Талдыбұлаққа ауыз су келді
Талдыбұлаққа ауыз су келді
Жамбыл ауылдық аймағының Талдыбұлақ бөлімшесіне «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында ауыз су жеткізіліп, облыстық мәслихат депутаттары Г.Тілеубердиева мен С.Қалманбетовке аманат етіп жүктелген түйткілді түйін шешілді. Тараздық «Сапатұрмыс-Амантай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жаз бойы жүргізген жұмыс нәтижесі ойдағыдай. – Облыс көлемінде он бір жылдан бері таулы-қыратты аймақтарда бұрғылау-геодезиялық жұмыстарын жүргізіп жүрміз. Біз өз еңбегіміздің жемісін жер бетіне шымырлап таза су шыққанда ғана көреміз. Онда да ол сараптамадан өтіп, «жақсы» деген баға алса... Осы жолы Талдыбұлақтың суына сарапшылар өте жоғары баға берді, – дейді серіктестік директоры Сапарбек Садықов. – Қазір екі ұңғы қазылған. Оларға қуатты сусораптар қойылды. Талдыбұлақтықтар қуанышына аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов та ортақтасып, «сапалы су сарқылмасын» деген тілегін арнады. Ауыл қариясы Мұрат Маятқадаев Елбасының халыққа қамқорлығына ризашылығын білдіріп, елді мекенге көгілдір отын да келгенін, халықтың жағдайы бұрынғыдан да жақсарғанын айтты. Енді Талдыбұлаққа баратын жолды жөндеу мәселесі кезекте тұр.
Сейсен Қожеке,
«Ақ жол».
Меркі ауданы.