- Advertisement -

Ел азаттығы үшін күрескен ер

269

- Advertisement -

Қазақ халқы өзінің сан мыңжылдық тарихында небір елдің елдігі мен ердің елдігі сыналатын қиын-қыстау кезеңдерді бастан кешірді және елін-жұртын осы қиындықтардан аман алып шыққан ерлерін еш уақытта ұмытқан емес. Ондай тұлғалар жазба деректерде де кеңінен бейнеленуі арқылы өз дәуірлерінің тарихи оқиғалары мен ерекшеліктерін танып білудегі негізгі объектілері ретінде көрініс береді. Қазақ халқына қасірет әкелген «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезінде жоңғар басқыншыларына төтеп бере алмай мыңдаған қазақ шаңырағы босып, қоныс аударды.

Бірнеше жылға созылған ел мен жер тағдыры шешілер осы шайқастарда ұлы далаға иелік еткен қазақтың Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай, Райымбек, Өтеген, Елшібек, Малайсары, Жәнібек сияқты жаужүрек батырлары ерен ерлік көрсетті.

Енді ежелден іргелес отырған беймаза көршісінің сағын сындырған қазақ халқының аз-кем тыныстауы керек еді. Алайда сырттан келер қауіп бәсеңдеудің орнына барған сайын күшейе берді. Осы кезеңде шеңберін кеңейтіп, күш қуатын молайтып, белін бекемдеген оңтүстік жақтағы көршілес хандықтардың онсызда титықтап, тоз-тоз болып кеткен қазақтарға деген алакөздігі бір сәт те толастамады, оның үстіне төрелердің ел билігіне таласқан өзара қырқысы да елді жегідей жеді. Осындай қым-қиғаш кезеңде тығырықтан шығатын жол іздеген Кіші жүз ханы Әбілхайыр бастаған кіші және орта жүздің бай-бағландары Ресей патшалығынан пана сұрап, ант қабылдады. 1731 жылы 19 ақпанда Ресей патшайымы Анна Иоановна және онсыз да шығыстағы бай елдерге көзін тіккенімен қолдары жетпей отырған көпестері бұл өтінішті құп алып, қазақтардың Ресейдің қол астына «өз еркімен» алынғандығы жайлы грамотаға қол қойды. Сол жылдың 10 қазанында ханның Ырғыз өзені маңындағы жазғы мекенінде рубасылары мен билері, батырлары бас қосып, ант қабылдап, актіге мөрлерін басты. Бұдан 290 жыл бұрын жасалған бұл келісім бүкіл Қазақ даласының Ресей құрамына біртіндеп қосылу процесінің алғашқы бастамасы болып еді. Сол кезде батысы Еділ-Жайықтан, шығысы Алтайға, арқа шегі Сібірден, оңтүстігі Алатау, Ташкентке дейінгі ұлан-байтақ жерді иемденіп жатқан Қазақ елін аз уақыт ішінде «қамқорлығына» алып, сырт жаулардан қорғауға Ресей патшалығының мүмкіндігі де әлеуметтік қуаты да жоқ болатын. Соның салдарынан алыстағы «ағайын» қолын созам дегенше, XVIII ғасырдың аяғынан бастап XIX ғасырдың 50-ші жылдарына дейінгі аралықта оңтүстік және оңтүстік-батыс қазақтары жанындағы Қоқан, Хиуа хандарының жемтігіне айналды. Руаралық тартыстар бұқара халықты әбден титықтатты, ар-намысы тапталған бұқара халықтың қайғы-қасіретін жеңілдетуді, елдің тәуелсіздігін сақтап қалуды ойлаған дала батырлары жан-жақтан анталаған жауға қарсы тұрды. Сондай елім деп еңіреген бабаларының кіндік қаны тамған жерін қорғап, 45 жылға жуық жауларымен жағаласып өткен хас батырлардың бірі – Шымырбай Асанұлы.

Шымырбай Асанұлы 1796 жылы қазіргі Түркістан облысы, Төле би ауданы, Қарасора (бүгінгі Кеңесарық) ауылында, Алатаудың бауырында дүниеге келген.

Бұл кезең жоңғарлардың қазақ жерінен біржола тазарған кезі болатын. Қалмақ кеткен соң Алатау мен Өгем, Шыршық пен Келес, Созақ пен Қаратау, Ташкент, Ходжент маңайында 70 жылға созылған қазақ-қырғыз қақтығысы өршіген. 1798 жылы Ташкент аймағындағы қаңлы, шанышқылы, рамадан, сарт, түрк раларының көмегімен Жүніс қожа дулаттар мен сіргелілерге қарсы сұрапыл соғыс ашады.
А.Левшиннің айтуынша, Жүнісқожа өлгендердің басынан мұнара тұрғызды. Бұл қырғыннан босқан халық Қазығұрт, Қаратау, сонау Өскеменге дейін шұбырды. Осы қиын кезеңде жаныстың бірнеше аталары өздерінің атақоныстары Әулиеата өңіріне, Шу аймағына көшті, ал қайсыбір аталары өздерінің байырғы атамекен санайтын жерлерінен жылжыған жоқ, соның бірі Шымырбайдың әкесі Асан болатын.
1800 жылдан бастап жерлерін кеңейтуді мақсат тұтқан Қоқан ханы Әлім 1809 жылы Шымкентке 20 мыңдық қолмен шеру тартады. Ортақ билеуші жоқ, бытыраңқылыққа түскен оңтүстік қазақтары қоқандықтарға айтарлықтай қарсылық көрсете алмады. Әлім хан айналасы 2-3 жылдың ішінде Шымкент, Түркістан, Жаңақорған, Созақ, Саудакент, Әулиеата, Ұзынағаш, Сарысу төңірегін және Қырғыз жерін тұтасымен жаулап алды. Қоқандықтар халықты сан түрлі алым-салықпен тоз-тозын шығарды. Осыған байланысты жер-жерде жекелеген батырлар топ құрып, қоқандықтарға шабуылға шығып отырды.

Талай қазақтың билеуші төрелері қоқан хандығын Орталық Азиядағы түрік тілдес халықтарды бір орталыққа біріктіріп, Ресейге қарсы тұратын мемлекет ретінде қабылдады, оған Ұлы жүз қазақтарының сұлтаны Әділдің 10 мың үйімен Қытай шегіне көшіп келіп, Қоқан ханына өзі еркімен қызметке тұруы және қазақтардың басқа да сұлтандардың өлкеде Қоқан саясатын жүргізушілерге болғаны дәлел бола алады. (Асылбеков М.Х., Шалекенов М.У., Ерофеева И.В. ХІІ ғасырдың аяғы – ХІХ алғашқы біріндегі Оңтүстік Қазақстан. Қазақстан тарихы. (Көне заманнан бүгінге дейін ( Бес томдық – алматы: Атамұра, 2002 – з т . -768 б).

ХVIII ғасырдың басында Бұхара хандығынан өз тәуелсіздігін алған Қоқан хандығының алғашқы билеушісі Шахрух би (1709-1721) болды. Ол мың (минг) руынан болатын. Бұл Ұлы жүздің байырғы мың, жүз, қырық руларының ұрпақтары саналады. Бұл рулар Ферғана аймағын жайлап, бірте-бірте өзбектенген болатын. Сонда Қоқан бектігінің негізін қалаған мың руы болса, басты халқын қай ру құрады деген сұрақ туындайды. Бұл туралы қоқандардың шығу тегі жөніндегі жан-жақты зерттеген өзбек ғалымы К.Ш. Шаниязов ХVIII ғасырдың басында жоңғарлардан ығысып, аласапыран жылдарда Ферғанаға келген қыпшақтардың орта жүзге жататынын көрсетеді және ұлы жүздің үйсін, шапырашты, үштаңбалы, сіргелі, Орта жүздің арғын (қаракесек), найман және тағы басқа руларының қыпшақтар аталып кеткенін деректер бойынша дәлелдейді (Shaniazov K.Sh. K Jemicheskoi istori uzbekskogo nfroola (Istoriko-Jemografoocheskoe issledovanie nf materialah kurhakskogo komponenta — Tashent :Fan , 1974 – 342 s).

XIX ғасырдың бірінші жартысында қазақ даласы территориялық жағынан бөлшектеніп, үш бөлікке бөлінеді. Ресей отаршылдары Кіші жүзді бодандыққа көндіріп, саяси орталығы Орынборға айналып, ел билеу жүйесін өздеріне лайықтап, өзіндік ерекшелігі бар сұлтан, правительдік билікті ендірді.
Орта жүзде де ел билеудің аға сұлтандық жүйесі бойынша ол орында әуелі төрелер тізгін ұстаса, Кенесары хандығынан кейін қара халық өкілдері билікке қол артуы – отаршылдар төрелерге сенімсіздікпен қараудан еді. Бұл кезде оңтүстік өлкесіндегі билік тізгіні Қоқан хандығы тарапынан қойылған датқалар қолында еді. Датқалық дегенді қазіргі географиялық ұғыммен айтсақ бір немесе екі ауданның халқын әрі территориясын біріктірген орталық. Оны басқаратын датқаны шахар даруғалары мен хәкімдер жергілікті қазақ руларының арасынан таңдаған. Ал оны бекіту – Ташкент билеушісінің құзырына жатқан. Датқа хандықтағы төртінші дәрежелі адам, билерден жоғары, сұлтандармен шендес, тек хан әміріне бағынышты болды.

Қазақ билерінің басты мақсат-мүддесі мұсылман елімен бірлесіп, орыс отаршылдығына қарсы тұру болатын. Оны мынадан да байқауға болады.
«Қоқандықтар Ресейге қарсы біздің қазақтарды мұсылман бауырлар ұранымен айдап салуда» – дейді (ӨРОММ, 715 қор, 1 тізбе, 14-іс 569-ы) Орынбор генерал-губернаторы Перовский. Сонымен қатар Хиуа мен Шығыс Түркістан билеушілері бауырластық туы астында патшалық Ресейдің отаршыл саясатына қарсы «ғазауатқа» шақыру туралы мәлімдемелер қордағы Орынбор генерал-губернаторлары болған Обручев, Катенин, Крыжановскийге және Батыс Сібір генерал-губернаторлары Горчаков, Гасфортқа қатысты деректерде кездеседі. Қоқандық қыпшақтардың 1850 жылғы «ғазауат» ұранына қолдау білдірген Тойшыбек, Диқанбай, Керім бидің және Сұраншы, Шымырбай батырлардың Әулиеата, Сайрам қозғалыстары туралы деректерде көрінеді.

Қоқан жасақтарының қолбасшысы Аққұл 1850 жылдың ақпанында Тойшыбек бекінісі маңында орыс әскерімен болған қақтығыста оларды тас-талқан етеді. Оның әрекеті Батыс Сібір әкімшілігін дүр сілкіндіреді. («Қазақ мемлекеттілігі және түркі әлемінің тарихи-мәдени құндылықтары» халықаралық ғылыми тәжірибелік конференция материалдары. 3-т 20-21 мамыр. Шымкент-2009).
Қоқандықтардың езгісіне шыдамаған халық әлденеше рет көтерілді. Бұл кезде Омар хан Түркістан шаһары мен Сырдарияның ортаңғы ағысына дейінгі жерлерді жаулап алды. Бұл қоқандықтарға солтүстік шекараны бекітіп, қорғандар салуға мүмкіндіктер берді. Содан Шолаққорған, Созақ, Жүлек бекіністері салынды. Сонымен ХІХ ғасырдың 20-шы жылдары Сырдарияның ортаңғы ағысынан бастап Іле, Шу өзендері аралығындағы кең алқап Қоқан хандығының отарына айналды. «…Осы кездегі және аталған мекендегі қазақтардың 150 мың отбасы құлдық қамытын киюге мәжбүр болды» (Р. Бекназаров, Оңтүстік Қазақстан тарихының очеркі ( ХVII-XIX). Алматы 1976 . 54-55 б.).
1821 жылдың қыс айларының бас кезінде Омар ханның арнайы тапсырмасымен Ташкент билеушісі Сейіт Әлібектің бастауымен салық жинау кезінде шектен шыққан қатігездікке шыдай алмаған қазақтар көтерілісі бұрқ ете түсті. Көтерілісті «Тентек төре» деген атпен танымал Рүстем сұлтан басқарды.
«Көтерілісшілер саны 12 мыңға дейін жетті» (Наливкин В.Краткая история Кокандского ханства. Казань, 1886, с.119).

Көтерілісшілерге қарсы Омар хан он екі мыңдық жасақталған мыңбасы Әбілғазы аталық басқарған, көпшілігі таулық, жалдамалы тәжіктерден тұратын әскерін көтерілісшілердің ошағы Сайрамға аттандырды. Қоқандықтарға қарсы Тентек төре он мыңдай қолды Шымкентке, қалғанын Сайрамға орналастырды. Көтерілісшілер жан аямай шайқасқанымен қаруланған Қоқан әскеріне төтеп бере алмай, жеңіліс табады. Сайрамдағы шайқаста Шымырбай, Биболат, Тоқабай алғаш рет соғыс ортасына түседі. Шымырбай бұл шайқаста ерен ерлік көрсетеді. 26 жастағы қылшылдаған берен ер талай қоқандықтарды қылыштың жүзінен өткізеді. Бұл қанды қырғында қаншама қазақтың боздақтары опат болады. Осынау соғыс оты Шымырбайдың өмірге деген көзқарасын өзгертеді. Шымырбай 13-14 жасынан қара күштің иесі екендігімен де атырапқа танылған. Той-жиындардағы көкпар тартыстарында өзінен үлкен ауыл жігіттерін тақымындағы серкесімен қоса алдына өңгеріп әкетіп жүрген Шымырбайға жұрт сүйсінетін. Күшімен қоса оның әділеттілігі мен жайдарлылығын да жұрт құрметтейді.

ДАТҚАЛЫҚ БИЛІК

ХІХ ғасырдың басында Қазақтың күнгей даласындағы саяси ахуал мүлдем басқа арнамен дамыды, Оңтүстік өлкесі Қоқан хандығының экспансиясына ұшырады. Датқалық билік дәуіріндегі уақиғаларды түсіну үшін ХІХ ғасырда бұрынғы Түркістан өлкесінде туған әдеби мұралардың басты қаһармандығына айналған датқалар мен би-шешендердің өмірі, қоғамдық саяси орны мен сол кезеңдегі геосаяси мәселелері, билік тізгінін ұстаған «датқа» атауының мағынасын нақты білмек керек. Себебі датқа дегеннің кім екенін жастар ғана емес оқыған азаматтарымыз да біле бермейді. Қоқан хандығына қараған қазақ билеушілерінің ең жоғары шені «датқа» деп аталады. Датқалар – бұрынғы көшпелі ел билігіндегі билер институтының мәртебесі ретінде бірден қабылданғандығы байқалады. Датқалық билік көшпелілерге ғана емес, қырғыз, қыпшақ, өзбек, тәжік, тіпті қашқарлық билеушілерге де берілген атақ.

Мәселен, қыпшақ Әбдірахман, Тұрғынбай, қырғыз Әлімбек, Құрманжан, қазақ Қошық, Шойбек, Момынбек, Батырбек, Сапақ, Шоқай, тәжік Шәди секілді датқалар аса беделді саналған. Ал оңтүстік қазақтарының билеушілері – датқалар бір-бір рудың беделді басшылары, ел билеушілері болған.
Датқалық билікке ие болған тағы бір тарихи тұлға – Жаныстан шыққан Шымырбай болатын. Өз руы мен бекітілген аймағы үшін датқа әрі би, әрі қолбасшы боп та саналған. Олар «У ішсең руыңмен» қағидасын ұстаған, ру жауапкершілігіне қатты мән берген. Кейінгі зерттеулер көрсеткендей, қазақтарға «датқа» атағы Омар ханның Түркістанды алу кезеңінен, 1814 жылдан бастап берілгендігі анықталады. «Датқалық лауазым ең алғаш 1229 (1814) жылы қазақ ішіндегі жаныс Шойбекке, Қоңырат Бесбайға, шанышқылы Қошыққа, құрама Алдиярға, қаңлы Жасамысқа, адай Құлбекке, сарт Иғайыпқа, өзбек Әбдірахманға беріліпті. Әркімнің тұсына жас мөлшері жазылыпты. Молда Қошық он сегіз жасында, Шойбек елу төрт жасында, Алдияр жетпіс бес жасында датқа болған» (Халық ауыз әдебиетінен жиналған материалдар бойынша алынып отыр).

Қоқан хандығының ел билеу дәстүрі бойынша қазақ даласынан әр ру басылардан датқалардың мынадай тобы сайланып еді. Олар рудың тұтқасы, бедел-абыройы биік, ділмар шешендер болатын. Жаныстан – Момынбек, Шойбек, сиқымнан – Қожабек батыр, шымырдан – Жампаз, Байзақ, қоңыраттан – Қоныс, ошақтыдан – Сапақ, ыстыдан – Шоқай, сіргеліден – Қозыке, Пошан. Осылардың қатарында айтылатын біртуар тұлға – жаныстан шыққан Шымырбай датқа. Шымырбай Тентек төре көтерілісі жеңіліске ұшыраған соң елге қайтады. Осы кезде ел аралап жүрген, елге танымал бола бастаған Момынбек датқа Шымырбайды бірлесе қызмет істеуге шақырады. Оны көптеген қазақтың игі жақсыларымен таныстырады. Бұлардың негізгі мақсаты мұсылман елін біріктіру және көркейту болатын. Шымырбай 1827 жылы датқа атағын алды. Ол Сайрамнан жоғары қоныстанған Түгелбай, Данай, Құдайбақ, Тоқпақ, Қуандық аталарына билігін жүргізіп, қоқандықтардың алым-салығын азайтуға күш жұмсады. Момынбек датқамен бірлесіп қоқан билеушілермен мәмілегерлік саясатын жүргізе бастайды. Бұл жерде Қоқан хандарына Момынбектің сөзі өтеді. Тәшкенттің бектері де Момынбекпен санасатын.

Қазақтар мен қоқандықтар арасындағы қарым-қатынасқа 1832 жылы сұлтан Сүйік Абылайхановтың Омбы облысының губернаторына жазған хаты сызат түсірді. Ол хатта бұлай делінген болатын: «Рүстем сұлтан жаныс болысында халықтан өз білермендігімен салық жинап жүрген қоқан дуанбегі Құдайбердінің адамдарын өлтіреді. Олардан 56 адам өледі, бұлардан 4 адам ажал табады. Содан олар жылжып Қарқараға қашады. Күшбегі дуанберді Құдайберді 300 адаммен оңтүстіктегі ауылдарды тонап, салық жинайды. Оған қарсы жергілікті тұрғындар талайы рет қарсылық көрсетеді. (АВПР. ф.Гл.архив, 1-9 д.4. л. 1072-1075).

Мұнда аталып отырған Рүстем сұлтан Төле бидің баласы Қожамжардың қызынан туған болатын. Сондықтан да ол жаныстарға жапа шектіріп отырған қоқандықтарға аяушылық жасамады. Осы болған уақиғаны желеу еткен қоқан бектері Момынбек пен Шымырбайға сенімсіздік таныта бастады. Сонда да болса бұлар Қоқанның хан бектерімен дипломатиялық тұрғыда тіл табысып, сөз байласып, ел мүддесін асыруға тырысты. Әр рудың қонысын, жайлауын шегендеуге атсалысты. Шымырбайдың датқалық қызмет атқарған ұрпақтар қолында сақталған мөрі де айғақтайды. Кейде Қоқан ханы немесе бектер бегі жарамсақтанған, «ләппайланған» кейбір билеушілерді де датқалыққа көтеруді солар арқылы ру араздығын да қоздырып отыруды ұмытпаған. 1841 жылы Бұқар хандығы мен Қоқан хандығы арасындағы Ташкент үшін тартыс болып «…Аталық жарлық етіп ерлігімен танылған шанышқылы қазақтарын көрші ауылымен қоса қала атырабына қондырып, басшыларына шапан-шарқы жауып, жігіттеріне ат құрау беріп, халқын «қыл-құйрық» етіп шығарды («Қыл құйрық» қатқа мінуге жарамды еркектердің бәрін жаппай майданға шығару). Оны әуелден Әлім хан шығарған, соңынан Омар хан үш еркектің бірі әскер қатарында болуға тиіс деп жар салып, жарық шығарған. Бұл жарлыққа қазақтар мойын ұсына қоймады. Халық тілегін қоштаған Шымырбай датқа да бұл өктемдікке төзе қоймады. Шымырбай датқаға сөздері өте қоймаған қоқан бектері одан өш алудың яғни жазалаудың шараларын қарастыра бастады. Өзіне деген өшпенділікті сезінген Шымырбай да сақтық шараларын қарастырады. Ол қоқандықтардан ат құйрығын толық үзуді ойлады. Бұл ойын қазақ датқалары мен билеріне де жеткізеді.

1844 жылы Алатау баурайындағы Сайрамсудан шыққан көш Көсегенің көк жонына, Биліккөлге жетті. Көкбастау, Құртты бастау, Жыланды, Берікқара, Амансай аталатын жерлерге ағайындарын қоныстандырды. Өзімен бірге қалған туыстарын кейін Шымырбай сайы аталған сайға орнықтырды. Қоқандықтар өз айтқандарына жүрмеген Шымырбайды жазалаудың әрекеттерін жасай бастады. Оны басқа датқа билерімен өштестірудің құйтырқы жолдарын да қарастырып жатты. Қоқан бектері Шымырбайды бірнеше датқа, билермен қатар мәмігерлік жасаймыз, арыздарыңды тыңдаймыз деген жалған сөзбұйдамен Ташкентке шақыртады.
Шымырбай жолға шығады. Манкентке келгенде оның алдынан бір жас жігіт шығып, тоқтатады. Ол өзінің Ташкент беклер бегінде қызмет жасайтынын, сіргелінің Жексен есімді жігіті екенін айтып таныстырады. Сонымен қатар бұларға қақпан құрылып жатқандығын, егер Шымкентке барса ұсталып жазаланатынын, сондықтан кері қайтқанының оң болатынын ескертіп, түсіндіреді. Жанашыр жанның айтқанына тоқтаған Шымырбай оған рақмет айтып елге қайтады. Қоқандықтардан тыныштық болмайтынын аңдаған Шымырбай Сұраншы, Саза, Андас, Сыпатай, Белқожа батырлармен тізе қосып, жауларына қарсы тұруды оң санайды. Алайда Шымырбайдың да ішкі есебі, өз мүддесі болғандығы жасырын емес. Біріншіден, елін Қоқан хандығының бодандығынан айырып алуға сол тұстағы Саурық, Сұраншы, Сыпатай, Бөлтірік т.б. батырлардың күш-қуаты жеткіліксіз еді. Екіншіден, Қазақ елінің шығысы арқылы Ресей әскерлері Жетісуға ене бастады, сөйтіп, көрікті жерлерде орыстар мен қоқандықтар бекіністер, әскерге қалашықтар салды. Жергілікті халықты сансыратты. Осы тұста ұлт тәуелсіздігін ту еткен Кенесары хан да ақ патшаның тегеурініне шыдамай, Жетісуды пана тұтқан еді. Оны Досқожа ақынның:
Қоныстар аумақ болсаңыз,
Жіберіңіз тез хабар.
Жоғары Дулат өр ауыл,
Саза, Саурық ерлер мен
Байзақ батыр Бөгенге,
Шымырбайдай беренге.
Бекіредей басын тасқа сабаған,
Арнаға түскен аюдай,
Қайғымен іші жараған.
Байзақ неге тоқтасын,
Сіз көшемін дегенде?! – деген өлеңінен Шымырбай датқаның Арқадағы ағайындарға да белгілі батыр болғанын білеміз.

Шу өңіріне келген Ағыбай батыр алғаш рет жаныстар елінің датқасы атанған беделді би Шымырбайды арнайы іздеп келеді. Арқадан Жетісуға ауған Кенесары ханның мақсат-мұраттарымен таныстырады. Ағыбайдың талап-тілектеріне ыстының батыры Бұғыбай да қосылады. Мәміленің соңы қырғыздармен бірлесіп, Қоқан мен Ресей басқыншылығына қарсы тұру болады. Қырғыздар Кенесарының жазған хаттары мен жіберген елшілерін қабыл алмады. Қайта қазақ ауылдарын тонап, малдарын барымталап, тыныштық бермеді. Қарымта ретінде қазақтар да қырғыздардың жылқыларын барымталап, айдап кетіп отырды. Мұның арты үлкен соғыс майданына әкелді.

Шымырбай 1846 жылы күзде шұбыртпалы Ағыбай батырдың ағайын қарындасына үйленді. Бұл қуаныштың басы-қасында Ағыбай батыр бірнеше сарбаздарымен бірге болады. Ағыбай Шымырбайды аға тұтты. Бірде Кенесары әскері қырғыздың қосшы руын талқандап, Қалша биді қолға түсіреді. Жеңісті жорықтың басында Ағыбаймен қатар Шымырбай да болады. Кенесары Қалша биді 200 адамымен қайтарып, Жантай мен Орманға бірге болуға шақырады. Оған қырғыз манаптары келіспейді. Ағыбай мен Шымырбай батырлар Кенесары ханға: «Осы қырғыздармен соғысына үйренген, таудағы жердің жайын жақсы білмейміз және сарбаздар да шаршады» дегенде, Кенесары оларға «Е, сендер қартайған екенсіңдер» деп айтқандарына көнбей тауға қарай жорық бастауды ысты Бұғанбай батырға артады.
Кенесарының соңғы шайқасы Бішкек қаласына жақын Кекілікті тауында болады. Оның әскерлері қырғыздар «Қанды жер» деп атаған Шу өзенінен бір шақырым жердегі Майтөбе жазығында тұрды. Солтүстік-шығысында «Қасиетті көбе» – Кекілік тауы, батысында – Қарақоныс жазығы жатыр. Осы алқап екіге бөлініп, бірі – Алмалысай, екіншісі Сауылман жазығы аталады. Бұл ағайын халық арасындағы қанды соғыста Кенесарының әскерінің жеңіліс табуына Рүстем мен Сыпатайдың қатысы және жазығы жоқ. Шын мәніне келгенде әскерді аман сақтау үшін Кенесары бұл жерлердің ой-қырын жақсы білетін Сыпатайға тасырма беріп, оларды қырғыннан аман алып шығуды тікелей өзі ұйғарым жасайды. Кенесары, Наурызбай бастаған батырлар жаудың Сыпатай бастаған сарбаздар қырғыздар келе қоймас деген жолмен батпақты жерлерден түнделете өтіп, жазыққа шыға бастайды. Олар қиядан тұрып садақ оғын жаңбырша жаудырады. Аман қалғандар жан-жаққа қашып үлгереді, ал соңғы лек торуылға тап болып, талай боздақтар опат табады. Артта қалған Ағыбай, Шымырбай батырлар бастаған санаулы адам жау қоршауын бұзып шығады. Қазақтар үлкен шығынмен жеңіліске ұшырады. Кенесары бастаған қазақ-қырғыз соғысында жаныс пен шымыр жігіттері арасында шығын көп болған. Жараланғаны, қолға түскендері де аз емес. Осы шайқаста ерен ерлік көрсеткен Шымырбай батыр туралы Балта ақынның:
Дулаттан шыққан Шымырбай,
Соғады дауыл құйындай
Мыңға жалғыз шабатын,
Айылы еш жиылмай! – деген жыры осы Кекіліксеңгір қырғынына байланысты айтылған.
Шымырбай елге келсе әйелі жоқ. Ағайын ағалары алып кетіпті. Яғни батырды соғыстан оралмайды десе керек. Әйел екіқабат кезінде кеткен. Адуынды Шымырбай «кеткен қатын өзі келсін» деп мінезге салып артынан іздеп бармаған.
2015 жылы менің ұйымдастыруыммен Шымырбай батыр ұрпағы Пернебек ағаның бастауымен бабаның құрсақта кеткен баласынан бір хабар табармыз деп Жаңаарқа ауданын шарлап, бірнеше ауылда болып сұрау салып іздестірдік, бірақ қуанышты хабар ала алмадық. Әлі де үміттіміз. Ұл ма, қыз ба одан бүгінде ұрпақтар тарап отырғаны айқын ғой. 1960 жылдары Жамбыл облысының малы Арқада көктемнен күзге дейін болып қайтады екен. Жамбыл ауданына қарасты «Қаракемер» совхозының малшылары Атамқұл, Спан қариялар Арқа жерінде Арғынның шұбыртпалы руының адамдарынан Шымырбай деген батыр бабамыз болған деген әңгімені естіп елге айтып келеді. Өкініштісі, дер кезінде іздейтін, сұрайтын жан болмаған, күнде ертеңмен соңы аяқсыз қалған.

…Қазақ-қырғыз арасындағы соғыс аяқталғанымен қоқан, орыс тараптарынан да қауіп артып, шиеленіс өрши түскен болатын. Ел сұрқай өмір кешіп жатты.
Қазақтың батырлары мен билері сол дәуірдегі жағдайды сараптай отырып, Ресей өкіметімен одақтасудан басқа дұрыс жолдың жоқтығын түсініп, оларды ел мүддесі үшін пайдалануды дұрыс көріп, олармен келісімдер жасай бастады.
Сұраншы, Шымырбай бастаған сарбаздар орыс әскерлерімен бірге Тойшыбек бекінісі маңында, жеңіске жетті. 1851 жылы орыс жасағымен қосылып Орман ханның 2 мың қолына тойтарыс беріп, тас-талқан етті.
1852-1853 жылдары Қоқан ханының әскері Тілеуқабыл руын шауып, мал-мүлкін талан-таражға салды. Сұраншы, Саурық, Шымырбай батырлар 300 қолмен оларды Қопада қуып жетіп, ел кегін қайтарды. 1853 жылы Аңырақай алқабындағы Дулат еліне қоқандықтар шапқыншылық жасап, тонаушылық жасағанда Саурық, Дәуқара, Андас және Шымырбай бастаған шапырашты, жаныс, сиқым, ботбай қолы елді жаудан азат етіп, қоқандықтарға қырғын салды («Батыр бабалардың сара жолы» Шымкент – 2021. 1+87-б).
Шымырбай батырлығымен қоса, шешендігі, адалдығы мен аңғалдығы, жауапкершілігі бар адам болған. 1892 жылы көктемде Сұраншы батыр мен генерал Г.А.Колпаковский Қордай тауының бергі жағындағы Сұлутөр алқабында Ырғайты өзенінің жағасында отырған Дулат Қасқарау елінің биі, дарынды шешен Ноғайбай Дәулетбайұлының үйінде кездеседі. Сұраншының Шаян, Бөлтірік, Сыпатай, Шымырбай, тағы басқа серіктері болады.
Бұл жолы Жетісу, Әулиеата қазақтарының, оның ішінде Шапырашты, Дулат елдерімен Ресей мемлекеті арасындағы кейбір түйінді жайлар әңгіме болады. Сонымен қатар қоқандықтарды Жетісу, Әулиеата жерінен біржола қуып шығу мәселесі талқыланады. Міне, осынау жиында Шымырбай да өткір ойларымен танылғаны хақ.
Шымырбай батыр өзінің бар күшін оңтүстік қазақтарын қоқан езгісі мен қырғыз шапқыншылығынан құтқаруға арнады.
Саналы өмірі ат үстінде, елін, жерін қорғаумен және басқыншы жаумен шайқаста өткен даңқты батыр Шымырбай Асанұлының аты ел арасына аңыз болып кеңінен тарап кеткен. Қазақ халқының атақты батыры Шымырбайдың ерлік істері жайында оның әрі замандасы, әрі үзеңгілес жолдасы атақты ақын Балта Дауылбайұлы, жыр алыбы Жамбыл, атақты айтыс ақыны Қазанғап Байболұлы жыр шумақтарына арқау еткен. Шымырбай датқа, атақты батыр 1878 жылы 82 жасында қайтыс болып, денесі қазіргі Әбдіқадыр ауылының оңтүстік шығысына қойылған.
Қазақ тарихындағы саналы ғұмырында ұлт тұтастығына қызмет етіп, ел үшін, жер үшін жанын қиған батырларды қанша дәріптесек те артық болмайды.
Ұлттық идея – ұлттық сипаттан, ұлттық рухтан, ұлттық жанашырлықтан туындайтыны белгілі. Сондықтан әрдайым батырлардың ерлігіне тағзым етіп, келешек жастарымызды тәрбиелеуіміз – біздің басты міндетіміз екенін ескергеніміз жөн.

Мұхитхан Миразов,
«Қазақтану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарихшы-этнолог.

Шымкент қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support