі ашық хаттар мен шақыру қағаздарын өзгертіп, ұлттық үлгіде шығара бастадық.
30+30 = 60. Былай қарасаңыз, математикадағы қарапайым қосу амалы секілді. Алайда бұл еңбекпен өскен, нәтижеге жеткен, содан барып, табысын тасытқан жылдардың тізбесі. Тәуелсіздік алғалы 30 жылдан асты. Шығаратын өнімі өзгеше өндіріс – өңірдегі тәуелсіз елдің алғашқы қарлығаштарының бірі «Рысбаева және Ко» компаниясының ісі ілгері басқан отызыншы жылы. Осы істің басы-қасында үлкен іс бастау әлі күнге қазақ әйелдерінің қолынан да келеді дегенді дәлелдеп жүрген кәсіпкер Рысбаеваның мерейлі жасы. Осынша жетістікке тек еңбекпен, табандылықпен жеткен жанның төзімі мен жігерінің жемісі.

Қазір Сәуле Рысбаева қолынан іс келетінін дәлелдеген кәсіпкер ғана емес, облыстық мәслихаттың депутаты. Жекеменшік «A-STATUS» білім орталығының құрылтайшысы. «Қазір компанияда 30-ға жуық маман еңбек етеді. Олардың бірқатарының еңбек өтілі – 25 жыл. Бұл – кәсіпорынды алғаш ашқан кезде менімен бірге іс бастаған мамандардың табан аудармай, осы компанияда еңбек етіп келе жатыр деген сөз. Оларды менің серіктестерім деуге де болады. Олар жеке ісіміздің болашағына сенгендіктен әрдайым қасымнан табылды деп ойлаймын. Ал мектепте 60-тай мұғалім жұмыс істейді. Көпшілігі алғаш ашылған кезде келген мамандар. Бұл да құрылтайшыға деген сенімнің көрінісі деп ойлаймын», – дейді кәсіпкердің өзі.

Фариза Әбдікерімова

Comments are closed.